10. ХХ ғ. басындағы ұлт зиялысы: Ә.Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметі Бүгінгі ұрпақтың бақытына бұйырған ел Тәуелсіздігі ұзақ та, тағдырлы күресінің маңызды белесі «Алаш» қозғалысымен тікелей байланысты екені белгілі. XX ғасырдың басында халқымыздың ұлттық санасының оянуына айрықша әсер еткен ірі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғұлама ғалымдар,қазақ тарихындағы бірден – бір радикалды, демократиялық « Алаш» саяси партиясындағы зиялы өкілдерінің орнын ерекше атап кетсек болады. Солардың бірі - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Әлиханның әкесі – Нұрмұхаммед, анасы – Бегімханым оқуға жақын, парасатты адамдар болған. Әлиханның үлкен атасы – Бөкей, ол атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы [1; 7 б.]. Оның өмірдеректеріне көз салсақ жастайынан зерек өскен Ә.Бөкейханов заманына лайық білім алып, сан түрлі өнерді бойына жыйған дарын иесі. «Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден» - деген Әлиханның сөздерінен біздер оның білімі мен елге деген махаббаты қанмен және туа біткен мінезінен берілген десек те қате айтқанымыз емес.Замандастары мен халқы қадірлеп «Әлекең» деп атап кеткен Әлихан Бөкейханов бүкіл саналы өмірін қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігі үшін арнаған аяулы ұлы тұлғамыз [ 2; 29 б.]. Әлихан Бөкейханов қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Бөкейханов 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен Земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде ол қазақ халқының тіл, сайлау, дін т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. Ол осы жылы « Халық бостандығы» партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның ОК – нің құрамына енді. Бөкейханов конституциялық – демократиялық партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 жылы маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейханов «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі [ 3; 35 б.]. 1905 жылы желтоқсан айында I Мемлекеттік Думаны шақыру туралы патша үкіметінің жарлығы шығып, оған Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 қазақ сайланды. Олар: Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Б.Құлманов. 1906 жылы тамыз айында II Мемлекеттік Дума шақырылды. Оған Қазақстаннан енді 13 депутат, соның ішінде, қазақ халқынан 5 депутат сайланды [4; 29 б.]. Бұдан біз қазақ халқының қоғамдық – саяси санасының оянып келе жатқанын көре аламыз. Әлихан қазақтардың атынан екі Думаға да сайланып, өзінің патша үкіметінің алдында абыройлы екенін, қазақтардан да мықты және оқыған білімді азаматтың шыққанын дәлелдей түсті. Әлихан Бөкейхановтың саяси өмірге белсене араласуы 1905 жылы Семей облысында өткен I Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануынан басталды. Сол кезеңдері Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» газеті былай деп жазады: «Ә. Бөкейханов мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізе білетін бірден – бір адам. Халық оған сенсе керек!»- деп халық өз ойларымен, Әлиханды қолдайтындарын газет бетіне жариялағандарынан көре аламыз. Бірақ, Бөкейханов I Мемлекеттік Дума жұмысына қатынаса алмайды. Өйткені ол Дума өз жұмысын бастаған кезде Омбы генерал – губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз үш ай Павлодар абақтысында отырады. Ал абақтыдан шығып Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Әлихан Бөкейханов та солардың артынан аттанып Выборг үндеуіне қол қояды. Қазақ депутаттары өз мүмкіндіктеріне қарай Думаның мұсылман фракциясына қатысты. Мұсылман фракциясындағы басқа депутаттарымен бірге олар жер реформасының Қазақстанға қатысты мәселелерін көтерді. Ол : « Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген ашық хатында өз ойын былай білдірген «Кадет партиясы жерді адамға меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді» [4; 129 б.]. Бұл сөзінде Әлихан жер мемлекеттің негізгі қазынасы екенін меңзеген. Сол кезеңде-ақ біздің зиялыларымыз жер қадірін түсіне білген. Қазақтың жері тек қазақтарда қалу керектігін, көрші бауырларымызға жерімізді меншіктеуге бермеуімізді ашына жазғандығын көре аламыз 1909 – 1917 жылдар аралығында Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1907 жылы кадеттер партиясы ОК –нің мүшесі болып тағайындалады. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірі жарияланып тұрған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді [1; 12 б.]