Қазан төңкерісі және Қазақстан азаматтық қарсыласу кезеңінде (19181920 жж).
Қазақ АКСР-нің құрылуы. Қазақ жерлерінің ҚКАСР құрамына біріктірілуі.
Қазақстан жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) жылдарында.
Дәрістің мақсаты: Қазан төнкерісінен кейінгі кеңес өкіметінің орнатудың ерекшеліктері, мәні, саяси күштердің тартысы, зардаптары мен елдің шаруашылығының күйзелуін көрсету. Кеңестік Қазақстан республикасының құрылуы күрделі жағдайда жүзеге асқандығын зерделеу.
Дәрістің мазмұны:Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы барысы талданып, кеңестік биліктің азаматтық қарсыласу жылдарындағы қызметі мен экономикалық саясаты, халық шаруашылығын қалпына келтіру жолындағы ісшаралары және Қазақ АКСР-нің құрылуы мәселелері қарастырылады.
1. 1917 жылдың басындағы Ақпан революциясының нәтижесінде патша тақтан құлап қос үкімет орнаған болатын. Бір жағынан негізгі буржуазиялық уақытша билік орнаса, оған балама жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Кеңестері күш ала бастады.
Өкінішке орай 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының нәтижесінде орнаған Уақытша үкімет халықтың мұңмұқтажын толық шеше алмады. Ұлт мәселесі, отарлық езгі, жер мәселесі мен әлеуметтік қанаушылық өз шешімін таппады, патша үкіметінің заңдары өз күшінде қалды. Қазақ өлкесіндегі шұрайлы-шүйгін жерлер казак-орыс иеліктерінде қалса, әлеуметтік артықшылықтар кулактардың, байшонжарлардың қолында болды.
1917 жылдың жаз айларынан бастап барлық өлкеде еңбекші халықтың басым көпшілігі большевиктерді қолдай бастағаны белгілі. Жұмысшышаруалардан құрылған Кеңестердің ықпалы күшейді. «Бүкіл өкімет Кеңестерге берілсін!» деген ұран қарулы көтеріліске жетелеп, Уақытша өкіметті құлатуға шақырды.
1917 жылдың 24 қазанында Петроградта қарулы көтеріліс басталып, жұмысшы-солдаттар жасақтары стратегиялық нысандарды басып алады. Ал, 25 қазан күні Уақытша өкімет құлатылды. Нәтижесінде большевиктер партиясы Ресейде Кеңес билігін орнатады. Олар халықты өздеріне қарату мақсатында «Жер туралы», «Бейбітшілік туралы», «Ұлттардың тәуелсіздігі туралы» декреттерді жариялады. Қазақстанда Кеңес өкіметі екі жолмен орнады. Қазақстанның өндірістік аймақтарында бейбіт түрде, ал казактар шоғырланған өлкелерде қарулы күшпен орнады.
жылдың қазан айынан бастап, 1918 жылдың наурыз айына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның ірі елді мекендері мен қалаларында орнаса, ауылдар мен селолық жерлердің басым көпшілігінде бұл үрдіс азамат соғысы басталғанға дейін созылды. Қазақ өлкесінде Кеңес өкіметін орнату жолында Ә. Жангелдин, О. Жандосов, Т. Бокин, С. Сейфуллин, Ә. Майкөтов, А. Асылбеков, А. Иманов, Т. Рысқұлов, П. Виноградов, Л. Емелев, Я. Ушанов, Ә. Айтиев, Т. Өтепов, А. Розыбакиев тағы да басқалары белсенді қатысты.
Кеңес өкіметі Перовскіде (Қызылорда) 1917 жылдың 30 қазанында, Шымкент қаласында қараша айында, Түркістан, Әулиеата, Қазалы жерінде желтоқсан айында орнады. Петропавлда жұмысшы-шаруа депутаттары Кеңесі темір жол жұмысшыларымен бірлесе отырып, 1917 жылдың 12 қарашасында өз билігін орнатты, ал Өскемен, Семей, Атбасар, Көкшетау, Павлодар жерінде Кеңес өкіметі казак-орыстар мен билеуші топтардың қарсылығына тап болып, қиыншылықтарға кездесті. Семей өлкесіндегі Кеңес өкметі 1918 жылдың ақпанының 17-де орнады.
Торғай, Қостанай, Ақтөбе жерлерінде Кеңес өкіметі 1917 жылдың желтоқсанынан 1918 жылғы наурыз айының аралығында орнады. Жетісу өңіріне келсек, Кеңес өкіметін орнату қарсы күштердің басымдылығына байланысты 1918 жылдың көктеміне дейін созылды.
жылдың наурыздың 2-нен 3-не қараған түні Верныйда әскеритөңкеріс комитеті басқаруымен жұмысшылардан құрылған «Қызыл ұлан» жасақтары және большевиктік әскери полктің жауынгерлері еңбекшілердің қолдауына сүйене отырып, пошта-телеграф, қару-жарақ қоймаларын, маңызды нысандарды басып алып, Кеңес өкіметін орнатты. Наурыз айында Жаркент, Аякөз, Талдықорған, ал сәуірдің бас кезінде Лепсіде Кеңестік билік орнатылды.
жылдың 15-22 қарашасында болған Ташкентте өткен өлкелік съезд Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесі орнағанын атап өтті. Оның құрамында 14 адам болды. Бірақ құрамында бір мұсылман өкілдері болған емес. Большевиктердің жергілікті халыққа деген сенімсіз бұл әрекеті 1917 жылдың 22 қарашасында Қоқандта Бүкілтүркістандық Төтенше IV съездің ашылуына алып келді. Съездің шешімімен оның төрағасы болып алғашқы кезде Мұхаммеджан Тынышпаев сайланса, кейін Мұстафа Шоқай сайланды. Түркістан аумақтық жағынан Ресей Федерациясының құрамындағы Автономиялық Республика болып жарияланды. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамында 32 адам болды. Мұны Түркістан автономиясы немесе орыстар айтқандай «Қоқанд автономиясы» деп атады. 1917 жылдың қарашасында Түркістан автономиясын жақтаған мұсылмандардың үлкен халық шеруі болды. Алайда большевиктер үкіметі Ташкент қаласындағы Қызыл Армия бөлімінің әскерлеріне сүйене отырып, түркі халықтарының бірігуінен қорыққан олар 1918 жылдың қаңтар айында Түркістан автономиясын құлатып, аяусыз басып жаншыды.
Осылайша, 1917 жылдың қазан айынан 1918 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта Кеңес өкіметі Қазақстанның басым көпшілігінде орнатылды.
Ресейде басталған Азамат соғысы Қазақстанды да шарпып үш жылдан аса уақытқа созылды. Осы соғыста 8 млн. жуық адам опат болды.
жылдың мамырында Қиыр шығыста чехословак корпусы бүлік шығарды. Олар Сібірдің, Оралды, Орта Волганың, Солтүстік-Шығыс Қазақстанның бірнеше қалаларын басып алды. Мамыр айында Петропавл, маусымда Көкшетау, Ақмола, Омбы, Павлодар, Семей, Қостанай басып алынды. Олар кеңес қызметкерлерін өлтіріп, елді мекендерде озбырлық, айуандық әрекеттер жасайды. К. Сүтішев, И. Дубинин, Ғ. Ыдырысов, П. Шугаев сияқты Кеңес қызметкерлерін азаптап өлтіріп, Өскемен Совдепінің төрағасы Я.Ушаковты кеменің оттығына жағып өлтіреді.
жылдың маусымында Дутов Орынборды басып алды. Осыдан кейін 1918 жылдың жазында Шығыс майдандағы қиыншылықтарға байланысты 2 маусымда Қызыл әскер бөлімдері Орынбор қаласынан кейін әскерлерге Ташкент, Қазалы, Қызылорда, Шымкент, Әулиеата т.б. қалаларда құрылған халық жасақтары көмекке келіп, соның негізінде Жетісу, Орынбор, Орал, Батыс Қазақстанда әскери бөлімдер құрылды.
Алайда кеңес үкіметінің жергілікті мұсылман халықтардан құралған бөлімдеріне сенімдері болмады. Соғысқа адам алу алғашқы уақытта еріктілік негізінде жүргізілді. Артынан міндетті болып есептелінеді. 1918 жылдың қараша айында жауынгерлерді ұлттық белгі бойынша құру туралы жарлық шықты. 1918 жылдың соңы мен 1919 жылдың басында Торғай және Ырғызда Ә. Жанкелдин мен А. Иманов бастаған екі атты әскер эскадроны, пулеметшілер тобы жасақталды. 1918 жылдың күзінде Бөкей Ордасында тұңғыш қазақ атты әскер полкі құрылды.
жылдың басында Ә. Жанкелдин бастаған экспедиция майданға Мәскеуден көптеген қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізеді. Ақтөбе майданының әскери күші 1919 жылдың 22-ші қаңтарында Орынборды, 26-шы қаңтарда Орал қаласын азат етті. М. Фрунзе басқарған әскер Қазақстанның солтүстік өңірінде, В. Чапаев бастаған әскер оңтүстік-батыс аудандарда сәтті соғыс қимылдарын жүргізіп, Колчак пен Деникин әскерлерінің қосылуына жол бермеді. 1919 жылы Ә. Жанкелдин мен А. Иманов Торғайда Кеңес өкіметін қалыпқа келтірді.
Атаман Дутовтың, Аннековтың іс-әрекеттері халықты партизандық соғысқа итерді. Олардың саны 10 мыңға дейін жетті. Қостанай өңірінде Боровский ауданында 25 мың партизандар болды. Атбасар уезінде Мариновка селосы партизандық қозғалыстың орталығы болды. Оны Ирченко басқарды. Ақмола, Семей жерлерінде партизандық күрес өрістеп, Жетісу майданының солтүстік-шығыс бөлігінде 1919 жылдың қазан айының ортасына дейін ақ гвардияшыларға күрес жүргізіп, негізгі орталығы Черкасское ауылы болды.
Шығыс майданның Солтүстік және Оңтүстік топтары болды. Оңтүстік топты М.В. Фрунзе басқарды. Олардың әскерлері 1919 жылдың мамыр айында Уфаны, ал жазында Челябіні азат етті. Осының нәтижесінде 1919 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе майданы жойылды. Колчак армиясының жеңілуі, солтүстік-шығыс Қазақстанның азат етілуі Орал майданының жойылуына әкелді. Осыған сәйкес Түркістан майданының әскери бөлімдері Солтүстік Жетісуға жеткізіліп, Кеңес үкіметіне қарсылықты тез арада басты.
Бұл орайда «Алтайдың қызыл тау қырандары» ерекше көмек көрсетті. Нәтижесінде 1920 жылдың басында Жетісу майданы жойылды.
Азамат соғысы жылдарында ел экономикасын соғыс жағдайына ыңғайлап қайта құру және майданды толық қамтамасыз ету мақсатында төтенше шара: «Әскери коммунизм саясаты» енгізілді. Оның негізгі белгілері: азық-түлік салғырты, жеке саудаға тыйым салу, азық-түлікті теңгерме ұстанымы бойынша бөлу, ірі және орта және ұсақ өнеркәсіпті мемлекет меншігіне көшіру, еңбек міндеткерлігі, басқаруды орталықтандыру, бірыңғай мемлекеттік бюджет құру. Азық-түлік салғыртының мәні: ауылшаруашылығы өнімінің артылғанының бәрін шаруалардың мемлекетке міндетті түрде өткізуі міндеттелді. Оны іске асыру жолындағы асыра сілтеушілік, солақайлық саясат кең орын алғаны да белгілі. Соғыстың аяқталуы барысында жүргізіліп отырған бұл саясат Кеңес өкіметіне деген сенімді азайтып, халықтың наразылығын тудырды. Аяғы көтерілістерге ұласты. Сондықтан ол 1921 жылы «жаңа экономикалық саясатпен» (ЖЭС) алмастырылды.
2. Азамат соғысы жүріп жатқан кезде Алаш қайраткерлерінің жариялаған Алаш автономиясы негізінде таңдаулы қазақ зиялыларының жанпида қызметінің нәтижесінде Қазақ мемлекеттігін құру туралы мәселе жүзеге асты. Большевиктер Қазақстанда өз билігін баянды ету мақсатында 1919 жылдың шілде айының 10-да Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы декретке қол қойылды. Онда Қазақ революциялық комитеті өлкенің ең жоғарғы әскери-азаматтық басқармасы ретінде құрылады делінген. Оның территориясына мынадай аймақтар енді: Астрахань губерниясының қазақтар тұратын аймағы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары қарады. Басшысы болып С. Пестковский тағайындалды. Оның құрамында: Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынов, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев, М. Сералин, С. Сейфуллин тағы басқалар болған. 1919 жылдың 19 қыркүйегінде Орынбор Қазақстанның орталығы болып белгіленгенде оған Орал және Торғай облыстары қараған болатын. Сібір үкіметі Семей, Ақмола облыстарының Қазақстанға қосылуына қарсы болды.
