Технологиялық өтпе – тұрақты технологиялық режимдер мен қондыру кезінде технологиялық жабдықтаудың бірдей құралдармен орындалатын технологиялық операциясының аяқталған бөлігі.
Мысалы, алдымен біліктің бір сатысын, сонан соң екіншісін кескішпен тізбектеп кесу екі технологиялық өтпеден тұрады; егер бұл сатыларды бірмезгілде екі кескішпен кесуді орындайтын болсақ (1.1-сурет), онда бұл бір өтпемен кесу болып табылады. Дайындаманың бір бетін алдымен қаралтым, сонан соң таза режимде өңдеу екі технологиялық өтпеден тұрады, себебі бұл жағдайда кесу режимі өзгереді.
Технологиялық өтпені орындау кезіндегі жұмысшының барлық іс-әрекеті жеке-жеке тәсілдерге бөлінеді. Өтпе кезінде орындалатын және бір мақсатқа біріктірілген адамның іс-қимылының аяқталған жиынтығы тәсіл деп аталады. Бекітпе – өңделетін дайындаманың немесе жинақ бірлігінің мықтап бекітілген кезінде орындалатын технологиялық операцияның бір бөлігі.
Дайындама– материалдың формасын, өлшемдерін, бет сапасы мен қасиеттерін өзгерте отырып, деталь немесе ажырамайтын жинақ бірлігін дайындайтын өндіріс заты. Беттердің формасы, өлшемдері және кедір-бұдырлығы өзгермейтін, бірақ технологиялық өтпені орындауға қажетті жұмысшы іс-қимылынан тұратын технологиялық операцияның аяқталған бөлігі қосымша өтпе деп аталады. Қосымша өтпенің мысалы ретінде өңдеу алдында дайындаманы бекітуді, кескіш бастиегін бұруды және т.с.с. айтуға болады. Өтпе жұмыстық және қосымша жүрістерден тұрады.
Жұмыстық жүріс – нәтижесінде дайындаманың формасы, өлшемдері, беттік кедір-бұдырлығы немесе қасиеттері өзгеріске ұшырайтын, аспаптың дайындамаға қатысты алғанда бір рет қана жылжу түріндегі технологиялық өтпенің аяқталған бөлігі. Әрбір жұмыстық жүріс барысында өңдеу режимін өзгертпестен материалдың берілген тереңдіктегі бір қабаты ғана алынады.
Шығару бағдарламасы – жоспарланған период ішінде бұйымның әрбір атауы бойынша шығару көлемі көрсетілген дайындалатын немесе жөнделетін бұйымдардың берілген кәсіпорын үшін бекітілген тізімі.
Дайындау-аяқтау уақыты бойынша бірдей операциялар кезінде белгілі бір уақыт интервалында өңдеуге жіберілетін бір бағыттағы еңбек құралдары мен типтік өлшемдері өндірістік партияны құрайды.
Технологиялық жабдықтар мен технологиялық құрал-саймандарды технологиялық операцияларды орындауға дайындау баптау (наладка) деп аталады. Баптауға жабдықты станокқа, кесу аспаптары жиынтығын өлшемге орнату т.с.с. жатады.
Технологиялық құрал-саймандарға технологиялық үдерісті жүзеге асыруға қажетті өндіріс құралдарының жиынтығы жатады.