2.Дүние жүзілік ресурстық проблемаларға талдау жасаңыз Ғаламдық проблемалар - әлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогендік немесе таза антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жаһандану деп аталады. Қазіргі танда Халықаралық деңгейде мынадай ғаламдық проблемалар бар:
• Ресурстар проблемасы;
• Азық-түлік немесе ашаршылық проблемасы;
• Энергетикалық проблема;
• Демографиялық проблема;
• Климаттың өзгеруі;
• Экологиялық проблемалар;
• «Үшінші әлем» елдерінің артта қалуын жою;
• Қауіпті ауруларды жою;
• Әлемдік мұхит пен космосты игеру;
• Қылмыспен және терроризммен күрес;
• Наркобизнеспен күрес.
Озон қабатының (озоносфераның) бұзылуы. Атмосферадағы озонның мөлшері бар болғаны 0,004%-ды құрайды. Стратосферада (10-50 км биіктіктегі) қалыңдығы 2-4 мм-ді құрайтын қабат. Атмосферада электр зарядтарының, Күннің ультракүлгін радиацияларының әсерінен оттегінің молекуласынан (02) озон молекуласы (О3) түзіледі. Озон қабаты биосфераның жоғарғы шекарасы болып есептеледі. Одан жоғары орналасқан қабаттарда тіршілік нышаны білінбейді. Жер бетіндегі барлық организмдердің тіршілігіне қауіпті Күннің өте қысқа ультракүлгін сәулелерін сіңіріп отыруына (6500 есе) байланысты озон қабатын «қорғаныш қабаты» деп те атайды. Озон қабатының 50%-ға бұзылуы ультракүлгін радиацияларды 10 есеге көбейтеді. Озон қабатынан күннің ұзын толқынды ультракүлгін сәулелері (290-380 нм) өтіп кетеді. Біраз мөлшерде тіпті бұл сәулелер адам үшін пайдалы да: терімізді қарайтып күйдіреді, организмнің қорғаныштық қызметі артады. Тал түсте ультракүлгін сәулелердің концентрациясы көп болғандықтан, күнге күйіп қыздырыну процесін шаңқай түске дейін жүргізген жөн. Озон қабатының бұзылу процесіне ғарыштық аппараттар, дыбыстан да жылдам ұшатын ұшақтар және ондағы толық жанып бітпеген отын өнімдері және ядролық жарылыстардан бөлінген заттар әсер етеді.
Парникті эффект (жылу эффекті). Жанғыш қазбаларды өртеу және басқа да өнеркәсіптік процестер әсерінен бөлініп, атмосферада жинақталатын көмір қышқыл газ (С02 ), көмірсутектер, яғни, метан (СН4), этан (С2Н6) және т.б. (жоғары концентрациясы болмаса бұл заттар жекелей аса қауіпті емес) газдары парникті эффектінің пайда болуына алып келеді. Парникті эффектінің механизмі қарапайым. Бұлтсыз ауа райы ашық кезде күн сәулелері Жер бетіне оңай жетіп топырақ, өсімдіктер жамылғысымен сіңіріледі. Жер беті қызған соң жылу энергиясын ұзын толқынды сәулелену түрінде атмосфераға қайта береді. Алайда бұл жылу энергиясы атмосферада шашырамай жоғарыда айтылған газдардың молекулаларымен сіңіріліп (С02 жылу энергиясының 18%-ын сіңіреді), молекулалардың қарқынды қозғалысына және температураның көтерілуіне алып келеді. Атмосфералық газдар (азот, оттегі, су парлары) жылу сәулелерін сіңірмей, керісінше оларды шашыратады.
Климаттың ғаламдық жылуы - биосфераның антропогендік ластануының бір көрінісі. Бұл климаттың және биотаның өзгеруі: экожүйедегі өнімділік процестерінің, өсімдіктер қауымдастықтары шекараларының, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің өзгеруінен білінеді. Әсіресе климаттық өзгерістер Солтүстік жарты шардың жоғары және орта ендіктерінде қатты байқалады. Бұл аймақтардың табиғаты әртүрлі әсерлерді қабылдағыш келеді, сондықтан да оның қайта қалпына келуі өте баяу жүреді. Болжамдар бойынша, температураның көтерілуі дәл осы жерлерде жоғары болады. Тайганың аумағы кей жерлерде солтүстікке қарай 100-200 км-ге, кей жерлерде одан азырақ жылжиды. Температураның көтерілуіне байланысты мұхиттардың деңгейі 0,1- 0,2 м көтеріледі. Бұл өз кезегінде үлкен өзен аңғарларының (әсіресе Сібір өзендерінің) су астында қалуына алып келеді.
Қышқыл жаңбырлар. Ғаламдық негізгі экологиялық проблемалардың бірі атмосферадағы ластаушы заттардың ұзақ қашықтықтарға тасымалдануы. Алғашында бұл проблема радиоактивті заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына байланысты пайда болды. Негізінен күкірт диоксиді және оның қосылыстары, азот оксиді және оның қосылыстары, ауыр металдар (әсіресе сынап), пестицидтер, радиоактивті заттар сияқты улылығы жоғары заттардың таралуына баса назар аударған жөн.
Әлемдік мұхит проблемалары. Жер бетінің 2/3 бөлігін алып жатқан Әлемдік мұхит - суының салмағы 1,4-1021 кг-ды құрайтын үлкен резервуар. Мұхит суы планетадағы су қорының 97%-ын құрайды. Сондай-ақ Әлемдік мұхит планета халқының тағам ретінде пайдаланатын барлық жануарлар белоктарының 1/6 бөлігімен қамтамасыз етеді. Жер бетіндегі тіршілікті сақтауда негізгі роль мұхитқа, оның ішінде мұхиттың жағалаудағы аймақтарына жатады. Өйткені планета атмосферасына түсетін оттегінің 70% планктондарда жүретін фотосинтез процесінің нәтижесі. Әлемдік мұхит биосферадағы тепе-теңдікті сақтауда үлкен роль атқаратын болғандықтан, оны қорғау халықаралық экологиялық өзекті мәселелердің бірі.
Ормандардың азаюы. Жаңбырлы тропикалық ормандар оттегінің басты көзі және оттегі тепе-теңдігін сақтауда үлкен роль атқарады. Сондықтан тропикалық ормандарды «планетаның жасыл өкпесі» деп те атайды. Соңғы 50 жылда адамның қатысуымен Жер бетіндегі ормандардың 2/3 бөлігі, ал соңғы 100 жылда Жер бетіндегі орман массивтерінің 40% жойылған. Жыл сайын дүние жүзінде 15-20 млн гектар (Финляндия аумағындай) Спопикалы қ ормандар жойылуда. Соңғы 10 жыл ішінде ормандардың жойылу қарқыны 90%-ға өсіп, жылына 1,8%-ды құрайды. Ең көп шығынға ұшыр ап жатқан елдердің қатарына Бразилия , Мексика, Үндістан, Тайланд жатады. Егер тропикалық ормандар осындай қарқынмен жойыла берсе 30-40 жылдан соң Жер бетінде мұндай ормандар қалмайды. Тропикалық ормандар аумағының азаюы әсерінен атмосферадағы оттегінің мөлшері XX ғасырдың ортасымен салыстырғанда жыл сайын 10-12 млрд тоннаға азайып, ал көмір қышқыл газының мөлшері 10-12%-ға көбеюде, яғни, оттегі тепе- теңдігінің бұзылу қаупі бар.
Шөлейттену Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына және белгілі бір территориядағы органикалық тіршіліктің барлық формаларының деградацияға ұшырауына алып келетін табиғи және антропогендік процестердің жиынтығы, яғни, адамның қатысуынсыз табиғи экожүйенің орнына қайта келмейтіндей өсімдіктер жамылғысын жоғалтуы шөлейттену деп аталады. Шөлейттену негізінен ылғалы тапшы аудандарда табиғи және көбіне антропогендік факторлардың әсерінен (орман ағаштарын Қырқу, жайылымдарды үздіксіз пайдалану, суғару жұмыстары кезінде су ресурстарын үнемсіз пайдалану және т.б. пайда болады. Шөлейттену әлемнің барлық табиғи аймақтарында жүруде.
Өнеркәсіптік қалдықтар Өнеркәсіптік (өндіріс орындары) қалдықтар - өнімдерді шығару және әртүрлі жұмыстарды орындау кезінде бастапқы тұтыну қабілетін толық немесе жарым-жартылай жоғалтқан шикізат, материалдар, жартылай фабрикаттар қалдықтары. Олар қайтымды және қайтымсыз (технологиялық шығындар: буға айналу, бықсық түтін, кеуіп кету) болуы мүмкін. Мәліметтер бойынша Еуропа одағы елдерінде жыл сайын: қайта өңдеу өнеркәсіп орындарында - 400 млн тонна, өндіріс орындарында - 160 млн тонна және т.б. қалдықтар түзіледі. 90-шы жылдардың бас кезінде барлық қалдықтардың (2,2 млрд тонна) жартысы ауыл шаруашылығындағы өндіріс орындарының еншісіне тиді.