Байланысты: 1.« аза стан тарихы» курсыны п ні, ма саты мен міндеттері
Дербес меншік-дербес саясат Қоғамдық сананың өзгеруіне түрткі болған ең ауқымды реформалардың бірі – жекешелендіру науқаны екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының «жабайы кезең» деп аталуы көбінесе нақ осы жекешелендіруге қатыстырылып айтылады. Себебі, бұл нағыз дағдарыс пен қарама-қайшылыққа толы уақыт болды. «Қызыл империяның» бодандығынан босап, азаттықтың алғашқы жылдарында ұлттық сананың өрлеуімен қатар қоғамдық өмірдің барлық саласын меңдеген дағдарыс та көрініс берді. Гиперинфляция, бағаның шарықтауы, көптеген кәсіпорындардың талан-таражға түсуі, дефицит – сол кезең көбінесе осы тектес сөздермен сипатталатыны рас.
1992 жылы бар-жоғы бірнеше ай ішінде азық-түлік тауарлары 4 есе қымбаттап шыға келді. Кәсіпорындар мен қарапайым азаматтардың жинақтары құнсыздануы да күтпеген жағдай еді. Жағдайды уақытша болса да тұрақтандыру үшін карточкалық жүйеге көшуге мәжбүр болды. КСРО-ның ыдырауынан ең әуелі Қазақстан мен Орта Азия елдерінің экономикасы зардап шекті. Себебі, Ресей, Украина мен Балтық жағалауы елдеріндегідей емес, бізде дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың саны өте аз еді. Отандық экономиканың сыртқа деген тәуелділігі өте үлкен болатын. Жан басына шаққандағы табыс жөнінен бұл елдер Орта Азия мемлекеттерінен көш ілгері болатын.
КСРО экономикасындағы Қазақстанның ролі қанбай болғанын түсіну үшін мына дерекке назар аударсақ жеткілікті. Оны өзімізде өңдеудің орнына басқа елдерге шығарумен шектелдік. Мәселен, Қазақстанда өндірілген мұнайдың 70 пайызы, темір рудасының 55 пайызы, қара металлдың 46 пайызы және негізгі химия өнімдерінің 54 пайызы шетелге шығарылды. Сол уақытта республика сырттан әкелінетін, жан басына шаққандағы халық тұтынатын тауаларды өндіру бойынша бұрынғы КСРО-ның 15 республикасы арасында 12-ші орынды иеленді. Тағы бір дерек: КСРО заманында мемлекеттік кәсіпорындардың 90 пайыздан астамы экономикалық тұрғыдан өзін өзі ақтамайтын өндіріс ошақтары болды. Былайша айтқанда, республика өз күшімен қажеттілігін өтей алмайтыны анық еді. Сондықтан, жаңа республиканың алдында маңызды өзгерістер жасау міндеті тұрды.
Тәуелсіздік алғалы еліміздегі ең даулы да қарама-қайшылыққа толы тақырыптардың бірі – жекешелендіру мәселесі екені даусыз. Сөз реті келгенде айтай кетейік, бұл Қазақстанға ғана емес, социалистік жүйеден нарықтық экономикаға өткен барлық елдерге тән. Дегенмен, Чехия мен Польшаға қарағанда Қазақстанның жағдайы анағұрлым күрделі болатын. Себебі, біздегі жекешелендіру жұмысы мемлекеттік институттар құрумен бір мезгілде жүргізілді. Батыс инвесторлары Шығыс Еуропа елдеріне қаржы құюға дайын тұрса, есесіне Қазақстанды олар «жабайы ел» ретінде қабылдағаны рас.
Жекешелендіруге келгенде әр мемлекет жеке-жеке саясат ұстануды жөн көрді. Айталық, көршілес Өзбекстан мемлекеттік меншіктен айырылғысы келмеді. Мұндай үрдіс Белоруссияда да байқалды. Кейінгі жылдар көрсеткендей, бұл қате ұстаным болды. Жекешелендіру ісін неғұрлым ерте бастаған мемлекеттерде шағын және орта кәсіпкерлік соғұрлым жылдам дамитынын экономист мамандар мойындады.
Әйтсе де, жекешелендіру кезінде айтарлықтай қателіктерге жол берілгені де ақиқат. Алғашында жұртқа таңсық көрінген инвестициялық купондар шықты. Дегенмен, қорларды басқарушыларға кәсіби біліктілік пен қаржы талаптары қойылмағандықтан жекешелендірудің алғашқы жылдары сәтсіздіктерге толы болды. Кәсіпорындар тоқтады немесе қоймаларды толтырумен болды. Халық тұтынатын тауарларды өндіру үздіксіз қысқартылды. Бос қалған сөрелер ұсыныс пен сұраныстың сәйкес еместігін көрсетті. Оңдаған мың адамдар жұмыссыз әрі күн көріске қажетті қаржысыз қалды. Халықтың көкейінде түңілу мен билікке деген сенімсіздік пайда болды.
Елімізде жекешелендіру реформасы төрт кезеңде өткізілді. Әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері мен міндеттері болғанымен, олар бірін-бірі толықтырып тұрды.Ұзақ жылдарға созылған процесс 1991 жылдың 22 маусымында «Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру туралы» Заңның қабылдануынан басталды. Оған сәйкес мемлекеттік органдар кәсіпорын ұжымынан тек тиісті өтінім келіп түскеннен кейін ғана шешім қабылдайтын болды. Яғни, барлығы тек ынталы түрде, ұжымның шешімі негізінде жүргізілді. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысу үшін төлем құралы ретінде тұрғын үй жекешелендіру купондары тегін ұсынылды. Бір купонның құны сол кездегі рубльге пара-пар болды. Республикада біртіндеп қызмет көрсету нарығы қалыптасты. Жекешелендірудің бірінші кезеңінің нәтижелері меншік иелері тобын қалыптастырушы кәсіпкерліктің дамуына түрткі болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 1991-1992 жылдар аралығында мемлекеттік мүліктің 4771 обьектісі қайта құрылды. Жекешелендірілген кәсіпорындардың жалпы санының 60 пайызын бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық және басқадай обьектілер құрады. Соның басым бөлігі сауда (29,6 пайыз) және тұрмыстық қызмет көрсету (25,8 пайыз) обьектілерінің үлесіне тиді.