2. Әдебиет сыны деп аталатын саланың міндет-мақсаты – өз тұсындағы әдеби процесті, жалпы әдебиеттің күнделікті даму жайын бақылап, қадағалап, оған бағыт-бағдар беріп отыру. Жарық көрген туындыларды көркемдік жетістік-жаңалығы, әлеуметтік-қоғамдық мән-маңызы тұрғысынан әдеби-эстетикалық жоғары талапқа сай саралап, талдап-бағалау арқылы сын әдеби процеске белсене атсалысып, кемшіліктерден арылу жолын көрсетіп отырады. Әрине, сын өткеннің әдеби мұралары жайлы да жазылуы әбден мүмкін. Алайда “ерекше шығармашылық іс-әрекет ретінде сынның жаны, стихиясы бәрі бір осы заман, бүгінгі күн, бүгінгінің зәру жайлары” болары сөзсіз.
Әдеби сынның мұраты шығарманың кемшілігін қазу, я болмаса бірыңғай жетістігін тану, мадақтау емес, автордың белгілі бір қоғамдық, адамдық проблеманың-тақырыптың көркемдік шешімін берудегі жетістігі қайсы, немесе олқылығы неде? Мұның себебі не? Қаламгер осы шығармасы арқылы әдебиетке қандай жаңалық әкелді, халықтың рухани қазынасына не қосты, бұл туындының әдеби процестегі орны, өзге суреткерлерге берер көркемдік тағылымы қандай, міне, осы жайларды әділ пайымдап айту, көрсету. Сондай-ақ, әдеби сын қаламгерлердің көркемдік табыс-жетістіктерін тану, бағалау негізінде жалпы әдеби процестің алдағы бағыт-бағдары қандай болады, онда қандай тенденциялар, қандай жанрлар басым дамуы мүмкін т.б. осындай жайларға болжамды пікір де айтады. Сын жанрын зерттеуші проф. Д.Ысқақұлы орынды атап айтқандай, “жалпы болжау айту – сынның маңызды жақтарының бірі” екені даусыз. Түйіп, жинақтап айтқанда, әдеби сынның басты қызмет-міндеті екеу: біріншісі, жоғарыда айтылғандай, сын нақтылы туындының жетістік-кемшіліктерін әділ, білгірлікпен саралап көрсетуі арқылы оның авторының шығармашылық тұрғыда кемелденуіне қол ұшын берсе, осы әрекетімен, екінші жағынан, ол жалпы әдебиеттің, әдеби процестің де кемшіліктерден арылып, дұрыс бағытта сапалы дамуына ықпалын тигізеді. Сыншы бір шығарма мысалында оның авторына да, жалпы әдебиетке, әдеби дамуға да қатысты ортақ проблемаларды айқындап, сөз етеді, қорытынды жинақтаулар жасайды.
Сын әділ, принципті болса, ол алдымен қаламгер үшін пайдалы болмақ. Мұндай сыннан қаламгер өз туындысы туралы байыпты да білікті жанашырлық бағалауды табады, келешекте кемшіліктерді қайталамауға, жетістіктерін жетілдіре түсуге құштарланады.
Ал сын әділ, орынды, байыпты болмаған жағдайда да қаламгерге ерекше әсер етеді. Әдебиет тарихында солақай сынның әсерімен өз туындысынан безген немесе “кемшілігін” мойындауға мәжбүр болған қаламгерлер де баршылық. Мәселен, С.Мұқановтың “Сұлушаш” туындысы ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы мен 30-жылдардың басында дүркін-дүркін орынсыз сынға ұшырады. Осындай солақай сынның әсерінен С.Мұқановтың баспасөзде өз “қателігін” мойындағаны бар. Бұл жайлар сынның қаламгерге де, әдеби орта мен оқырмандарға да әсер-ықпалының мол екенін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |