Ерiн үндестiгi
Дауыстылардың бiр сөз көлемiнде ерiннiң қызметi жағынан ыңғайласып, үйлесiп келуiн ерiн үндестiгi дейдi. Бұл заң бойынша сөздiң бiрiншi буынында ерiндiк дауысты болса, қалған буындарында да ерiндiктер тұруға тиiс. Мысалы, түйөлөрүмүздүң, көбөлөктөрдү деген сияқты. Бұлай айту, яғни ерiн үндестiгi алтай, қырғыз тiлдерiне тән заңдылық түрiнде танылады.
Қазақ тiлiнде ерiн үндестiгi бар ма, бар болса, неше буынға жетедi дейтiн мәселе әлi күнге толық шешiмiн таба алмай келедi.
Қазiргi қазақ тiлiндегi ерiн үндестiгi жайында пiкiр айтушылар академик I.Кеңесбаевтың тұжырымын негiзге алып жүр. 1954 жылы жарық көрген «Қазiргi қазақ тiлiнiң» фонетика тарауында былай делiнген: «Әдеби тiлде ерiн үндестiгi тiптi еленбейдi десе де болады. Осыған қарағанда ерiн үндестiгiнiң қазақ әдеби тiлi үшiн айтарлықтай үлкен мәнi бар деуге болмайды». Ал келесi бетте мынандай жолдар жазылған; «Қазақтың ауызекi тiлiнде аздап болса да ерiн үндестiгi байқалады. Ерiн үндестiгiнiң күшi үш буыннан аспайды: әсiресе екi буында сөзде ерiн дауыстысымен келген алғашқы буынның ерiндiк ықпалы анық сезiлiп тұрады: үшiншi буында солғындау сезiледi». Осы қағида фонетика оқулығының кейiнгi басылымдарында да өзгерiссiз басылып жүр.
Бұдан шығатын тұжырым: қазiргi қазақ тiлiнде бiрiншi буын да ерiндiк дауыстылар (о, ө, ұ, ү) келiп (оларды жазбасқа мүмкiндiк жоқ), екiншi буында езулiк е,ы,i әрiптерi жазылса, онда олар (е,ы,i) сөзсiз ерiндiк (ө,ұ,ү) болып айтылады. Бұған шек келтiру мүмкiн емес. Тiптi «Қазақ тiлiнде өзге түркi халықтарының тiлдерiндегi сияқты ерiндiк дауысты дыбыстар үндестiгi жоқ»- дейтiн автор да «құлұн, жұлұн, бұрұн, күңгүрт»- деп мойындауға мәжбүр.
Қазiргi кезде бұл сияқты ерiн үндестiгi байқалатын сөздердi жазылуынша оқу орын алып барады, әсiресе, екiншi буындағы е дыбысын э етiп, өнэр, үлэс, өрэн түрiнде айтушылық байқалады. Бұл әрине, қате. Ал «қолтық, қойдыр, құлдық, көркем, кезде, бөрте сияқты сөздердiң екiншi буындарындағы ы,i,е дыбыстарының езулiк болып айтылуы сәл солғындау (күмүс, өнөр дегенге қарағанда)» дейдi ғалым Р.Сыздықова.
Мiне, ғалымның айтуынша, тiлiмiзде ерiндiктер екiншi буынның өзiнде «жуықтаңқырап», солғындау естiледi. Мұның өзi қазiргi айтуға негiзделген деуге болады.
Фонетика үшiн сөздiң жазылуы емес, айтылуы, естiлуi маңызды екенi даусыз. Ерiндiктердiң орнына езулiктердi жазу- орфографиялық норма, бiрiздi жазу үшiн қажет. Өйткенi ерiн үндестiгiнiң қанша буынды қамтитындығын нақты бiлмей тұрып, ерiндiктермен жазған жағдайда ала-құлалық болмай қоймайды. Ал жазудың, орфографиялық норманың басты қағидасы-бiрiздiлiк.
Ерiн үндестiгi, оның күшiн анықтауға байланысты пiкiрлер алалығы сөздiң бiрiншi буынынан басқа буында ерiн дауыстыларының жазылмауынан болып отырған жоқ. Жазудың жетегiнде кетiп, солардың айтуын қадағаламаудан, ескермеуден пайда болып отыр. Қазiргi кезде, әсiресе жастардың тiлiнде тiптi екiншi буында да өлең, өнер, күлкi, түркi сияқты сөздерде- ерiндiктердi айтпау заңдылыққа айналды деуге болады. Бұл үшiн әрине жастарды кiнәлауға болмайды. Оқулықтың өзi «ерiндiк дауысты дыбыстар үндестiгi жоқ» десе, қарапайым тұтынушы оны қайдан ескере берсiн.
Сингорманизм- тiлiмiздiң тарихи дамуының нәтижесiнде қалыптасқан заңдылық, өзге тiлден ерекше етiп тұратын өзiндiк жарасым. Тiлiмiздiң табиғи жарасымдылығына ерiн үндестiгi де жатады. «Ерiн үндестiгi өткен ғасырлар iшiнде күштi болған, ендi әлсiреп құрып барады» (Н.Сауранбаев) десек, оған себеп, бiрiншiден, жазудың ықпалы, өзiмiздiң құнтсыздығымыз болса, екiншiден, артикуляциялық базамыздың дамуы, ерiн үндестiгi жоқ көршi тiлдердiң әсерi деп қарау керек.
Ерiн үндестiгiн дұрыс түсiну үшiн ерiндiк дауыстылар мен езулiк дауыстылардың көршi буындарда қатар тұру мүмкiндiктерiн ескеру керек. Сонда екi буынды сөздерде тек ашық а езулiгiнiң ғана, о,ұ ерiндiктерiнен кейiн тұру мүмкiндiгiнiң барын көруге болады: ора, орақ, отан, қола, қора, ұра, ұран, ұзақ, құрақ, құлақ, бұта т.б. Қалған жағдайда ерiндiктер мен езулiктер бiр сөз iшiнде қатар айтылмайды, Әсiресе ерiндiктерден кейiн езулiктердiң айтылу мүмкiндiгi жоқ деуге болады. Тек мазмұн, мақұл, мақұлық, мәжнүн, куә, күнә, мәжбүр деген сияқты санаулы ғана кiрме сөздерде бұл заңдылық сақталмауы мүмкiн. Ашық а және ә езулiктерiнiң өздерiнiң ашықтығының арқасында ерiндiк дауыстылармен еркiн қатынасқа түсу мүмкiндiктерi бар. Алайда тiлдiң табиғи жарасымы оларды да шектеп қойған.
2. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТОПТАСТЫРЛЫУЫ
Фразеология лексикологияның арнаулы бір саласы бола отырып, тұрақты сөз тіркестерінің түрлерін, олардың құрамы мен құрылысын және жасалу жолдарын зерттейді. Тіл тілдегі сөздер өзара бір-бірімен тіркесіп қолданылады да, олардан сөз тіркестері жасалады.
Тілдегі сөз тіркестерінің екі түрі болады: оның бірі еркін тіркес те, екіншісі тұрақты фразеологиялық тіркес.
Еркін тіркес. Сөздердің еркін тіркесінде сөздер ыңғайына қарай әр түрлі сөздермен тіркесе береді. Мысалы: жақсы деген сөз (жақсы) қыз, (жақсы) бала, (жақсы) жігіт сөздерімен еркін тіркесіп тұр. Еркін тіркестің құрамындағы бір сөздің орнына сәйкес келетін басқа сөздерді қолданып айтуға болады.
Ал тұрақты фразеологиялық тіркестерде сөздер бұлай кез келген сөздермен тіркесе бермей, тек белгілі бір сөздермен тіркесіп айтылып, әбден қалыптасып, тұрақты сөз тіркесі болып келеді. Мысалы, қой аузынан шөп алмас (момын) деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер сол тіркестің ішіндегі сөздермен тіркесіп барып қана тұрақты фразеологиялық сөз тіркесін жасап тұр. Егер ондағы бір сөздің орнын ауыстырып, қойдың орнына ешкі сөзін қойып, ешкі аузынан шөп алмас деп қолданса, онда тұрақты тіркес бұзылып, фразеологиялық тіркес болудан қалады.
Тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орны еркін тіркестің құрамындағы сөздердің орнына қарағанда, әлдеқайда тұрақты, бекем болады. Олардың құрамындағы сөздер бірінен-бірі ажарымай, сол қалпында қолданылады. Фразеологиялық сөз тіркестері деп әбден қалыптасып, нық орныққан, өзгертуге келмейтін тұрақты сөз тіркестерін айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |