Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Көркем шығарма тілі туралы түсінік
Көркем шығарма тілін құбылтудың жолдары
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Әдеби шығарма тіл арқылы жазылса, тіл сөзден құралады. Ал әр сөз о баста образдан туған, келе-келе көп образдар ұмытылған да, олардан туған сөздер ғана қалған. Сондықтан образды тіл деген ұғымды жаңалық деу қиын. Бұл-әр сөздің табиғи қасиеті. Әңгіме осы қасиеттің күллі «құпиясын», құбылысын, осынау обрздылықтың ішкі сырын, сыртқы сипатын әрі нәзік, әрі терең түсініп, соны қаламгерлік қызметке шебер қолдана білуде жатыр. Енді тілдегі осы түрленулерге біраз көз тоқтатып, олардың сөз өнеріндегі шешуші сырларына тоқталайық. Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл –қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма- мазмұнды шығарма. Жазушының тілі бай болуға тиіс дегенде: ол өзінің сөз қорын молайту үшін ылғи ғана тыңнан сөз жасасын деп ешкімге де айтпайды және әрқашан олай ету мүмкін де емес. Жазушы өзінің сөз қорын молайту үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңденулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет. Сонда ғана жазушы «өзінің сөз қорын мейлінше байытып, әркім бір қолданып әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламайтын болады»(Беранже). Сонда ғана жазушы әр сөзді тағдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Мұның өзі жазушы тілінің үш түрлі ұғымдылығына – дәлдікке, ықшамдыққа, сұдудыққа негізделуі шарт.
Достарыңызбен бөлісу: |