1.Қазақстан аумағында мемлекеттердің пайда болуы мен дамуы: ежелгі дәуір және ерте ортағасырлар.
2.Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің бастаулары, кезеңдері мен сабақтастығы туралы пікірі.
3.Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігінен айырылуы. ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихи маңызы
1.Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.
Сегізінші ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына көруге болады.
Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.
Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады.
Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.
Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатқан хан ретінде қадірлейтін Әз Тәуке биліктен кеткен соң халқымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды.
Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пайдаланған жоңғарлар тұтқиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.
Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүние жүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.
Қазіргі кезбен тарихтын сабақтастығын байқауға болады.Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, қалаларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жайнап тұр.Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын күн шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» дегім келеді.
2.Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2015 жылдың 11 қыркүйегіндегі қыркүйекте өзінің құттықтауында,келесідей баяндаған:
Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз.
Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік.
Екіншіден, бізге мұраға қалған ата қонысымыз жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық.
Үшіншіден, екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң – кем болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.
Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қазақстандық жолды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы Ішкі Өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.
Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.
Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын – оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін жағдайдың қиындығына қарамастан тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандастарымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қатысты дүние жүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.
Азаттықтың алғашқы жылдарында «Болашақ» бағдарламасын әзірлеп, он мыңнан астам талантты жастарымызды шет елдердің ең беделді университеттерінде оқыттық. Қазір «Болашақ» түлектері басқару ісіне араласып, өздері ел болашағына қызмет істеуде. Кемелімізге келген соң еліміздегі барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп, республикамыздың әрбір өңірінде дүние жүзіндегі ең биік талаптарға сай «Зияткерлік мектептерді» аштық. Ал, күллі жоғарғы білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшырып, әлемдік деңгейде танылып үлгерген «Назарбаев университетіне» қарап бой түзейді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл мұрасын жинақтаған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары саналатын Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, Астана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мәдениетінің әлемдік өркениет биігінде дамуы үшін барлық жағдайды жасадық. Мұндай мәдениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді.
Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар күш-қайраты мол болуы үшін зәулім спорт сарайларын тұрғызып, қысқы Азиада ойындарын зор табыспен өткіздік. Лондон олимпиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетістіктерімен ел мерейін өсірді.
Жетіншіден, іргесі берік үйдің шаңырағы шайқалмайды. Жақында ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституциямыз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Қазақстан Парламенті ең жоғары өкілетті орган ретінде өз міндетін абыройымен атқаруда.
Сегізіншіден, бабалар даңқына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүние жүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктеттік. Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналған Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудың басты бастамашыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік.
Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық Одақ құру туралы бастаманы табандылықпен ілгері жылжытып, оны бүгінде бес мемлекеттің басын қосатын посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырдық.
Тоғызыншыдан, Астананың төрінде тұрып, бүгінде бар қазақтың ортақ мақтанышына айналған елордамыз туралы айтпау мүмкін емес. Астанамыз – жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұты, Азаттығымыздың алтын қыраны! Елорданы салу тәуелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылықпен орындай алатынын күллі әлемге айқын дәлелдеп берді. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұшпанның мысын басатын еңселі елордаға айналды. Астанамен бірге қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңіріндегі басқа қалалар мен елді-мекендер де Елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайы және Спорт кешені де осындай еңселі ғимараттардың бірі болмақ.
Оныншыдан, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қатарына кіруді басты стратегиялық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының жетістіктерін насихаттайтын ЕХРО-2017 көрмесін өткізу міндеті тұр. Қазір адамзат қоғамы жаңа индустриялық революцияның қарсаңында тұр. Оған Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» әзірлеп, жүзеге асырудамыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы заманғы мемлекетіміз одан әрі табысты болуы үшін бес институционалдық реформа жүргізуді қолға алдық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-ретімен жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды.
«Егемен болмай ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал, егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді?
Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын.
Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол –қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын!
3. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяси оқиғалар қазақ елінің ұлттық тұтастық жолындағы күрестерге толы кезең болғандығы өткен тарихымыздан белгілі. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашыла түсуде. Себебі кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған. Оның үстіне әр кезеңде тарихи тағдырлары бұрмаланып келген жеке тұлғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін де аса қажет. Өйткені тарихи тұлғаларға ұлттық көзқарас ұстану жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны белгілі.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев "Тарих толқынында" атты еңбегінде Сырым Датов, Кенесары Қасымов және басқалар бастаған көтерілістер қазақтың ұлттық рухын орнықтыруға, ортақ жау Ресей патшалығына қарсы күресте қазақтардың барлық күшін біріктіруге талпынған әрекеттер еді" - деп Сырым мен Кенесары бастаған көтерілістерді ұлттық мемелекеттікті сақтау жолындағы күрес екендігін орынды көрсетеді. Ресейдің отаршылдық саясатына байланысты М. Тынышбаев "Орыс бодандығын қабылдағаннан бері қазақтардың бірде-бір жарқын қуанышты күні, бірде-бір бақытты минуты болған емес" деп жазды.
Ресейдің қазақ даласын отарлауына қарсы күрес ХVIII ғасырдың сексенінші жылдары Сырым күресімен басталып, 1916 жылғы ұлт-азаттық күреске дейін бір сәт толастамай, Кеңес заманында да өз жалғасын тауып отырды.
Қазақ басқарушы тобы үшін ХVIII-ғасырдан бастап-ақ орыс әкімшілігіне, оның реформаларына деген қатынас ең өзекті мәселердің біріне айналды. Аталған мәселеге қатысты өзара қайшы екі ағымның қалыптасуы басқарушы элитаның бөлініп-жарылуымен аяқталды. Олардың арасында ымырасыз қарсылық тіптен адам өлімімен аяқталып отырды. Өз ретінде патшалық әкімшілік осы кезеңде хандық билікке өзіне қызмет жасауға әзір немесе қызметімен көзге түсіп үлгерген сұлтандарды өткізуге тырысып, ал өзін еркін ұстап, мемлекеттік тәуелсіздік жөнінде ойлайтын жігерлі билеушілерді тежеп, кейінге ысырып отырды. Қазақ хандарын патша үкіметі айтқанын орындайтын жауапкершілігі жоқ, ордадағы саясаттың қолшоқпары міндетін атқарушылар ретінде көргісі келді. Ал Қаратай немесе Арынғазы сияқты дербес ұлттық саясат жүргізе алатын ықпалды да қуатты сұлтандар орыс үкіметіне тиімсіз еді, сондықтан да олар хандық билікке жіберілмеді.
ХVIII ғасырдың аяғына қарай Ресей империясының отаршылдық саясатының күшеюі халықтың əлеуметтік-шаруашылық жағдайының нашарлауына алып келді. Қазақтар өздерінің ежелгі қоныстарынан ығыстырылып шығарылды. Аймақтағы саяси жəне экономикалық билік барған сайын Ресей əкімшілігінің қолына шоғырлана берді. "Бөліп ал, билей бер" саясаты бойынша құрылған жүйе аймақтағы барлық қайшылықтарды шегіне жеткізе шиеленістірді. Сырым Датовтың қолбасшылығымен болған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1783 - 1797 жж.) болды. Аталған көтерілісті алғаш зертеуші ғалымдардың бірі А.Ф. Рязанов XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты бірнеше еңбек жазды. Оның 1924 жылы "Советская Киргизия" журналының №10 санында "Батыр Сырым Датов" деген зерттеу мақаласын жариялады. Сырым батыр мақаласында зерттеуші шекті старшындарының басқаруындағы халық Қайыпты хан ретінде мойындағанына және Сырым батырдың Қайып хан ұлдары Әбілғазы, Бұрқан сұлтандармен байланыста болғанын көрсетті. Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды отарлауға бағытталғанын дәлелдегенімен зерттеуші өзіне дейінгі орыс зерттеушілерінің қателіктерін қайталады. Ғалымның 1926 жылы Қызылордада "Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа" (1797-1838) деген еңбегі мұрағат деректеріне негізделген алғашқы сүбелі зерттеу еді. Орынбордың мұрағатындағы тарихи материалдары алғаш айналымға енгізді .
М.П. Вяткиннің "Сырым батыр" монографиясы Ресейдің Қазақстанды отарлауын, оның зардабын, Сырым бастаған қозғалыстың тәуелсіздік үшін жүргізілгендігін нақтылады. Ғалым Кіші жүздегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты өз ой-пікірін білдірді. Батыр, Қайып хандарды Кіші жүздегі Жәдік ұрпақтарының көрнекті өкілдері деп анықтаған зерттеуші орыс бағытын қабылдамаған ру ақсүйектері мен Ресеймен жақындасу Қазақстан үшін күйреу деп есептеген старшындар Батыр сұлтан төңірегіне біріккенін және Сыр бойын мекендеген саны жағынан басым, ықпалды Шекті руының ақсүйектері Батырды хан сайлағанын, Кіші жүздің оңтүстігінде, Сыр бойында Батыр хан әулеті билігінің мықтап орныққанын баяндады. Ресей мойындамаса да Қайып дұрысында Кіші жүздің бір бөлігінің ханы болып табылды, Кіші жүздің оңтүстігінде Қайыптың беделі ерекше зор болды деу арқылы зерттеуші Қайып ханның жүздегі ықпал-беделін мойындады. Нұралы орнына Қайыптың хан сайлануы Нұралының ел басқару жылдарындағы іргесі шайқалған қазақ мемлекеттігінің әжептәуір нығаюы мен Кіші жүздің саяси жағынан бірігуі болар еді деген әділ түйін жасады. Кіші жүзде расправалар бекітілгеннен кейін де Әлімұлы бірлестігі руларының басым бөлігінде Қайыптың хандық билігін сақтау жалғасқандығын, оның 1789 жылы қайтыс болғанын және орнына ұлы Әбілғазының хан сайланғанын жазды. Орынбор мұрағатындағы құжаттарды толықтай тарихи талдау жасамай сол күйінде жариялауына байланысты кейін тарихшы М.П.Вяткин А.Ф.Рязанов еңбегіне орынды сын айтқанды.
М.П. Вяткиннің пікірінше Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар Ресейге бағынған емес. Сонымен бірге Әбілғазы ханның Сырым батырды қолдағанын және қазақ-орыс қатынастарын реттеу үшін 1793 жылы күзде сұлтан Шерғазы Қайыпұлының Петербургтен Кіші жүзге келгенін баяндады. 1815 жылы Әбілғазы қайтыс болғаннан кейін шектілер Арынғазыны хан сайлағанына тоқталған зерттеуші оңтүстікте Хиуадан қыспақ көрген Арынғазы бүкіл жүздің қазақтарын біріктіріп, біртұтас хандық құруға ұмтылды, ал оның Ресеймен байланысын Кіші жүздің халықаралық жағдайының күрделілігін Арынғазының жақсы түсінуінен деп тұжырымдады. Дегенмен, ғалым деректерді пайдалануда кейбір қателіктер жіберді.
Сырым батыр қозғалысын әдебиетте зерттеген Сәбит Мұқанов 1942 жылы шыққан "Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер" дейтін кітабында Сырым есімін әдебиет тарихына неліктен кіргізіп отырғанын айта келіп: "Сырымнан ілгеріректе өткен Бұқар жырау патша үкіметінің отаршылдық саясатынан соққан ызғардың алыстағы демінен қалтыраса, Сырым батыр сол ызғардың түтеген боранына тұншықты, аязынан үсіді. Бұқар жырау отаршылдық өртіне алыстан байбалам салып, оның арты неге соғарын данышпандықпен болжаса, Сырым батыр сол өртке шарпылып, оны сөндіруге жанталасты. Сырым көтерілісі Бұқар жыраудың жырында айтылатын қауіптің расқа шыққанын іс жүзінде дәлелдеді", – деп көрсетеді.
Академик Ə.Марғұлан Сырым бастаған көтеріліске "Əбілқайыр ханның ұрпақтары мен патшаға қарсы бағытталаған көтерілістердің ішіндегі ең ірісі жəне белгілісі" деп баға берді. С.Е.Толыбеков Арынғазы бастаған қозғалысты Сырым, Қаратай, Жоламан, Саржан, Кенесары қозғалыстарымен бірге өздерінің мақсат, міндеттері жағынан бір-бірінен еш айырмасы жоқ "реакциялық қозғалыстар" деп бағалады. Сөйтіп зерттеуші тұжырымдары сол кезеңдегі ресми идеология шеңберінен аса алмады
Кіші жүз қазақтарының көтерілуіне патша өкіметінің қазақтарды "ішкі жаққа", Жайық сыртына өткізбей, оған тыйым салуы басты себептердің бірі болды. Сонымен қатар, империяның өлкедегі отаршылдық үстемдігін нығайту мақсатында жаңа актілер қабылданды. Мəселен, казактарға қазақтардан адамдары мен малын өз бетімен тартып алуға, күдік тудыратын кез-келген қазақты ұстауға ресми түрде рұқсат етілді. Ал казактар ретінде тақ қызметінде жүрген қалмақтардың, башқұрттардың, татар-мещеряктардың қолымен ұлтаралық араздық саясаты жүзеге асырылды. Хан, сұлтан, жайық казак əскері мен патша əкімшілігі тарапынан ашықтан-ашық талап-тонау мен халыққа зорлық-зомбылық жасалды. Қазақ қоғамының өз ішінде феодалдану үрдісі тереңдей түсті, феодалдық аристократия мен ру шонжарларының мүдделері барған сайын алшақтай берді. Хандар мен сұлтандардың үстем тобы дəстүрлі шонжарлар – ақсақалдармен, билермен, батырлармен барған сайын азырақ санасып, олардың құқықтарына қысым көрсетті. Олар барған сайын патша өкіметінің дала өңіріндегі тірегіне айналды. Ұзаққа созылған саяси алауыздықтардың нəтижесінде байбақты руынан шыққан батыр Сырым Датов бастаған топ бөлініп шықты. Қазақтың дəстүрлі мəдениетінде Сырым атақты би жəне шешен ретінде белгілі. Ол ішкі өмірдің көптеген мəселелерін шешкен, ал оның шешендік өнері талай ұрпақтарға үлгі болған. Жеке басының ержүректілігі, ерлігі, табандылығы жəне сирек кездесетін қайрат-күші оған батыр даңқын əперді. Өзі басшы болған осы көтерілісте Сырым Датов осы жақсы қасиеттерінің бəрін танытты. ХVIII ғасырдың 80-жылдарының басында даладағы жағдай əбден шиеленісіп кетті.
1782-1783 жылдың қысындағы жұт қазақ шаруашылықтарына қатты соққы болып тиді, мал қырғынға ұшырады. Жағдайды пайдаланып казак əскерлері ішкі жаққа көшіп барған қазақтардың малын тартып алса, өкімет орындары қазақтарды үлкен көлемде айып төлеуге мəжбүрледі. Осы əрекеттерге жауап ретінде қазақтар Орал бекініс шебінің бойындағы редуттарға, бекіністер мен қамалдарға толассыз шабуыл жасай бастады. Сырым батырдың алғашқы соққылары қазақ ауылдарын шапқан казак-орыстарға қарсы бағытталды. Осы тұста А.Ф. Рязанов пен М.П. Вяткиннің анықтауынша Сырым қазаққа озбырлығымен аты шыққан казак-орыс Чагановты қолға түсіріп Хиуаға сатып жіберген [7, с. 96. с. 198.]. 1783 жылғы шапқыншылықтардың бірінде С. Датов орал казактарының қолына түсіп қалып, оны босату үшін Нұралы хан үлкен көлемде өтем төлеуге мəжбүр болды. Өйткені Сырым ханның қарындасына үйленген болатын. С.Датовтың ел ішіндегі беделі де ханды осы əрекетке мəжбүр етті. 1786 жылы жаз айында Кіші жүз қазақтарының қоғамдық-саяси өміріне жаңаша сілкініс әкелді. Нұралының Орынборға кетуі, оның кейін елге қайтпауы, Әбілқайыр тегіне қатты соққы болды. Өз дегені мен патшаның саясатын жүзеге аса бастағанына мол үміт артқан О.А. Игельстром қазақ ордасын көп ұзамай отарлаған өзге халықтар сияқты біржолата еркі мен бостандығынан айырып, дәстүрлі хандық басқаруынсыз-ақ жік-жікке бөліп, тікелей орыс шенеуніктеріне билетуді көздеді.
1784 жылы А.И. Апухтин қолға алған шекаралық сот, оған қосымша ретінде старшындар басқаратын распавалар құру қажеттігін алға тартты. Патшаның қазақтардың дәстүрлі басқару жүйесін реформалауында татар молдаларына бірден-бір сенім көрсетілді. О.А. Игельстромның түсінігінше Кіші жүзге барар молдалардың алдымен орыс үкіметіне адалдығын білуі тиіс еді. Сондықтан да, шекаралық сот пен расправаларға қазақтардан қолдау табу үшін 1-2 орыс шенеунігінен гөрі, молдалардың көбірек Ордаға кетуіне жағдай жасады. Олар арқылы алдымен дайындалып жатқан реформаның тиімділігін дәлелдеп, қазақтардың ішінен қолдау табуды ойлады. 1784 жылғы қарашаға қарай Сырым батыр Сағыз өзенінде 1000 адамнан тұратын ірі жасақ жинады, оның маңызды міндеті патшалық өкімет орындарына қарсы қимылдау болатын. Сырымның өз бетімен іс-əрекет етуі оның Нұралы ханмен ара-қатынастарының алшақтауына себеп болды. 1784 жылы Сырымның ең үлкен соққысы Орынбордан жоғары Танальыцк қорғанында болды. Казак-орыстардың мойындауынша 176 адам қазақтар қолына тұтқынға түскен.
1785 жылдың ақпан-наурызында Орынбордан Елек өзені жоғарғы жағына көтерілісті басып-жаншуға генерал-майор Смирнов бастаған 2669 әскер, екі зеңберекпен шықты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты басты мақсатына жете алмаған жазалаушы отряд қайтар жолда бейбіт қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратып, малдарын айдап əкетті. Жазалаушылардың көрсеткен жəбірі халықтың ашу-ызасын күшейтті. Сол кезге дейін көтеріліске қатыспаған көптеген ауылдар көтерілісшілерге қосылды. Көтерілісшілердің негізгі күші Сағыз өзені бойында шоғырландырылды. Сырым Датовтың қоластына 2700 адам бірікті, ал жалпы көтерілісшілердің саны 6000 жетті. 1785 жылдың көктемінде көтерілісшілер Антонов форпостына, кейіннен Сахарна бекінісіне шабуыл жасады. Алайда гарнизондар алдын-ала дайындалып отырғандықтан бұл шабуылдар сəтсіз аяқталды. Кейін шегінуге мəжбүр болған көтерілісшілер алысқа кетпей, орыс бекіністеріне жиі-жиі шабуылдар жасап тұрды. Көтерілісшілер саны күннен-күнге көбейіп отырды, ал отаршылдық билік аппаратымен тығыз байланыста болған Кіші жүз ханы Нұралының беделі төмендеді. Халық ханнан сырт айналып кетті, ал патшалық өкімет орындары ханның дəрменсіздігіне көз жеткізді. Осындай жағдайда патша əкімшілігі ханның қатысуынсыз көтерілісшілермен тікелей келіссөз жүргізе бастады. Нəтижесінде Кіші жүзді үш бөлікке бөліп, оларды старшындар басқаруына беру туралы шешім қабылданды. Сырым Датов оларға кеңесші болып тағайындалды.
1786 жылғы 3 маусымда II Екатерина Нұралыны хан билігінен шеттету туралы рескриптіге қол қойды. Нұралы Орынборға шақырып алынып, ол жерден Уфаға жөнелтілді. Осы тұста зерттеуші Ә. Мұқтар Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде үш бағыт айқын көзге түскендігін орынды көрсетеді. Алдымен, старшындардың басым көпшілігі қолдаған, Қайыпты хан сайлау арқылы Әбілқайыр тегін халық сенімін ақтамаған негізінде биліктен айыру; екінші, Ералы сұлтан бастаған қазақтар. Олар Нұралы ханды Ордаға қайтарып, хандықты қайта қалыпқа келтіру; үшінші, Ресей мүмкіндігінше хандық басқаруды мүлдем жою бағытында жүмыс жасады [8, 150-б.].
Аталған үш бағыттың ішінде Ресей империясы үшін кіші жүзде хандық билікті жою бағытының үстем болғандығы анық болатын. Патша үкіметі қалыптасқан жағдайды пайдаланып, хан билігін жоймақшы болып шешті. Сыртқы істер алқасы Орынбор генерел-губернаторы Игельстромға Кіші жүзді басқару жобасын əзірлеуді тапсырды. "Игельстром реформасы" деп аталған бұл жоба 1786 жылдың көктемінде мақұлданып, бекітілді. "Реформаның" мəні Кіші жүзде хан билігін жоюға əрекет жасауда болатын.
Саяси билік Орынбор əкімшілігінің қолында шоғырланды. Генерал-губернатордың жанынан жүздерді басқарудың жаңа органы - феодал шонжарлар мен патша əкімшілігінің өкілдерінен - Орынборда Шекаралық сот құрылды. Əкімшілік органдар - ру ақсақалдары кіруге тиіс болған "расправалар" осы сотқа бағынды. Сөйтіп, патшалық өкімет орындары сол кездегі дəстүрлі билік иелері шонжарларға сүйенуге үміттенді. Ең ықпалды ақсақалдарға "бас ақсақал" атағы енгізілді, оларға барлық руларды қадағалап отыру міндеті жүктелді. Басқару жүйесіндегі төменгі буын ру ақсақалдары болды, оларға айлық тағайындалды. Алайда беделді ақсақалдар мен билердің көпшілігі "реформаға" қарсы шықты. Олар ақсақалдардың пайдасына ханның құқықтарын шектей отырып, хан билігін сақтап қалғысы келді.
"Реформаны" жүргізу барысында Игельстром Орал казак əскерінің қазақ ауылдарына шабуыл жасауына тыйым салды. Қазақ малшыларына қыстыгүні Жайық пен Еділ арасындағы жерге көшіп бару мүмкіндігі берілді. Орынбор айырбас сарайында сауда жандана түсті. Алайда өкімет ойластырған "тыныштық" орнамады, қазақтар өз қимылдарында дербестікті нығайтуға жəне Орынбор əкімшілігіне тəуелсіз болуға ұмтылды. Патша үкіметі Кіші жүзде жүргізіліп жатқан басқару реформасының күткендегідей нəтиже бермегенін көрді. Оның бірнеше себептері болды: Əбілқайыр ұрпақтарының осындай жолмен биліктен шеттетілуі əрине олардың қарсылығын тудырды. Хан билігін талап еткен Кіші жүз сұлтандарының күресі Орта жүз сұлтандарынан да қолдау тапты. Олар Кіші жүзде хан билігінің жойылуы таяу болашақта Орта жүзде де хан билігінің жойылуын туғызуы мүмкін екенін түсінді. Сонымен бірге, жаңадан құрылған билік органдары- "расправалар"- көшпелі өмір жағдайында өзінің тиімсіз екендіне көзін жеткізді. Осындай жағдайда патша өкіметі хандық билікті қалпына келтіруге бағыт алды. ХVIII ғасырдың 90-жылдарының басынан Орынбор əкімшілігінің отарлау саясаты бұрынғысынан да күшейе түсті. Орал казактарының бейбіт ауылдарға шабуылдары жиілеп кетті, ал жергілікті патша əкімшілігі оларды көтермелеп отырды. 1790 жылдың тамызында Нұралы хан Уфада қайтыс болды. Нұралыдан бастап, содан кейінгі Кіші жүз хандарының бәрі бұрынғы мағанасындағы хандар емес, аты "хан" болғанымен, іс жүзінде өзінде билік жоқ, тізгіні Ресей үкіметінде, Ресей патшасының наместнигі есебінде қызмет істеген хандар еді. Патша əкімшілігінің күш-жігері нəтижесінде 1791 жылдың қыркүйегінде оның інісі Ералы хан болып сайланды. Бұл көтерілістің жандануына себеп болды. 1792 жылдың жазына қарай көтеріліс бүкіл жүз аумағын қамтыды. Сол жылдың күзінде Сырым Датов Елек қалашығын шабуылмен алмаққа əрекет жасады, бірақ ол сəтсіз аяқталды. Көтеріліс партизандық соғыс сипатын алды. Халықтық қозғалыстың жаңа өрлеуі кезеңінде Сырым Датовтың жалтақтығы мен солқылдақтығы көрінді. Ол хан билігін жою талабынан бас тартты. Ералы ханға қарсы күрес жүргізе отырып, хандық биліктен дəмелі сұлтандар тобына қолдау көрсетті.
1794 жылдың жазында Ералы хан қайтыс болды, біраз уақыт патша үкіметі жаңа хан сайлауға шешім қабылдай алмады. Тек 1796 жылдың қазанында Нұралының ұлы Есім хан болып жарияланды. 1796 жылдың қысы аса ауыр болып, мал жұтқа ұшырады, халық арасында аштық жайлады. Осыған қарамастан Есім хан көтерілісті басу үшін белсенді əрекеттер жасай бастады. Оған жауап ретінде 1797 жылдың наурызының 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер отряды хан ауылына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді. Жағдай күрт шиеленісіп кетті. Игельстром қайтадан губернатор болып тағайындалды. Жаңа қалыптасқан жағдайда патша əкімшілігі өзінің тактикасын өзгертті - 1797 жылдың тамызында Əбілқайырдың ұлы Айшуақ басқарған Хан кеңесі құрылады. 1797 жылдың қазанында Айшуақ хан болып сайланды, оған сұлтандар мен старшындар қолдау көрсетті. Сұлтандар мен ру ақсақалдарының бітімге келуі Кіші жүздегі шиеленісті бəсеңсітті, көтеріліс бірте-бірте əлсіреп, тоқтады. Сырым Датов Хиуа хандығы аумағына көшіп кетті. Көп кешікпей сол жақтан Сырым Датовтың у беріліп өлтірілгені туралы хабар жетті. Аса күшті ұлт-азаттық қозғалыстар санатындағы Сырым Датов басшылық еткен қозғалыс осылай аяқталды. Халық көтерілісінің жеңіліс табуына сұлтандармен мəміле жасасқан билер мен ақсақалдардың сатқындығы, көтеріліс басшыларының, атап айтқанда, Сырым Датовтың солқылдақтығы мен жалтақтығы себеп боды. Оның үстіне патша үкіметінің Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етуі жайылымдар туралы мəселенің өткірлігін уақытша бəсеңдетті, көтеріліс себептерінің бір маңызды мəселесін алып тастады.
1783-1797 жылдардағы халық бұқарасының күресі қазақ халқының тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Қозғалыс ұлттық сана-сезімнің өсуіне жəрдемдесті жəне ұлт-азаттық сипатта болды.
Қорыта келгенде ХVІІІ ғасырдың аяғында Ресей империясының отарлауына қарсы күрескен Сырым Датовтың ұзақ жылғы күресі отарлауға қарсы соққы берумен қатар, Нұралы ханның билігін шайқалтты. Сырым бастаған күрес ХІХ ғасырда да өз жалғасын тауып, Жоламан, Кенесары, Исатай-Махамбет, Жанқожа, Әзберген, Сыздық сұлтандардың қарулы қарсылығымен жалғасып, азаттыққа деген күрес бір сәтте толастамағаны тарихтан белгілі.