Бұл кезде сары және қара түргештердің арасындағы күрес 20 жылға созылып,
қағандықтың саяси және әкімшілік жағдайы мүлде әлсірейді. Қағандықтың мұндай
жағдайын біліп отырған Қытай империясы Куш қаласындағы (Шығыс Түркістан)
әскерлерін Жетісуға аттандырып, 748 жылы Суябты жаулап алады. Одан соң Шашты
(Ташкент) алып, оның әмірін өлтіреді. Шаш әмірінің баласы арабтарды көмекке
шақырады.
751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласында көмекке келген араб әскерлерімен
түргештер бірлесе отырып, қытай әскерлеріне күйрете соққы берді. Аман қалған қытайлар
Жетісудан біржолата кетуге мәжбүр болды.
Мұндай шайқастардан кейінгі ел ішіндегі қиын жағдайды өз пайдасына шешуге әрекет
жасаған қара түргештердің тарханы Жыпыр 749-753 жылдары қағандықты өз қолына
алды. Бірақ оның билік құрған кезінде де жағдай жақсара қоймады. Жікке бөлінушілік
тоқтамайды, керісінше бұрынғыдан да ушыға түседі. Талас-тартыс жылдан-жылға
шиеленісіп, Түргеш қағандығы біржолата әлсірейді.
Бұл сәтті Атлах шайқасына қатысқан қарлұқ тайпасының көсемдері пайдаланып, 756
жылы Түргеш қағандығын құлатып, билікті өз қолдарына алды.
Достарыңызбен бөлісу: