1.«Алаш» қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы


 1917 жылғы Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінің қорытындысы



бет6/9
Дата19.04.2023
өлшемі45,18 Kb.
#84427
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
1-11 СУРАКТАР

8. 1917 жылғы Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінің қорытындысыЖыл он екі айдың ішіндегі желтоқсан айы қазақтың жүрегіне аса жақын әрі ерекше қастерлі секілді көрінеді. Өйткені ата тарихқа көз жүгіртсек, соңғы жүз жылда мемлекет өміріндегі, ұлт тарихындағы ерекше орны бар оқиғалар осы желтоқсан айында өрбіпті. Дәл осы айда қазақтың ел болып қалуы үшін аса қажетті қадамдар жасалып, шешімдер қабылданыпты. Алып империяның боданынан құтылып, ұлттық мемлекет құруға талпыныс та, ұлттық намысты ту етіп тәуелсіздікті маздатқан ұлттық көтеріліс һәм қозғалыс та, ең ақыр аяғында талай ғасыр ұлт арманы болып келген Тәуелсіздік те осы айда жер жаһанға жарияланды.
Осыдан дәл 100 жыл бұрын, яғни 5 желтоқсанда Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өз жұмысын бастаған болатын. Тәуелсіздікті мұрат еткен осы алқалы жиынның нәтижесінде қазақ қайраткерлері Алаш автономиясы атаған ұлттық мемлекет дүниеге келді. Бұл мемлекетіміздің тарихындағы ұлы серпіліске із салған аса маңызды қадам болды. Алғашқы ұлттық үкіметтің ғұмыры қысқа болғанымен, Алаш қозғалысы мыңдаған адамның санасына ой салды, егемендіктің елес емес екенін аңғартты, ең ақыры болашақ һәм бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалады.
Айта кету керек, бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен болатын. Сол кездегі ұлттың сөзін сөйлеген «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы съезд мәселесін көтеріп, күн тәртібінде «Қазақ саяси партиясын жасауды» ұсынды. Нәтижесінде Орынбордағы тұңғыш жалпықазақ съезінде қазақ саяси партиясын кұру туралы мәселе қаралып, мынадай шешім қабылданды: «Қазақ халқының өз алдында саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шураи исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық, федеративтік парламенттік республикаға кұрылмақ ...». Міне, осылайша қазақ партиясының ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді.
Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсанында Орынбордағы екінші жалпықазақ съезі өтіп, онда Алаш автономиясы жарияланды. «Алаш» атын ұрандаған қайраткерлер ұйымдастырған Орынбор съезінде ең басты мәселе - қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралғаны белгілі. Съез алмағайып заманда батыл қадамдарға дем берді, «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешімді қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Түпкі мақсат - ұлттық автономиялық мемлекет құруға бағытталды.
Мемлекеттіліктің маңыздылығына орай, сол кездегі ұлт газеті «Қазақта» мынадай мақала жарық көрді: «5-13-ші декабрьде болған Орынбор Жалпы қазақ съезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты. Бұлар неге мұнша көп толғанды? «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда қандай едік?» деген қазақтың арманды, сағынышты сөздерін естімеген бе? «Аз өлтірмес, жат жарылқамас», деген мақалша қазақтың өзінен сайланған үкімет қазақтың ұрпағын көгертіп, дүние жүзіне көрінбегіне, өз атасындай махаббат көрсе тойына нанбағаны ма? Жоқ. Әр істің өнгенде берерлік жұмысына қарай бер жағында етерлік еңбегі қатар тұрғаны сықылды, қызықты өмірдің қуанышы құпияда қатар тұрады. Автономия ‑ ешкімнен жәрдем сұрамайтын һәм ешкімге жалтаң болмайтын өз алдына бір патшалық болады. Ақыры сан қайғыны састырып келгенде Алаш ұлының басы құралмай, торғайдай тозып, әркімнің көшіне тіркеліп кеткенінен зор қайғы болмас. Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр бауыр табылмас. Алаштап ұран сап, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетіне еті ауырмас деп, Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі - бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономиясына қосылып отыр. Енді біз Алаш Ордасын құрған соң, Алаш аруағын жерге көміп, сарт болып кетемін деп, бір Алаштың баласының қалмасына панамыз. Бесінші ғинуарда Түркістан қаласында болатын Сырдария қазақтарының сиезіне үш кісі жіберіледі. Сол сиезде Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес».
Осы мақаладан-ақ, қасаң замандағы бар қазақтың басын бір тудың астына біріктіруге үндеген алаш идеясын, тәуелсіздік мұратын сезінеміз.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген еді. Расында, ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлері «өздеріне артылған жүкті» мойымай көтерді. Олар нысанаға алған ұлттық тәуелсіздік мәселесі ұлттың жадында өшпей маздап тұрды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет