«Бабырнаманың» көркемдік ерекшелігі, жанрлық сипаттары «Бабырнамада» қазіргі прозаға тән көркем пейзаждар мен қанық портертер, суреттеулер молынан ұшырасады. «Мұнда құс жыртылып айрылады. Қырғауылдың семіздігіне адам нанғысыз, тіпті тұшпалап пісірілген бір қырғауылдың етін төрт адам тауыса алмайды екен деген аңыз бар»
Автор көзі көрген оқиғаны елден естіген әңгімемен араластырып, аңыздық сюжет жасаған. Немесе жер-су атауларына байланысты туған топонимикалық аңыздар ұшырасады. Түркі, соның ішінде қазақ фольклорының мазмұнды әрі бай саласының бірі – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа алмасқан мақал-мәтелдер. «Бабырнамада» кездесетін төмендегі мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер күні бүгінге дейін тілдік қорымыздан өз орынын алып келеді. Мысалы: «Үйде иесі барды, түзде ит қаппайды», «Жаманның ақылы түстен кейін кіреді», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа»,«Құланның қасуына, мылтықтың басуы», «Ер мойнында қыл арқан шірімейді», «Жау не демейді, түске не кірмейді», ««Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», ««Бет көрсе, жүз ұялады» т.б.
Бабырдың қазақ жалпы, түркі халықтары әдебиеті үшін үлкен еңбегі – түркі поэзиясын теориялық тұрғыда зерттей келе, өзі өмір сүргенге дейін қалыптасқан «нағыз поэзиялық көркем шығармаларды тек араб яки парсы тілінде ғана жазуға болады, ал түркі тілі көркемдік дәрежесі биік өлең жазуға жарамайды» деген қасаң пікірді біржола теріске шығаруы.
Бабырдың түркі руханиятына жасаған келесі еңбегі «Бабыр жазуы» яғни, «Хати Бабыр». Бабыр көне түркі ескерткіштері жазуына ұқсас жазуды негіздеді. Бұл жазу алғашында Сырдария бойындағы Сығанақ, яғни Сунақ қаласында өмірге келген болатын. Алайда бұл кезеңде Орта Азияда біржола үстемдікке ие болған араб жазуын қолдаушылар «Бабыр жазуына» барынша қарсы шығып, оны жойып жіберді. Бұл туралы ел арасында «Түріктерге өз әрпі де бұйырмады-ау, киелі, Бабыр хаты бөтен емес, Сығанақтың сыйы еді, - деген өлең жолдары қалған екен.
Бабыр – қаламы жүйрік ақын. Оның шығармашылығында еріксіз жат өлкеге кетуге мәжбүр болып, туған жерін, өскен елін сағынған өзекті пенденің шынайы сыры жиі кездеседі:
Не ойлайды адам қасіретті сәттерде,
Шаттана алмас жүрек шіркін жат елде.
Жат елде мен шаттануды білмедім,
Еш нәрсеге мәз-мәйрам боп күлмедім [1,108].
Жиһанкез Бабыр өзі жүрген жерлердің табиғатын – тауларын, өзендері мен көлдерін, орман-тоғайларын, аңдары мен құстарын нағыз суретшіге тән шеберлікпен бейнелеп көрсетеді. Автор қара сөзбен айтып жеткізе алмаған кейбір ғажайып көріністерді лирикалық өлең жолдарымен суреттеп өтеді.
Әлемге есімі мәшһүр шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд «Бабырнаманың» көркемдік дәрежесін жоғары бағалай келіп, оны «түркі тіліндегі прозалық шығармалардың ең жақсы үлгілерінің бірі», - деген еді.
«Бабырнама» - тарихи, ғылыми еңбек қана емес, сонымен бірге түркі (шағатай) тілінің мол мүміндіктерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды.