«Бабырнама» және қазақ тарихы Қазақ хандығы тұсындағы жазба шежірелерге зерттеу еңбектерін арнап, Бабыр шығармашылығын тілге тиек еткен алғашқы ғалымдардың бірі әрі бірегейі Ш.Уәлиханов болса, Бабыр мұрасына қызығушылық танытқан қазақтың ұлы ақыны – Абай болды. Ал кемеңгер жазушы М.Әуезовтің: «Ірі мемуаршы, шебер ақын Захир ад-дин Бабур өзінің атақты «Бабур-нама» деген кітабында Әлішердің ақындық, өнерпаздық, мемлекеттік қайраткер, ұстаз есебіндегі әрекеттерін, мол бейнесін зор құрметпен баян етеді. Қазақтың атақты классигі Абайдың Науаи қасиетін кеңінен тануына себепкер, бір жағынан Науаидің өз шығармалары болса, екінші жағынан – осы Бабурдың берген бағалары болған»[3, 278], - деп жазуы да «Бабырнама» сынды шежірелік мұралардың қай кезеңде де құнын жоғалтпағанын айғақтайды. Науаи өмірден өткеннен бірнеше ғасырдан соң өмірге келген қазақтың ұлы ақыны Абай ұстаз тұтса, Бабыр да өзі өмір сүрген заманның ғажайып ақыны Науаиге кезінде өлеңмен хат жазып, оны өзіне ұстаз санағаны бекер болмаса керек.
Бабыр өзі болған, соғысқан жерлердегі таулар мен кең жазира далаларды, сан қилы өсімдіктер мен хайуанаттарды, түрлі халықтардың әдет-ғұрпы, тілі, әдебиеті мен өнері, кейбір сөздердің этимологиясы жайлы нағыз ғалымға тән дәлдікпен, әрі ұшқыр қиялды жазушыға ғана тән шеберлікпен бейнелеп жазады.
«Бабырнамадан» қазақ халқына қатысты деректер бар. Мұнда Алматы, Отырар, Түркістан, Сайрам секілді қалалар мен Арыс, Сырдария сияқты өзен аттары аталады.
«Бабырнамадан» қазақ халқының құрамына енген дулат, жалайыр, арғын, қыпшақ тайпаларынан шыққан ғалымдар мен уәлі ауыз шешендер, батырлар мен бектер, баһадүрлер мен сарбаз аттарын кездестіреміз. Мысалы, мынадай дерекке назар аударайық: «Қазақ халқының тарихына қатысты мына бір дерек те оқушылар назарын аударса керек. «Әдік сұлтаннан кейін Сұлтан Нигар ханымды қазақ ұлысының ханы Қасым алды. Жұрттың айтуына қарағанда қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым сияқты бағындыра алмаса керек». Бабырдың бұл дерегінен біз қазақ халқының тарихта қазақ атымен ХV ғасырға дейін-ақ белгілі болғанын пайымдаймыз.
Түйін Захраддин Бабырдың өмірі мен оның әйгілі шығармасы «Бабырнама» – жеті ғасыр бойына әлемдік зерттеушілердің қызығушылығын тудырып келе жатқан ғылыми нысан. Қазақ әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдары да бұл бағытта біраз жұмыстар атқарғанынан хабардармыз. Дегенмен, ұлтымыздың ұпайын түгелдеу, іргесін бекемдеу тұрғысында бірегей тұлға Бабыр еңбектеріне әлі де болса көбірек назар аударған жөн деп білеміз.
Бір замандарда қазақ даласында өмір сүріп, тағдыр жолымен жырақ кетіп, жат елде өз билігін орнатқан даңқты көсем, дарынды қолбасшы, кемел білім иесімен қазақ халқы да мақтануға тиіс. Алыс түбекте жатқан үнді әлемін дәргейіне келтіріп, осынау көне өркениетті қайта түлетіп, тұтастай бір династияның іргесін қалаған Захраддин Бабырдың қазақ жұртына қатысты бай тарихи жолын бүгінгі ұрпақ біле жүргені дұрыс.