Көшпелі өзбектер мемлекеті (1428–1468): территориясы және этникалық құрамы. Жәнібек пен Керей сұлтандардың қоныс аударуы (1459). Хандық биліктің ыдырауы
22.Көшпелі өзбектер мемлекеті (1428–1468): территориясы және этникалық құрамы. Жәнібек пен Керей сұлтандардың қоныс аударуы (1459). Хандық биліктің ыдырауы. Әбілқайыр хандығының құрылуы, оның этникалық құрамы мен жер аумағы. Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде XV ғ. 20-шы жылдары Орталық және Солтүстік Қазақстан жерінде жергілікті ру-тайпа билеушілерінің қолдауымен Жошы ұлы Шибанның (Сабан, Шайбан) ұрпағы Әбілқайыр жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалайды. 1428 ж. Батыс Сібірдегі Тұр атты мекенде ол хан жарияланады. Ханды сайлау салтанатына сұлтан, оғлан, батыр, ру-тайпа басыларымен қатар ислам дін басылары да қатынасады. Ал Әбілқайырды қолдаушылардың арасында қыят, маңғыт, чинбай, жан, табғұт, дүрмән, құщы, утарчи, найман, өкреш-найман, тубай, таймас, чат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, ичкі, ичкі-маңғыт, түмен және басқа ру-тайпалардың өкілдері болады. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы Ақ Орданың, белгілі дәрежеде Ноғай Ордасының құрамына да жақын болды. Міне осы тілі, шаруашылық түрі, тұрмыс-салты жағынан туыс тайпалар одағын дерек көздері XIV ғ. 60-шы жылдарынан жинақы атпен “өзбек” деп атады. Бұл кезде ол халық аты (этноним) емес, тек саяси мағынадағы сөз еді.
Деректер Әбілқайыр ханның Шибан тұқымы сұлтандармен бірге маңғыт жұртының билеушілеріне де сүйенгендігін айтады. Қадырғали би Жалайыр Әбілқайыр ханның маңғыт Уақас бимен арадағы достығын суреттеп “екеуі бір кесенің екі шетінен бөліп бал ішетін еді” дейді. Соған қарағанда ханның тасының өрлеуіне бидің көмегі аз тимесе керек.
Әбілқайыр ұлысы батысында Жайықтан, шығысында Балқашқа, оңтүстігінде Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысынан, солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта сағасына дейінгі аралықты қамтыды.
Әбілқайыр хандығының нығаюы. XVғ. 30-40-шы жылдары Әбілқайыр хан Мауреннахр және Сырдың орта сағасындағы қалаларға бірнеше жорықтар жасайды. Хан деп жариялағаннан көп кешікпей ол Тобыл өзені бойында Шайбани әулеті Махмұд Қожаны талқандады. 1430 ж. оның әскері қысқа мерзімге Хорезмді алады. 30 жж. басында ол дұшпандары Махмұд хан және Ахмет хандарға қарсы жорыққа аттанып, жеңіп шықты. 1431 ж. Әбілқайыр Екіретүп деген жерде Тоқай-Темір ұрпақтарына қарсы шайқасып, жеңіске жетеді. Хан көптеген дүние-мүлік олжалап, одан кейін Орда-Базарды бағындырып, оны өзінің астанасы етеді. 1446 ж. Әбілқайыр Атбасар маңында Мұстафа ханды тас-талқан етеді. Бұл жеңістен кейін Әбілқайыр хан қолдары Сыр бойындағы және Қаратау етегіндегі Созақ, Сығанақ, Ақ Қорған және Өзген қалаларын өзіне қаратып, Сығанақты хандығының астанасына айналдырады.
Дегенмен, Әбілқайыр ұлысының ішінде саяси тұтастық терең тамыр жая алған жоқ-тын. Жошы ұрпағынан тарайтын сұлтандардың біразы, арасында Ұрыс ханнан тарайтын Жәнібек хан мен Керей сұлтан бар топ Әбілқайыр ханмен жараса алмай, өзара араздық отын жағады. Ішкі алауыздыққа сырттан қалмақтар тарапынан төнген шабуыл қаупі қосылады.