БҰҰ ҚК мүше ретінде Қазақстанның қызметі. ЕҚЫҰ –на Қазақстанның төрағалығы және оның нәтижелері.
2016 жылдың 28 маусымы күні еліміз Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды, бітімгерлік миссиясын атқаруды көздейді. Сондай-ақ, ұйым халықаралық санкциялар салу және Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешумен айналысады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамаларының негізі — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңеске жолдаған саяси Үндеуі. Онда Президент БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, бейбітшілікті арттыру; жер шарын соғыстар мен қақтығыстардан арылту үшін күш-жігерді біріктіру қажеттіліктеріне баса назар аударған.
2008 жылғы ЕҚЫҰ-ның Қазақстан үшін тарихи Мадрид саммитінде Қазақстан Республикасы 2010 жылы аталмыш ұйымға төраға болып бекітілді. Осы уақыттан бастап Қазақстан үшін белгілі дəрежеде «жаңа тарих» басталды деп те айтуға болады. Өйткені осы кезеңнен бастап елдегі барлық жүргізіліп жатқан шаралар төрағалық деңгейінен бағаланатын болды. Төрағалық елдің саяси жүйесін демократияландыруда бірнеше «батыл» реформаларға баруға жəне саяси жүйені реформалауда кезек күттірмейтін шараларды қолға алуды талап етті. Мəселен: Қазақстан президенттік республикадан президенттік – парламенттік республикаға өтуді, саяси партиялардың Парламенттік партияларға ұласуының алғышарттарын қалыптастыруды, тəуелсіз БАҚ қалыптастыруды шындап қолға алды. Бұл шараларда Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінен көш ілгері кетті. Мұның бəрі əлемдік қауымдастық тарапынан дұрыс бағалануда. Əрине, демократия жолы оңай емес, бірақ қоғам демократияға дайын емес, қазақ халқына демократия жат деген жаңсақ пікірлер келмеске кетті. Қазақстан азаматтық қоғам құру жолында өзіндік жолды таңдауда.
Нұр-Сұлтан – жаңа Еуразияның символы және үлкен болашақтың қаласы.
Нұр-Сұлтан (бұрынғы атаулары: Ақмолинск, Целиноград, Ақмола, Астана) — 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының елордасы. Акмолинск қала мәртебесін 1862 жылғы 26 қыркүйекте алды. 2020 жылғы 1 қаңтар жағдайы бойынша қала түрғындар саны 1 136 008 адам, бұл Алматыдан кейінгі Қазақстандағы екінші көрсеткіш. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Миллионер қаласы мәртебесіне 2017 жылдың маусымында қол жеткізілді, ол кезде тұрғындар саны 1 002 874 тұрғын болды. Нұр-Сұлтан елдің солтүстігінде Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Әкімшілік жағынан қала 4 ауданға бөлінген.
Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекеттің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді.