Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». 1.Мидия, Лидия, Вавилония және Египетті басып алған парсы патшасы Кир ендігі кезекте өзіне көмектескен сақ жеріне көзін алартады. Кең далада емін-еркін жүріп өскен сақтардың күш-қуатын білетін Кир массагеттер жерін айламен өз қарамағына өткізуді қарастырады.
2. Бұл кезде сақ патшасы қайтыс болып, елді оның жесірі Томирис басқарып тұрған еді. Осы сәтті жақсы пайдаланғысы келген Кир елшісі арқылы Томириске құда түсіп, әйел қылып алғысы келетінін білдіреді. Бірақ Томирис Кир өзіне емес, массагеттер патшалығына құда түсіп отырғанын түсініп, оның ұсынысынан бас тартады.
3.Тарихи аңыздарға қарағанда, Кир Томиристің жауабына қанағаттанбай, әскерлеріне жарлық беріп, соғысқа дайындала бастайды. Жауынгерлеріне қажетті азық-түлік, қару-жарақ өткізу үшін Аракс (қазіргі Арыс немесе Сыр өзені болуы мүмкін. - А.Ә.) өзеніне көпір салуға құрылысшыларына әмір береді. Өзенге көпір салынып, жеріне қауіп төнгенін сезген сақ патшасы:
–Мидия патшасы! Сен өз патшалығыңды билеп алсаң да жетеді. Біздің жерге көзіңді тікпе. Соғыспай-ақ қояйық. Ал бұл айтқанға көнбесең, көпір салып әуре болмай-ақ қой. Егер сақ жерінде соғысқың келсе, біз үш күндік жерге шегінейік. Сендер еш алаңсыз өзеннен өтіп алыңдар. Оған да көнгің келмесе, онда сендер үш күндік жерге шегініңдер, біз сендердің жерлеріңе өтіп, сонда соғысайық, - деп елші арқылы сәлем айтады.
4.Уәзірлерімен ақылдаса келе Кир сақ жерінде соғысуды қалайды. Томирис айтқан уәдесі бойынша үш күндік жерге шегініп, парсы әскерлеріне Аракс өзенінен өтуге мүмкіндік береді. Бірнеше күндерден кейін парсылар мен сақтардың барлаушы топтары кездесіп, қиян-кескі арпалыс басталады. Қайшыласқан айқаста Томиристің ұлы Спаргапис бастаған сақ жауынгерлері жеңіске жетеді. Бірақ бұл уақытша жеңіс еді. Спаргапистің ержүрек сарбаздары парсы әскерлерінің аз ғана тобымен қақтығысқан болатын.
5.Алғашқы жеңісті тойлап отырған Спаргапис әскерінің үстіне Кирдың негізгі қолы келіп, көбін қырып жіберіп, біразын тұтқынға алады. Тұтқындардың арасында Спаргапис те бар еді. Мұны естіген Томирис шұғыл түрде Кирга елші жіберіп:
–Мидия патшасы! Сен мына болмашы жеңісіңе мақтанба! Сендер ашық айқастан қашқақтап, менің ұлымды айламен алдыңдар. Кир, енді сен менің ақылымды тыңда. Тұтқынға түскен ұлымды кайтар да, аман-есеніңде еліңе қайт. Бұған құлақ аспасаң, Тәңірімнің атынан ант етемін, қанша қомағай болсаң да мен сені қанға тұншықтырамын, -деп өз сәлемін жеткізеді. Кир Томиристің сөзіне мән бермейді. Парсы патшасының жарлығымен алдына алып келген сақ ханзадасы қынабындағы қанжарын өзінің жүрегіне қадайды. Парсылардың мазағына тапталғысы келмеген Спаргапис ажалдан намысты жоғары қояды.
6. Баласының мерт болғанын естіген Томирис парсыларға қарсы жорығын бастайды. Екі жақтың да жауынгерлері шегінбестен ұзақ уақыт соғысады. Ақырында сақтар жеңіп, парсы әскерінің тас-талқанын шығарады. Жан алып, жан беріскен осы қақтығыста Кир патшаның өзі де бақилық болады. Парсы патшасының мәйітін тапқызып, басын алдырған Томирис: «Сен менің ұлымды зұлымдықпен мерт етіп, мені тірідей өлтірдің. Сондықтан да сені қанға тұншықтыруға ант берген едім. Енді сол қанды тойғаныңша іш», – деп, кесілген басты қанға толы торсыққа салуды әмір етеді. Сақтардың әйел патшасы өз антын еш бұзбастан орындаған екен.
(441 сөз)
(«Әдеби жәдігерлер» кітабы)
13. Автордың мәтінді жазудағы мақсаты қандай?
A) Кирдің жеңісін мақтан ету
B) Мидия патшасының ақылдылығын дәріптеу
C) Сақ патшасының ержүректілігін өнеге тұту
D) Спаргапистің соғыстағы жеңісін үлгі тұту
E) Парсы патшасының батылдығын насихаттау
14. Спаргапистің жеңісі неліктен уақытша жеңіс саналды?
A) Соғыс күші жетіспегендіктен
B) Қиян-кескі ұрыс болғандықтан
C) Соғысқа азғана әскерін қатыстырғандықтан
D) Батырлар жеңісін тойлағандықтан
E) Жаудың шағын тобымен соғысқандықтан
15. Кир қандай патша?
A) Ақымақ
B) Ақылды
C) Батыл
D) Ашкөз
E) Ержүрек
16. Спаргапистің намысшылдығы қай азатжолдан көрінеді?
A) Үшінші
B) Екінші
C) Бесінші
D) Төртінші
E) Бірінші
17. Екінші азатжолдың үшінші азатжолға қатысы қандай?
A) Ойды салыстырады
B) Ойды дамытады
C) Ойды қорытындылайды
D) Ойды пайымдайды
E) Ойды тұжырымдайды
18. Кир неліктен Томириске құда түсті?
A) Сұлулығына көзі түсті
B) Сақ елін иеленгісі келді
C) Қамқор болғысы келді
D) Әйелдікке алғысы келді
E) Байлығына қызықты
19. Неліктен Томирис Кирдің ұсынысынан бас тартты?
A) Елінің тәуелсіздігін ойлағандықтан
B) Парсы жерінде тұрғысы келмегендіктен
C) Соғысқа дайын болғандықтан
D) Өзі ешкімге тәуелді болғысы келмегендіктен
E) Кирді ұнатпағандықтан
20. Томирис неліктен парсы патшасының мәйітін іздетті?
1.Патшаның өлгеніне көз жеткізу үшін
2.Сертін орындау үшін
3.Ұлының кегін алу үшін
A) Біріншісі дұрыс
B) Барлығы бұрыс
C) Барлығы дұрыс
D) Екіншісі дұрыс
E) Үшіншісі дұрыс