Неміс романтикалық әдебиетінің екінші кезеңі. Гейделбергтік мектеп. Неміс романтизмінің екінші кезеңі 1806-1815 жылдар аралығындағы Германиядағы ұлт-азаттық қозғалыспен тұстас келіп, халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына өз ықпалын тигізді.
Наполеон басқыншылары Германия жерінің басым бөлігін жаулап алды. Осы кезеңде Гейдельберг университетінде топтасқан романтиктер, басқыншыларға қарсы халықты ұлт-азаттық күреске үндеуге тырысты. Олар бұған қарсы құрал ретінде халық тағылымына жүгіне отырып, ұлттық рух пен патриотизмді оятарлық, тарихи тақырыптағы туындылар мен поэзиядан нәр алды.
Гейдельберг романтиктерінің басы-қасында: Клеманс Брентано (1778-1842) мен Людвиг Ахим фон Арним (1781-1831) тұрды. Екі дос Германияда елең алған халық туындыларының бай мұраларын жинауды жалғастырып, 1806-1808 жылдар аралығында «Сиқыр мүйізді бала» («Волшебный рог мальчика») атты халық әндерінің жинағын жарыққа шығарды. Кейіннен неміс фольклорының аса құнды ескерткіші ретінде бағаланған бұл жинақ көптеген ақынға рухани серпіліс берді. Қос ақын халық туындыларын өз електерінен өткізе шыңдаса да, жинақтағы өлеңдердің түпкі мән-мағынасын сақтай отырып, қарапайым да барша жұртқа ұғынықты көркем мұра түрінде оқырман қауымға ұсынған.
Бұл кітапқа атақты Гете мен Гейне де жоғары баға беріп, кейбір тақырыбы мен оқиға желісін, тіпті кейіпкерлерін өз шығармаларына арқау еткен. Гете: «Бұл өлеңдер өмірдегі барлық поэзия атаулыдан шынайы және таза поэзия»,-деп атап көрсеткен. Сайып келгенде «Сиқыр мүйізді бала» оқырманға көне неміс лирикасының асыл қазынасын ашып қана қоймай, жаңа поэзияға жаңашыл ырғақ бере білді.
Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауда ағайынды Гримдердің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Якоб (1785-1863) және Вильгельм (1786-1859) Гримдер – көрнекті әдебиетші-ғалымдар. Олардың тілдің тарихы, неміс грамматикасы, заң, мифология және тарих жайлы жазған еңбектерінің маңызы өте зор. Дегенмен олардың есімдерін әлем жұртшылығына танытқан, 1812-1822 жылдар аралығында ел аузынан жинап бастырған «Балалар мен үй іші ертегілері» («Детские и домашние сказки») жинағының шоқтығы биік тұр. Үш томнан тұратын бұл еңбек екі жүз ертегінің басын құрайды.
Гримдердің ертегілері үш топқа бөлінеді. Олар, қиял-ғажайып («Рапунцель», «Үш жыландық жапырақ», «Бұрқасын ханым» т.б.), жануарлар жайлы («Қасқыр мен жеті лақ», «Бремендік музыканттар» т.б.), тұрмыстық («Гензель мен Гретель», «Шаруаның ақылды қызы» т.б.) ертегілер.
Осы ертегілердің көпшілігінде өмірдің келеңсіз жақтарымен күресте жеңіс тұғырынан әр уақыт еңбекқор, тапқыр, төзімді, адал, батыл және мейірімді кейіпкерлер көрінеді. Аңыздардағы халық талғамына сай осы кейіпкерлер қиыншылыққа, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға үнемі қол ұшын беріп, көмекке асығады. Батыл да жанкешті жауынгер, еңбекқор шаруа, қолөнер шебері халық өнегесінің айнасы іспетті. Ағайынды Гриммдердің жинағы көптеген халықтар тіліне аударылып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймаған, әлем халықтарының сүйіп оқитын туындыларының біріне айналды.
Германиядағы ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінің ірі тұлғаларының бірі белгілі прозайк және драматург Генрих Клейст(1777-1811) болып табылады. Оның шығармашылығы неміс романтикалық әдебиетінің үлкен ордасына баланады. Жазушы жас шағынан бастап прус әскери ортасымен тығыз байланыста өсті. Пруссияның Наполеоннан күйреуін Генрих трагедияға балап, өз шығармаларының көпшілігінде сезім тебіренісіне жиі берілген. Осыған орай оның туындылары көбінесе өткір трагедиямен үндесе келеді. Тіпті оның 1806 жылы жарық көрген «Сынған құмыра» («Разбитый кувшин) атты жалғыз комедиясының өзінен трагедияның лебі есіп тұр.
Клейсттің белгілі трагедиялық туындылары – «Шроффен-штейн жанұясы» (1803), «Пентезилея» (1908), «Гейльброндағы Кетхен» (1810), «Гамбургтік ханзада» (1811) т.б. басты кейіпкерлері батыл мінезді, жігерлі болып келіп, соңғы сәтке дейін арпалысса да, ақыр-аяғында трагедиялық күйді бастарынан кешіреді.
Ал, прозалық шығармаларының ішінде «Михаэль Кольхаас» (1810) атты повесі ерекше аталады. Мұнда феодал фон Тронка мен бүкіл мемлекеттік құрылым әділетсіздігінің құрбаны болған ат сатушы Кольхаастың өмір тарихы баяндалады. Туындыда жеке бастың тағдыры халық тағдырымен сабақтаса, феодалдық құрылысқа қарсы шығып, әділдік үшін айқасқа түседі.
Сонымен Клейст өзінің өміршең туындыларында алған беттерінен қайтпайтын, қайсар да әділдік жолында өлімге дейін басын тігетін батыл кейіпкерлерді шебер сомдай отырып, шығармаларын неміс романтикалық әдебиетінің озық үлгілеріне айналдырды.