49.Фразеологизмдердің басты белгілері. түрлері.
Фразеология және оның өзіндік белгілері. Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады.Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылады. Екіншісі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді . Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар.
Олар: 1. даяр қалпында жұмсалу белгісі
2. мағына тұтастығы
3.тіркес тиянақтылығы
Фразеологизмдердің даяр қалпында жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады.Оның сыртқы құрылым- құрылысы еркін тіркеске ұқсағанымен сөйлем ішінде қолданғанда біртұтас даяр күйінде жұмсалады. Ешкімнің ырқына көнбей, даяр тұрған құрылыс материалы ретінде қызмет етеді де,сол қалпында сөйлемнің құрылымына енеді.Демек, фразеологизмдердің даяр қалпын сақтай отырып қолданылуы оның еркін сөз тіркестерінен ерекшелігін білдіретін белгілердің бірі.
Фразеологизмдердің өзіндік екінші белгісі – мағына тұтастығы.Фразеологизм біткеннің бәрінде де белгілі бір меншікті мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына сәйкеспейді, оларға тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді.
Тіркес тиянақтылығы да фразеологизмдердің ең негізгі белгілерінің біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі сөздер әркімнің қалауынша емес, қалыптасқан белгілі жүйемен орналасқан.Өзара тығыз жымдасып орналасқан сөздердің жігі ажыратылмай тұрады. Олар бір – бірімен иін тіресіп, өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын тәртібін өзгертуге келмейді.
ІІ. Фразеологизмдердің түрлері
Фразеолгизмдерге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір- бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді.Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы, біреуінен ақ – айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншілерінен өте солғындау болып кездеседі.Сондықтан фразеологизмдерді түр – түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып, негізінен үш топқа жіктеледі. 1. Фразеологиялық тұтастық.
Бұл топқа фразеологизмнің құрамындағы сөздер бір – бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады.Мысалы, мұрынынан шаншылып жүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді түсінеміз.Фразеологиялық тұтастық жеке сөздердің тұтас жиынтығынан пайда болғанымен, олар іштей түрлі бөлшектерге бөлінбей, іс — әрекетті, сапа мен белгіні, зат пен құбылысты бір бүтін атау ретінде көрсетіп бере алады.
Фразеологиялық бірлік.
Бұлар да фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі жағынан өте тиянақты болып келеді. Алайда, құрамындағы сөздердің мағынасының қаншалықты тасалануы я болмаса тасаланбауы жағынан елеулі өзгешіліктері болады. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан келіп шығады. Мысалы, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз.Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына, сөз жоқ, ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағынасы негіз болған.Сол мағынаға басқадай мән беріп, ауыстырып қолдану арқылы жасалғандығы бірден көзге шалынады.
Фразеологиялық тізбек.
Бұл да фразеологиялық бірлік сияқты еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шығады. Яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады. Мысалы, бота көз, қоян жүрек,көк жұлын,аш бүйір т.д.
Достарыңызбен бөлісу: |