. «Ә. Бөкейханов 1913 жылдың ақпанынан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақтың» негізін қалап, бағыт – бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай – ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңғаң ең белсенді және өндірімді авторларының қатарында болды. Әлихан Бөкейханов қазақ еліне сол кездері бар өмірін арнаған қазақ зиялыларының бірі болып қоймай, ол қазақ халқын өзге ұлт өкіліне билеткісі келмей, сол кездегі үкімет билігін өз қолында ұстағысы келген қазақ – жанашыры. 1917 жылы 20 наурызда Уақытша үкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан кадетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ съезі Алаш автономиясы деп аталатын Ұлттық мемлекет құрылғандығын мәлімдеп, оның үкіметін сайлады. Оның бірден – бір басшысы Әлихан Бөкейханов болды. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: « ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани – зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды» деп атап көрсеткен болатын [ 5;]. Менің ойымша, жетпіс жылдан астам уақыт жүріп өткен тарихи жолымыз көрсетіп бергендей, қазақ қоғам қайраткерлері тәуелсіз дербес мемлекет құру жолын таңдауда қателеспеген секілді. Әрине, Алашорданың өмірге келуі тарихи қажеттіліктен туған болатын. Майдандағы жұмысшы жігіттерге көрсеткен риясыз қызметі үшін ол құрметке бөленіп, «Алаштың Әлиханы» атанды. «Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс – қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», - деп жазды»[4; 19 б.]. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы Әлиханды жоғарылап бағалап, оған өзінің зерттеулерін арнап, оның еңбектерін зерттеп, өзінің әділ бағасын берген бірден – бір қоғам қайраткері. ХХ ғасырдың басында айналасына интеллектуалды элитаны жинап, елдікке ұмтылған Ә.Бөкейханов тарихшы М. Қойгелдиев айтқандай « Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға» [5]. Бұл жерден біз Әлиханға деген құрметті көре аламыз. Ол өз заманында қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз. Қазіргі зерттеулерге сүйенсек, ол 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімінен кейін қалған өмірін зерттеушілікке арнаған, соның ішінде көзге ерекше түсетіні оның шығармашылық ғұмырының XIX ғасырдың 90 жылдары басталғаны. Айтып кетсек, 1913 жылы жазған « Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық « Алаша» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» деп жазады. Профессор Айгүл Ісмақова «Алаш» сөзінің қалмақтыкі емес, қазақтыкі екенін алғаш дәлелдеп шыққан Әлихан Бөкейханов екенін айтады. «Қазақ» газетінің бір нөмерінде «Ұят» деген мақала жариялап , Алаштың біртуар азаматтарына қолдау көрсетті [5]. Әлихан Бөкейханов – заманының өзекті мәселелеріне жан - жақты қозғаған, халқының алдына тарих қойған өткір сұрақтарға жауап бере алған, ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде, содан шығар жолды көрсете білген, қазақ –қамқоршысы. Әлихан Бөкейхановтың қазақ тарихындағы алатын орны ерекше. Қазақ хандығының өткенін зерделей келе, 1914 жылы жазған мақалаларының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!»-деп жазады. Іс-әрекеттерінен, шығармаларынан саналы ғұмырының соңғы демі қалғанша осы сертіне адал болғаны байқалады. Қорытындылай келе, біріншіден, Әлиханның Мемлекеттік Думаға алғашқы қазақ болып сайланғаны, оның өзін патша үкіметіне мойындатқаны деп білем. Екіншіден, Әлиханды түсіну үшін алаш қозғалысының тарихын білу керек. Ол Алаш қозғалысының жетекшісі болып қана қоймай қазақ зиялыларын біріктіруші, Азамат соғысы жылдарында қызыл әскерге қарсы қарулы күресті басқарған «буржуазияшыл ұлтшыл», ғалым, әрі Қазақстанды бес саусағындай білетін теңдессіз сарапшы ретінде танылған – қоғам қайраткері. Үшіншіден, сол кездің өзінде-ақ ғұмырының бір бөлігін шығармашылыққа арнап, «Қазақ» газетінің негізін қалады. «Қазақ» газеті осынау аз ғұмырының ішінде барша қазақ зиялыларын ортақ мақсат жолында топтастыра алды және ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының ұйымдасуына ұйтқы болған да осы газет. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзінің астарында зор мән – мағына жатыр. Әрбір қазақ жастары ұлтжандымын деп ұғынып, бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Кезінде Әлихан: « Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болады» - деген. Ұлт көсемінің ұлы арманы орындалғанын өзі көрмесе де, бүгінде оның ұрпағы көруде