13-дәрі тезисі Неміс романтизмі


Неміс романтикалық әдебиетінің үшінші кезеңі



бет4/4
Дата20.09.2023
өлшемі25,2 Kb.
#108983
1   2   3   4
Байланысты:
13-дарис ААТ

Неміс романтикалық әдебиетінің үшінші кезеңі. 1814 жылдан кейінгі жылдарды Герман әдебиетіндегі үшінші кезеңге жатқызамаз. Осы уақыттың ірі суреткерлері А.Гофман, А.Шамиссо, Г.Гейнелердің туындылары жаңа дәуірмен үндесіп жатты. Романтизм өкілдері заман шындығына сын көзімен қарап қана қоймай, әлеуметтік қарама-қайшылықтарға қарсы батыл пікірлер айта бастады.
Неміс романтизмін жоғары сатыға көтеруге зор үлесін қосқан тұлға – Э.Т.А. Гофман. Оның туындылары әлем жұртшылығына танылып, О.Бальзак пен Ч.Диккенс, Н.Готорн мен Э.По, Н.Гоголь мен Ф.Достаевский сынды белгілі суреткерлердің шығармашылық шеберлігін шыңдаудағы ықпалы айтарлықтай. Гофман әсіресе Ресейде танымал болды. В.Белинский оны «ұлы, кемеңгер суреткер» деп атаса, Герцен оған терең мағыналы, ықылас-ілтипатқа толы мақаласын арнайды.
Ол әдебиеттегі бұрынғы романтиктердің озық ойларын дамыта отырып, бір орнында тұраламай, алға ұмтылады. Сол ғасырға тән ұсақ қытымырлықтың, жеке бастың дағдылы әрекетінің қауіптілігін баса айтып, тоғышарлық баянсыз болмыстың бет-пердесін ашып көрсетеді. Гофманның романтикалық мысқылы дүниенің кемеліне келмеген, келеңсіз жақтарын барынша көрегендікпен сынға алып, соңын ащы сатирамен ұштастырып отырады.
«Калло мәнеріндегі қиял» жинағына «Алтын құмыра» («Золотой горшок») атты жаңа заман ертегісі енген. Бұл туындысында автор ертегілік әлемді бүгінгі күннің шындығымен астастырып, өзіндік бір жаңалықтың бетін ашады. Оқиға сахынасының орталығына Дрезден қаласы алынып, оның барлық көшелері мен демалыс орындары ертегіге араластырылады. Ал, басты кейіпкер тіпті ертегілік тұлға емес – жай ғана студент. Жұпыны ортадан шыққан ол қағаз көшірумен айналысып, күнін көреді. Оның өмірде жолы болмай, сәтсіздіктерге жиі ұшырайды. Соған қарамастан үлкен қиял иесі, ішкі дүниесінде ол ақын, қиыншылыққа мойымайтын қайсар да талапты жан. Талапкер ақын мен ақиқат өмірдің арасындағы қақтығыс ертегінің басты лейтмотиві болып табылады.
Кейіпкер Ансельмнің арманы өз ортасында қомақты бір орын алу, шексіз бостандық пен бақытты тұрмыс құшағында өмір сүру. Міне осы жерде шынайы тұрмыс пен асқақ поэзия бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Тұрмыс билігі – шенеунік Пульманның қызы, үлде мен бүлдеге оранған Вероника бейнесі арқылы берілсе, поэзия билігі – алтынды-жасылды келген жылан Серпантин арқылы суреттеледі. Бұл туындысында Гофман сан алуан фантастикалық күштермен (өлі затқа жан бітіру) одақтаса отырып, қайырымсыз, еңсені басар тұрмыс тауқыметіне өзгеше күшті – ақындық қиялдың ертегілік әлемін қарама-қарсы қояды. Образды қарама-қарсылық мәнде жасау суреткердің романтикалық көркемдік әдістерінің ерекше қырларының бірі. Осыдан барып гофмандық ерекшеліктің белгісі – «қосдүниелік» әлемнің туындауына әкелді.
Гофманның 1815-1822 жылдары «Шайтанның шипасы» («Элик-сир Сатаны») /1815-16/, «Серапионовтық бауырлар («Серапионовы братья» /1819-21/, «Мур мысықтың тұрмыстық көзқарастары» (Житейские возрение кота Мура) /1820-22/ сынды тамаша романдарымен қоса көптеген әңгімелері, хикаяттары, аңыздары, новеллалары жарық көрді. Бұл шығармаларында кейінгі романтизмнің барлық қадір-қасиеті бір арнаға тоғысқандай.
Ұсақ герман князьдықтарының сатиралық бейнесі неміс романтиктерінде, әсіресе Гофманда, өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді. Жымысқы заманның масқара да күлкілі жайлары көбіне терең мысқылмен беріледі. Оның шығармашылығының тағы бір қыры – суреткер және қоғам, адам және қоғам деуге болады. Гофман сомдаған сазгер, суреткер және ақын бейнесі тамаша романтикалық ойлардың қайталанбас көркемдік ерекшелігі. Ол әдебиетке романтикалық қаһарманның жаңа типін әкелді /Крейслер т.б./.
Өмірінің соңғы сегіз жылында Гофман Берлин қаласында мемлекеттік сот қызметін атқарады. Сол кезеңдегі мемлекет, сот құрылымындағы келеңсіз жайлар, оның шығармашылық көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Ендігі жерде ол эстикалық сынның орнына саяси бояудағы өткір сынды құрал етіп алады. Бұл үрдіс әсіресе Гофманның «Ергежейлі Цахес» (Крошка Цахес») /1819/ атты ертегісінде айқын аңғарылады. Шығармадан өте жексұрын, тұрпайы жанның сыйқырдың күшімен басқалардың еңбегі мен рухын иемденуін көреміз. Бейшара тірлік иесі үш тал алтын шаштың арқасында көпшіліктің жалған «құрметіне» бөленіп, өзіне табындырады, тіпті министрдің орындығына отыруға дейін барады. Цахестің оңбағандығын автор көркем тілмен әсірелей жеткізеді. Ол Цахестің бұрқылдап сөйлеген, мысықша мияулаған, итше арсылдап тістелеген ақымақтығын шебер суреттеп, оқырманды бір уақыт күлкіге кенелтсе де, бір жағынан өте қауіпті биліктің иесі екендігін ескерткендей.
Гофманның романтикалық әдісінің ерекшелігі басқа әріптестеріне қарағанда өмір шындығының келеңсіз жақтарын нақты түрде бейнелеп, оның даулы тұстарының тарихын ашып беруінде жатыр. Оның ирония, сарказм, юморға толы шығармашылығы сыншыл реализмге жол ашты. Мәселен, «Ергежейлі Цахес» оқиғасы ертегілік әлемінде болса да, автордың түпкі мақсаты, сол кезеңдегі ұсақ герман княздықтарының тоғышарлық, жексұрын іс-әрекеттерін әшкерелеп көрсетуінде екенін аңғарамыз.
Гофманның ең ірі, шығармашылық қорытынды еңбегі – «Мурр мысықтың тұрмыстық көзқарастары» (Житейские воззрение кота Мура)/ атты романы. Аяқталмаған бұл туындысының бірінші томы – 1819 жылы, екінші томы – 1821 жылы басылып шықты. Автор мұнда өзінің романтикалық кейіпкері Крейслерге тағы айналып соқса да, романдағы басты роль үйретілген мысық Муррдың еншісіне тиеді. Муррдың өмір тарихын жаза отырып, капельмейстр Крейслердің тағдырына аракідік тоқталады.
Автор мысық өмірінің сан қырлы жақтарын, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасын, шынайы көзқарасын бейнелей отырып, дворяндық қоғамның күреңсіз келбетін, солардың сайқымазақ қылықтарын келемеждеген.
Өмір шындығын жан-жақты қамтыған, қоғам мен қоршаған ортаның жағымсыз жақтарына ымырасыздығын қалыптастырған суреткер күресін көрсететін Гофманның осындай туындылары, неміс романтикалық әдебиетін биік белестерге көтерді.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Неміс романтизмінің қалыптасуына себеп болған алғышарттар.
2. Романтизмнің негізгі кезеңдері.
3. Иендік мектеп өкілдері туралы айт.
4. Гейдербергтің мектеп өкілдері және олардың романтикалық идеялары.
5. Неміс романтизмінің соңғы кезеңінің өкілдері.

  1. А.Гофманның өмір сүрген жылдарын айт.

  2. Жазушының романтикалық әдісі.

  3. Гофмандық «қосдүниелік» әлемін қалай түсінесің?

  4. Гофман романдарының басты тақырыбы.

  5. Гофманның неміс әдебиетіндегі орны.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет