Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ.
Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.