75. Экономикалық одақ құру туралы шарт. Кеден одағын құру және оның жұмыс істеуі және оның маңызы. Кедендік одақ (ағылш. Customs union; нем. Zollunionf) — екі немесе бірнеше мемлекеттердің өз араларындағы кедендік шекараларды жою және бірыңғай кедендік тариф құру жөніндегі келісімі.
Кедендік одақ аумағында тауарлардың, жұмыс күшінің және капиталдың кеден баждары салынбай, еркін өткізілуіне рұқсат етіледі. Тарихи деректерге сәйкес, кедендік одақ 19 ғасырда орныға бастаған. Франция мен Монако арасындағы (1865 ж), Швейцария мен Лихтенштейн Князьдігі арасындағы (1924 ж.) одақ олардың алғашқылары болып табылады. Біздің кезеңімізге жақын уақытта Еуропалық экономикалық одақ (1957 ж.) - Еуропалық одақ (1993 ж.) және Еуропалық еркін сауда ассоциациясы (1962 ж.) құрылған. Кеңес Одағы дәуірінде социалистік мемлекеттер арасында Экономикалық Өзара Көмек Кеңесі (СЕВ) аясында кедендік мәселелер бойынша бірнеше келісімдер жасалған. Кейбір ақпараттық агенттіктердің мәліметі бойынша, әлемде 30-дан астам түрлі сипаттағы интеграциялық бірлестіктер бар көрінеді. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш ел — Ресей, Беларусь, Қазақстан үшін бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап бірыңғай кедендік кодекс енгізілетін болады. 2011 жылдың ортасынан бастап тауарлардың кедендік бақылауы Беларусь Республикасының, ал бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының сыртқы шекарасына көшірілетін болады. Үкіметтегі білікті мамандар: «Толыққанды және толық ауқымдағы Кедендік 2011 жылдан бастап енгізіледі және Ресей мен Қазақстан шекарасындағы барлық рәсімдеу шаралары шекараның сыртқы жиегіне шығарылады, оның ішінде барлық тарифтік және тарифтік емес: санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық реттеулер бар. Бұлардың барлығы 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгертіледі» деп атап көрсетті. Одаққа бірігудің негізгі мәні одаққа мүше мемлекеттер ішіндегі кедендік тосқауылдардың болмауында және кез келген сыртқы тауарға, оның қай елге тасымалданатынына және ортақ шекарадан қай жерде өткеніне қарамастан бірыңғай кедендік талапты қалыптасуында. Келешекте біртұтас көліктік, энергетикалық, ақпараттық кеңістік құрылуы тиіс, интеграциялық процестер жеделдетіледі, толыққанды жалпы рынок қалыптасады, ұлттық экономикалар біртұтас кешенге бірігеді. Елдер әлеуметтік-экономикалық дамудың ортақ мақсаттарына келіседі, уағдаласқан құрылымдық, инновациялық, сыртқы экономикалық және әлеуметтік саясатты қалыптастырады