Адамның бас сүйегі. Бас сүйек бір – бірімен жік арқылы қосылған жұп және сыңар сүйектерден тұрады. Бас сүйекті ми және бет бөлігі деп ажыратады. Ми бөлігі 8 сүйектен тұрады: 4 сыңар – шүйде, сына тәрізді, торлы (кеңсірік), маңдай сүйек, 2 жұп – шеке және самай сүйектері. Шүйде сүйегі бас сүйектің артқы қабырғасын және негізін құрайды, жұлын мен бас миы байланысатын үлкен шүйде тесігі бар. Бет бөлігі төмендегі бөліктерден тұрады: бір – бірімен жалғасқан екі жақ сүйек, мұрын сүйектері, мұрын қалқасының түзілуіне қатысатын желбезек – сыңар сүйек, сондай – ақ көзжас сүйегі, бет сүйек, таңдай сүйек.
Бұл бөлімге сүйек буындары арқылы мүшеленетін төменгі жақ сүйек кіреді.
1 – маңдай сүйегі; 2 – шеке сүйегі; 3 – самай сүйегі; 4 – шүйде сүйегі; 5 - бет сүйегі; 6 – жоғарғы жақсүйек; 7 – төменгі жақсүйек.
Қолдың қаңқасы иық пен қолдан тұрады. Иықтың жұп сүйегі – жауырын мен бұғанадан құралған. Бұғананың бір ұшы төспен, екінші ұшы жауырынмен бірігеді. Қол – иықтан, білек және қол ұшынан тұрады. Иық түтік тәрізді бір иық сүйегінен тұрады. Ол жауырынмен байланысқан кезде иық буынын құрайды. Білекте екі сүйек болады - шынтақ жілік және кәрі жілік. Білек пен иық сүйектері бірігіп, күрделі шынтақ буынын, ал білек сүйегімен – кәрі жілік – білезік буынын құрайды. Қол ұшы екі қатарға орналасқан білектің кішкене сегіз сүйегінен, алақан құрайтын бесалақан сүйегінен және қолдың он төрт бунағынан тұрады. Оның ішінде бас бармақта екі, ал қалғанданында үш – үштен бунақ болады.
Аяқ қаңқасы жамбас аумағының қаңқасы мен аяқтың еркін қаңқасынан тұрады. Жамбас шығыршығы қос жамбас сүйегінен тұрады. Олардың әрқайсысы бір – біріне бітіп кеткен үш сүйектен тұрады: мықын сүйегі, шонданай сүйек, қасаға сүйек. Жамбас шығыршығы сегізкөзбен бірге жамбас астауын құрайды. Онда ішек – қарынның бір бөлігі орналасқан және жамбас астауы оның қорғаны қызметін атқарады. Аяқтың еркін бөлігінің қаңқасы саннан, сирақтан және аяқ ұшынан тұрады. Сан ұзын түтік тәрізді ортан жілік болып табылды. Оның басы жоғарғы жағынан жамбас сүйегіне қарай кіріп, ұршық буынын құрайды. Сирақ асықты жіліктен және кіші жіліншіктен тұрады. Ортан жілік пен тізе тобығы тізе буынын құрайды. Аяқ ұшын жеті сүйектен (соның ішіндегі ірілері - өкше және асық сүйектері) тұратын тілерсекке, табан және бақайшыкқа бөледі. Сирақ сүйегі табан сүйегі сирақ – асық буынымен жалғасады.
Қаңқа мен оны құрайтын сүйектердің құрылысы мен химиялық құрамы күрделі болып табылады, мықтылығы жоғары. Олар ағзада тірек, қозғалу, қорғаныс, қызметін атқарады және кальций мен фосфор тұздарының «депосы» болып табылады. Қаңқаның тірек қызметі сүйектер өздеріне жабысқан жұмсақ ұлпаларды (бұлшықеттер, шандырлар мен басқа да ағзалар) біріктіруден, ішкі ағзалар орналасатын қуыс қабырғаларын құраудан тұрады. Қаңқа сүйектері бұлшық еттермен қозғалысқа келтірілетін ұзын және қысқа рычагтың қызметін атқарады. Соның нәтижесінде дене мүшелері козғалу қасиетіне ие болады. Қозғалыс, рычаг пен қаңка бұлшық етінің қызметін атқаратын сүйектердің көмегімен жүреді. Сүйек пен олардың қосылыстары адам ағзасының тірек – қозғалыс аппаратын құрайды.