Нәтижесінде 1920 жылдың 26 тамызында құрамында Ақмола, Торғай, Семей, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Адай болысы қарайтын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылады деген декрет қабылданды. 1920 жылдың қазан айының 4-12 аралығында Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі болып өтті. Онда жоғарғы үкімет органдары сайланды: Орталық атқару комитетінің төрағасы болып С. Меңдешев, ал Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып В.А. РадусЗенькович сайланды.
Қазақ жерлерінің Қазақ АКСР құрамына біріктіруде арнаулы комиссия құрылып, республика шекарасын белгілеумен айналысты. Бұл өзгерістер кезінде әр түрлі көзқарастар мен талас-тартыстар орын алды. Мәселен қазақ өлкесіне Ақмола, Семей облыстарының қосылуына Сібревкоммен бірге жергілікті еуропалықтардан тұратын билік қарсы болды. Республика құрамына Омбы облысы арадағы уездердің, Астрахань губерниясының бір бөлігі Қазақстанға қосуда қарсылықтар туындады. Қазақ зиялылардың араласуымен - Қостанай аймағын республика құрамына қосу қажеттігін Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхаммеджан Сералин жан-жақты дәлелдеді, Батыс Сібірге еніп келген Ақмола мен Семей облыстарын өлке құрамына енгізу мәселесі 5 рет қаралып, Бөкейханов, Байтұрсынұлы, Ермеков, Сералиндердің тарихи деректемелерінен кейін ғана шешілді. 1921 жылдың 1 қаңтарынан Ақмола және Семей облыстары Сібір ревкомы қарамағынан ҚазАКСР-не берілуі туралы шешім қабылданып, жас қайраткер Смағұл Сәдуақасов Қазақ үкіметінің төтенше өкілі ретінде 1921 жылы мамыр айында Ақмола, сонсын Семей облыстарына барып жергілікті билікті таратып қайта ұлттық кадрлармен жасақтау негізінде Қазақстанға толық бағындырды.
1924 жылы Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу нәтижесінде Сырдария облысының Ақмешіт, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездері,
Ташкент, Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Әулиеата уезінің көп бөлігі,
Самарқан облысының Жизақ уезінің бір бөлігі, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Пішпек, уезінің бір бөлігі Қазақстанға қосылды. Қазақстан құрамынан негізгі халқы орыстар болып келетін Орынбор губерниясы бөлінді. Республика территориясы 2,7 млн-ға өсті. Халқының саны 5 млн. 230 мың адамды құрады. Қазақтар 61 пайыздан асты. 1925 жылдың 15-19 сәуірдегі Ақмешітте болған Кеңестердің 5 съезінде «қырғыз» орнына «қазақ», орысша «казак», «Казакстан» деп өзгертілсе, 1936 жылдан бастап «казах», «Казахстан» деген атау қабылданды.
3. 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақ өлкесінің экономикалық ахуалын құлдыратты. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды. Ауыл шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн басқа азайды, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы Қазақстанның жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осы жылдары 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтер бар.
Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Ол бойынша мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындары, банктер қалдырылып, мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерзімге жеке тұлғаларға жалға берілді. Мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат берілді. Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Жеке қожалық өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерзімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер, ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де берілді. 1924 жылдан бастап азық-түлік салығы орнына ақшалай енгізді. Осының бәрі ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті. Нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20– 23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.
Қазақстанда 1921 - 1922 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды. 1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті «Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы» заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды. Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған «Жер кодексін» қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді. Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды. Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 34 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 жылы егістік жердің көлемі 3 млн гектар болса, 1928 жылы 4 млн гектарға өсті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 жылы 92 млн пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн пұтты құрады. 1925 жылы мал саны 1922 жылы салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 жж. аралығында 29 млн басты құрап, жыл сайын 5 пайызға артып отырды. Ұжымдастыру қарсаңында мал басы саны 40 млн ірі қараны құрады.
Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен қарама-қайшы еді. Таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын ауылшаруашылығы есесінен қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде 1920 жылдың соңында нарықтық қатынас тоқырап, жаңа экономикалық саясат тоқтатылды.
Бақылау сұрақтары:
Қазақстанда кеңес өкіметін орнатудағы ерекшеліктерді атап көрсетіңіз?
Қазақ АКСР-ін жариялағаннан кейін декретте көрсетілген қазақ ерлерін біріктіруде қандай қиындықтар туындады?
Қазақстандағы жүргізілген жаңа экономикалық саясаттың мәні мен қорытындылары қандай?