2 дәріс «Тіл мен сөйлеудің» ерекшеліктері



Дата05.02.2023
өлшемі19,39 Kb.
#65281

2 дәріс «Тіл мен сөйлеудің» ерекшеліктері


Қолданыс барысында тіл өзінің қос қабатты жүйесін айқын танытады: біріншіден, тілдік формалар, сөздер, сөз тіркесі, сөйлемдер жасалуда тілдің нормасына, ережелеріне сай қызмет етеді, екіншіден, тіл қолданысқа енген кезде сөйлеуді жүзеге асырады. Оның ерекшелігі сөйлеп тұрған адамның (ауызша не жазбаша болсын) сөйленген сөзінің не мақсатқа арналғанына, олардың белгілі бір семантикалық мәндеріне, нендей міндеттерді шешуді көздейтініне, сыртқа шыққан сөздің ішкі ойлаудың табиғатын білдіруіне, тілдік байлығына байланысты танылады [15,135]. Осыдан аңғаратынымыз: сөйлеу тілдің жемісі. Ал сөз адам баласына атауыштық (номинативтік) қасиетінен гөрі өзара белгілі бір заңды байланысқа түсіп жұмсалу қызметімен қымбат [16,3].
Сөйлеу мен тілдің байланысы неде? Бұл сұрақтарға мамандар әр түрлі жауап береді. Бір топ ғалымдар олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ ,- дейді. Ал келесі тарап: «сөйлеу – индивидуалды табиғаттың феномені, ал тіл психологиялық құбылыс емес, сондықтан ол әлеуметтік, оны зерттейтін психолингвистика болып табылады ,- дейді. Сондай-ақ, тіл мен сөйлеуді ғалымдар кейде бірге алып қарастырса, кейде екеуін екі бөлек құбылыс деп таниды. Мәселен, немістің көрнекті лингвисі Вильгельм фон Гумбольдт пен И.Э.Бодуэн де Куртенэ тіл мен сөйлеуді жеке-жеке ажырата келіп, оларды адамның ойы мен қарым-қатынасына байланысты қажеттіліктен туған үдеріс деп қарастырады [17].
Тіл білімінде "Тіл және сөйлеу мәселесін" проблемалық деңгейге дейін көтерген ғалым – Ф. де Соссюр. Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ бір-бірінен өзгешеліктері бар, екі бөлек дүние деп тапты.
Тіл дегеніміз не? Бұл сұраққа ғалымдардың жауабы өте көп және алуан түрлі болып келеді. Себебі адам баласының сөйлеу тілі өте күрделі құбылыс.
Тіл табиғатын зеттеу тарихында тілге берілген анықтамалар да көп. Өйткені анықтама берушілер тілдің қоғам өмірінде атқаратын қызметін әр түрлі түсінген. Мәселен, тілдің экспрессивтік қызметін бассшылыққа алған адамдар: «Тіл -ойдың, дыбыстық көрінісі» (А.Шлейхер), «Тіл - ойдың формасы» (А. Потебня), «Тіл - ой-сананың сыртқы көрінісі» (Гегель), - деген пікірлер қалыптасты.
Сөйлеу дегеніміз – қатынас жасау процесінде өз ойын, сезімін басқаларға білдіру, басқаның ойын білдіру мақсатында тілді қолдану деген сөз.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, тіл және сөйлеу ұғымдарының аражігін Ф.де Соссюр ажыратты, кейін Л.В.Щерба және оның шәкірттері осы ұғымдарды тереңдете зерттеді. Соссюр бойынша, тіл – элементтер жүйесі, яғни түрлі қабаттардың бірліктері және осы элементтердің қызмет ету ережелерінің жүйесі, сондай-ақ осы тілді тұтынушылардың барлығына бірыңғай әлеуметтік құбылыс. Сөйлеу – бұл тілдің өмір сүру формасы, тіл тікелей сөйлеуде қызмет етеді. Сөйлеуден, сөйлеу актісінен және мәтіннен тыс тұрғанда тіл – абстрактілі құбылыс. Сөйтіп, тіл – идеалды, абстрактілі, шартты, статикалық, қоғамдық құбылыс, ал сөйлеу – материалды, нақты, динамикалық, индивидуалдық құбылыс [18].
Сондай-ақ, тіл мен сөйлеудің бір еместігі туралы лингвистикада А.Сеше, Л.Ельмслев, Г.Гийом, А.И.Смирницкий, О. Есперсен, В.А. Звегинцев, С.Д. Кацнельсон, И.И. Мещанинов т.б. ғалымдардың зерттеулерінде кездеседі.
Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін тіл білімінің зерттеу нысаны тілдік жүйе болды. Көрсетілген уақыттан бастап зерттеу бағыты сөйлеу әрекетін зерттеуге ойыса бастады (мәтін, дискурс аясында). Сөйлеу – тек лингвистиканың емес, психология, физиология, логопедия секілді адамтану ғылымдардың ортақ мәселесі.
Қазіргі таңдағы ғылымда сөйлеу жеке өмірдің феномені ретінде түсіндіріледі, оның басты субъектісі – адам. Сөйлеу тек таңбалау әрекеті ғана емес, ол сонымен қатар өмірде болып жатқан жағдайлардан да хабар беріп отырады. Сөйлеуді қалай болса солай жасалған жай ғана сөздердің тіркесі деп түсінбеуіміз керек. А.Байтұрсынұлы: «Ауыздан шыққан сөздің барлығы сөйлем бола бермейді» – дейді. Сөйлем болып құралған сөйлеудің жаны – оның мағыналы болып құралуы мен мәнді болып жұмсалуында. Ол адамдар арасында (тыңдаушы мен сөйлеуші арасында) қарым-қатынасты орнатады. Біз аузымызға бірден келген нәрсені емес, ойланып барып, жүйелі түрде тіл арқылы екінші адамға ойымызды жеткіземіз.
Дауыстамай іштей сөйлеу де сөйлеуге жатады. Бұл туралы Л.С.Выготский: «Внутренняя речь есть все же речь, то есть мысль, связанная со словом» – дейді [19].
Екіжақты байланыс орнағанда ғана сөйлеу әрекеті пайда болады. Тіл мен сөйлеудің бірлігі сөйлеу әрекетінде көрінеді. Сөйлеу – оны жүзеге асыратын екі субъектісі бар іс-әрекеттің түрі. Біріншісі, сөйлеуші не жазушы, екіншісі, тыңдаушы не оқушы. Адресатсыз мүлдем сөйлеу болмайды, адресант жоқ болса, сөйлеу «іштей сөйлеуге» жатады.
Адамның тілін тілдік қабілеттілік (тілдік құзіреттілік, тілдік жады, тілдік потенция), тілдік үдеріс (сөйлеу әрекеті, сөйлеу) және тілдік өнім (мәтін, сөйлеу материал) сияқты түсініктер құрайды.
Тіл мен сөйлеу – күрделі диалектикалық бірлік. Тіл – қарым-қатынас жасауды, сөйлесуді қамтамасыз ететін, сонымен қатар адамның ойлауын сөйлеу әрекетінің негізінде жүзеге асыратын басты құрал. Ол сөйлеу арқылы болады және дыбысталады. Тілсіз сөйлеу, сөйлеусіз тіл болмайды.
Тілдің басты бірлігі – сөз болса, ал сөйлеудің негізгі бірлігі – мәлімдеме (высказывание). Бір нәрсе жайында айту, мәлімдеу кезінде өзіндік мақсат қоямыз, яғни сөйлеу – мақсатқа жетуге бағытталған әрекет.
