да зор болды. Қазақстанға 1954-1962 ж. тың игеруге КСРО-ның еуропалық
бөлігінен 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық
жағдайына түсті. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын
жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың
29 % ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды.
Енді қазақ балалары мектеп–интернаттарда оқытыла бастады. Олардың
басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ
жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды.
Екіншіден, Қазақ елінің елді-мекендері мен жер–су атаулары орысша атала
бастады. 1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік
облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп
өзгертілді. Мұндай орыстандыру саясатынан қазақ халқын еліміздің
тәуелсіздігі ғана құтқарды. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда
жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да
шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары
ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа
шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа
шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының
дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы
шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат
өндіру ұмытыла бастады. Халық үшін ең ауыр тигені сол кезеңде Кеңес
үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тиым салуы болды.
Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Оның негізгі нәтижесі: сол уақыттан
осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Сонымен бірге, Қазақстан астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды.
Тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен, ол XX
ғасырдың аса ірі экономикалық жобаларының бірі болды.
Достарыңызбен бөлісу: