Алтыншы. Абай қазақ өлеңінің құрылысына да бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар енгізіп, бұл ретте де қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосты. Бұл жөнінде тұңғыш рет Қ.Жұмалиев айтып дәлелдеген болса, одан кейін 3.Ахметов қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған еңбегінде кеңінен сөз етеді[9]. Ал бұлардан да бұрын үстіміздегі ғасырдың бас кезінде Абайдың қазақ поэзиясын жетілдіру, жоғары көтеру жолындағы еңбегі мен орны жайында жалпы түрде ең алғашқы сөзді Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтар айтқан болатын[10].
Абай, ең алдымен, өлеңнің ұйқас түрлерін көбейтіп, құбылтты. Оның ішінде абаб суретті шалыс ұйқас пен 6, 7, 8, 14 тармақты жаңа шумақтардың ұйқас фигурасы – қазақ поэзиясында бұрын болмаған мүлде тың дүниелер. Соңдай-ақ Абай өлеңнің жаңа өлшемдерін енгізді, әсіресе аралас буынды тармақтардың өлшемі қазақ поэзиясында соны түр болды.
Мысалы:
Әм жабықтым – 4 буын
Әм жалықтым – 4 буын
Сүйеу болар қай жігіт – 7 буын
Көңілден кеткен соң тыным? – 8 буын
Немесе:
Алыстан сермеп – 5 буын
Жүректен тербеп – 5 буын
Шымырлап бойға жайылған – 8 буын
Қиуадан шауып – 5 буын
Қисынын тауып – 5 буын
Тағыны жетіп қайырған – 8 буын
Толғау тоқсан қызыл тіл – 8 буын
Сөйлеймін десең өзің біл – 8 буын
деген шумақтардағы тармақ өлшемдері қатарында көрсетілгендей әртүрлі.
Өлеңді шумақтау саласында да Абай көп жаңалық қосты. Абай өлеңдері арқылы қазақ поэзиясында бірнеше түрлі шумақтар пайда болды. Бұрынғы 11 буынды 4 тармақты шумақпен қатар, 8 тармақты («Сегізаяқ»), 6 тармақты («Ғашықтық іздеп тантыма», «Кешегі Оспан»), 14 тармақты («Сен мені не етесің?», «Ата-анаға көз қуаныш», «Қатыны мен Масақбай») шумақтық (строфикалық) құрылымдарды ұсынды.
Жаңаша әрі түрлендіріп құрылған ұйқас, шумақ түрлері өлеңнің композициялық-синтаксистік құрылысын да өзгертті: абаб болып келетін шалыс ұйқастың әрбір аб фигурасы көбінесе бір тұтастық (единица) болып құрылады, ал қатар келетін ұйқастарға, мысалы, «Сегізаяқтың» аа, бб, вв ұйқасты жолдарына көбінесе жарыспа (параллель) конструкциялар орналасады: білгенге маржан ~ білмеске арзан, ауырмай тәнім ~ ауырды жаным...
Қазақ поэзиясында тұңғыш рет Дулатта байқалған тәсіл – өленді композициялық бөліктерге ажыратып құру да Абайда жүйелі түрде кездеседі. Мұндайда әрбір композициялық бөлік өзгелерінен ұйқас суретінің бірдейлігі, модальдық реңктің тұтастығы, бір субъектіге қазықталу т.т. сияқты белгілі бір элементтермен ажыратылады. Мысалы, «Болыс болдым, мінекей» деп басталатын өлеңі 7 бөліктен тұрады, олардың әрқайсысы – бір шоғыр (тирада), бір тақырыпты қамтиды және бір ұйқаспен топтастырылады: 1-бөлік 14 тармақтан тұрады, ұйқасы: шығындап ~ тығындап ~ мығымдап... болып келеді, тақырыбы: бар малын тығындап болыс болған Күлембайдың күштілерге бас изеп, әлсіздің сөзін шала тындайтын портретін беру, 2-бөлік – 18 тармақ, ұйқас суреті: лүпілдеп ~ дүпілдеп ~ күпілдеп...; тақырыбы: сол болыстың келесі жолғы болатын съезді естіген кездегі күй-қалпы мен іс-әрекеті... осылайша әрі қарай ажыратыла береді.
Қазақ поэзиясында проза синтаксисіне жақын құрылымды да тұңғыш рет Абай ұсынды. Мысалы, «Қатыны мен Масақбай» өлеңін тармақтарға бөлмей, тұтас жазсақ: Сырмақ қып астына байының тоқымын, отының басына төрінің қоқымын бүксітіп,бықсытып,қоқсытып келтірді деген екі-ақ сөйлем (ал өлеңде – 7 жол) болып оқылар еді. Демек, бұл – тармақараларында өлең тасымалы қолданылған прозаға жақын құрылым. «Сен мені не етесің?» өлеңі де – осындай. Бұл да – жетілген жазба поэзияның белгісі.
Стильдік мақсатта инверсияны (сөздердің орнын алмастыруы) қолдануда да Абай үлгі көрсетіп, жол салды. Өлең тасымалының алғашқы нышандары да Абай өлеңдерінен басталады.
Қорыта келгенде, Абай қазақ өлеңінің құрылысына барлық жағынан өзгеріс-жаңалықтар қосты деуге болады, осы арқылы ол қазақ өлеңін жоғары дәрежелі жазба поэзия деңгейіне көтерді[11].
Достарыңызбен бөлісу: |