Тіл мен сөйлеуді бір-бірінен бөліп қараудың ғылыми мәні зор, бірақ бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Сол сияқты, сөйлеудегінің бәрі таза индивидуалдық деу де асырып айтқандық. Әрбір сөйлеуші индивидум қоғамдық тілдегі бар материалдарды ғана пайдаланады. Мұндағы даралық сол материалдарды іріктеп, ерекшелеп алудан, лайықты жерге орналастырудан көрінеді [20].
Ф. Де Соссюр сөйлеу құбылыстарын зерттейтін ілім — сөйлеу лингвистикасы. Ол – екінші дәрежелі ілім, оның қарастыратыны индивидумдар сөйлеудің психофизикалық жақтары дейді.
Әдетте сөйлеудің сипаттамасы сөйлеуді тілмен салыстыру арқылы анықталады. Ал тіл мен сөйлеудің айырмашылығына келсек, тіл мен сөйлеу бір емес, жоғарыда көрсетілгендей сөйлеу – тілдің жемісі. Егер тіл қарым-қатынас құралы боп табылса, сөйлеу сол құралдың нақты қолданыста көрінетін түрі болып табылады [2,308].Т.П. Ломтев: «Тіл де, речь те қоғамдық-әлеуметтік мәнге ие. Бірақ қарым-қатынас барысында тілдің әлеуметтік мәні даралық қасиетке ие болады» - дейді [21,68].
Лигвистикалық әдебиеттерде тілдің қатынас құралы болу қызметі коммуникативтік қызмет делініп, ал оның (тілдің) ойды жарыққа шығарудың құралы болу қызметі экспрессивтік қызмет делініп жүр [22,11]. Ал тілдің осы екі қызметі тек сөйлеу әрекеті арқылы ғана жүзеге асады. Яғни белгілі бір тілдің қолданысының жазбаша және ауызша қолданым сипатымен айқындалатын үдеріс. Сондай-ақ, сыртқы сөйлеуге дауысталу, тембрлік сипат, артикуляциялық анықтық, темп, акцент, т.б. тән.
Р. Сыздықова: «Орысша тіл – язык, қолданысы – речь» - дейді. Ендеше «речь» терминіне «тіл» сөзі балама болмақ емес. Осы тұста сөзіміз дәйекті болуы үшін Ф. Оразбаеваның «Тілдік қатынас» еңбегінде көрсетілген
Ф. де Соссюрдың сөзін келтіре кетейік. Ғалымның айтуынша:
1. Тіл әлеуметтік, ал сөйлесім (сөйлеу) – жеке-дара құбылыс.
2. Тіл тұрақты және ұзақ өмір сүретін процесс, ал сөйлеу тұрақсыз және жиі өзгеріп отырады.
3. Тіл – адамның миымен, санасымен бірге өзі қалыптасатын процесс, ал сөйлеу – әркімнің өзі дамытып отыратын процесс.
4. Тіл адамның қарым-қатынасында бәріне ортақ, ал сөйлеуде автордың өз қолтаңбасы болады.
5. Тіл психикалық құбылыс, ал сөйлеу психофизикалық құбылыс [10,93].
Осы салыстырмалы қатарды Н.А. Слюсареваның пікірімен де толықтыруға болады:
6. Тіл қарым-қатынас жасау құралы болса, сөйлеу тілі әрекет, процесс болып табылады, сөйлеу тіліне дайындықсыздық пен еркіндік тән;
7. Тіл таңба, оның жүйесінен тұрса, сөйлеу тілінде хабар беріледі [23, 25].
Ал белгілі неміс лингвисі Вильгельм фон Гумбольдт тіл мен сөйлеуді адамның ойы мен қарым-қатынас қажеттілігінен туған үдерістер деп қарастырады. Сондай-ақ ол тілді адамның әрекет құралы деген.
Қазіргі тіл білімі дамуында, біріншіден, «тіл» ұғымын түсінудің өзінде өзгестер бар. Бұрынырақ тіл мамандарының назарына тілдік деңгейлер (фонетикалық, грамматикалық, лексикалық) тұрса, қазіргі таңда бұл тілдік құралдардың мағыналық жүйесі, адамның қарым-қатынасты жүзеге асыратын мәнді мәтіндер (хабарлау) алынып отыр. Екіншіден, қарым-қатынас сөйлеммен шектелмейді, ол әрі қарай бүтін, мағыналы мәндермен жұмыс жасайды.
Вильгельм фон Гумбольдт «Адам мен қоғам арасындағы байланыстырушы буын – сөйлеу әрекеті мен тіл» - дей келе, тілді әрі үрдіс, әрі қалыпты дайын дүние, әрі адамның психологиялық қызметінің бір бөлігі, әрі қоғамдық құбылыс ретінде таниды. Оның шәкірті Г. Штейнталь тілді үдеріс деп қабылдай отырып, тіл – дайын, қатып қалған қозғалыссыз дүние емес, үнемі қозғалыста болатын әрекет деп тұжырымдайды. Шын мәнінде, тілді өзгеріске ұшыратып тұратын қоғам. Қоғам жеке адамдардан тұрады.
Сонымен, сөйлеу – тілдің коммуникативті қызметінің жүзеге асуы. Тілді көруге, сезуге, ұстауға болмайды. Ол тек сөйлеу арқылы көрінеді. Тілді мәтін арқылы көруге, сөйлеу үстінде тыңдауға болады. Яғни тіл мен сөйлеудің қарым-қатынасы құбылыс пен оның мәнінің арақатынасы болып табылады [13,24].
Тілге абстрактілік, ал сөйлеуге нақтылық тән. Осыған сәйкес бірнеше анықтамаларды мысал етсек:
Ю.В. Фоменко: «Тіл – потенциял, речь – оның ақиқаты. Әр сөйлеуші тілді қабылдайды, яғни тілді өзгелер сияқты емес, өзінше тілді құрастырады. Осыдан тіл даралық мәнге ие болады. Осылайша речь әрі әлеуметтік, әрі дара құбылыс, бірақ әлеуметтік қыры ең басты қасиеті емес. Барлық тілде бар нәрсе речьте де бар, бірақ речьте бар нәрсе тілде болмауы мүмкін» [24,8].
В.Я. Мыркин: «Речь мағына жағынан жалпыға ортақ , ал орындаушы жағынан дара» [25,103].
И.С. Торопцев: «Речь – тілдің дыбыстық көрінісі, сыртқы речь те, ішкі речь те психо-физиологиялық құбылыс» [26,38].
Осы тұшымды анықтамаларды ескересек, «тіл» сөзінің «речь» терминіне балама болмақ түгіл, ағысы бір болғанымен, екеуі екі арна екеніне көз жеткіземіз.
Тіл мен сөйлеудің аражігін ашқаннан кейінгі айтылуға тиісті мәселе сөйлеудің тіл арқылы сыртқа шығуындағы сатылы түрде орындалатын процесстер. Олар:

  1. Қажеттілік – ойша болжау – мақсаттың анықтауы;

  2. Жоспарлау (қалай жеткізу);

  3. Даярлау, тәсілдерін ойластыру, сөз таңдау;

  4. Орындау – мазмұнды жарыққа шығару (ауызша немесе жазбаша);

  5. Бақылау және бағалау (осы тұста өз қатесін өзі байқауы мүмкін) [27,22].

Бұл процесстің жылдам, сапалы болуы сөйлеушінің біліміне, тілдік құзыреттілігіне байланысты.
Қорыта айтқанда, тіл мен сөйлеу – бірімен бірі тығыз байланысты екі түрлі құбылыс. Яғни, тіл мен сөйлеу бір ортақ жүйенің екі бүтін элементі болса, коммуникация, қарым-қатынас – олардың шарты. Бірақ екеуінің бірлігінің нәтижесінде тілдің екі түрлі табиғаты айқындалады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет