Геоэкология (грекше geo - жер) – географиялық (табиғи-территориялық кешендер, геожүйелер), биологиялық (биоценоз, биогеоценоз, экожүйе) және әлеуметтік-өндірістік (табиғи-шаруашылық кешендер) жүйелердің қарым-қатынастары туралы ғылым. Ғылыми әдебиеттерде «геэкология» ұғымы «ландшафтар экологиясы» ұғымына балама ретінде пайда болды.
Тіршілік ету ортасы, экологиялық компоненттері және аймақтарына байланысты: құрлық экологиясы, мұхит (теңіз) экологиясы, таулар, аралдар экологиясы, тундра, шөл, дала экологиясы және т.б. сияқты бағыттарға бөлінеді.
Қазіргі кездегі экологияның басты бағыттары болып адам экологиясы және әлеуметтік экология болып табылады.
Адам экологиясы (антропоэкология) – адамның тіршілік ортасымен әртүрлі аспектіде (экономикалық, техникалық, физико-техникалық, әлеуметтік-психологиялық) қарым-қатынасы туралы, яғни кешенді, антропожүйе мен биосфераның бір-біріне әсер етуі заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Адам экологиясы ұғымын ғылымға 1921 жылы американдық ғалымдар Р. Парк пен Э. Бюргерс енгізді. Адам экологиясы өте кең, ауқымды міндеттерді шешеді. Оның бірі - табиғи (географиялық) ортаның және оның компоненттерінің антропожүйеге әсері, екіншісі - антропогендік әсердің салдарларын зерттеу.
Айтылған ғаламдық проблемалар адамның денсаулығы мен тұрмыс-тіршілігіне ғана әсер етіп қоймайды, жалпы адамзаттың болашағы үшін аса маңызды мәселелер. Адам экологиясы адамның тіршілігіне қажетті жағдайлармен қамтамасыз етумен қатар, адамның қоршаған ортаға әсерінің мүмкін шектерін де анықтайды.
Адам экологиясынан басқа - қала экологиясы, тарихи экология, халықтар экологиясы бағыттары да бар.
Әлеуметтік экология – қоғам-табиғат жүйесіндегі қарым-қатынастарды, қоршаған ортаның қоғамға әсерін зерттейді. Адам социум ретінде қарастырылатын болғандықтан, әлеуметтік экология пәні – әлеуметтік статусына, еңбек түріне, жасына байланысты адамдардың ірі топтарын біріктіреді. Әлеуметтік экология адам тіршілігі мен қоршаған ортаны біртұтас «қоғам-табиғат» жүйесі және Жер биосферасын адамзаттың экологиялық қуысы ретінде қарастырады.
Әлеуметтік экология ғылым ретінде апат салдарларын болдырмаумен қатар қоршаған ортаға тиімді әдістер арқылы Жер бетінде бүкіл тіршілік атауын, адам дамуының биологиялық және әлеуметтік дамуын жақсарту жолдарын да қарастырады. Экологияның басты бағыты ретінде әлеуметтік экология - философиялық, әлеуметтік-экономикалық, этикалық аспектілері басқа бағыттармен толықтырылатын кешенді ғылым. Мысалы, тарихи экология, мәдениет экологиясы, экология және экономика, экология және саясат, экология және мораль, экология және құқық, экологиялық ақпарат және т.б.
Әлеуметтік экологиямен байланысты бағыттардың бірі тіршілік ортасы мен табиғи ресурстарды пайдаланудың нормаларын дайындайтын қолданбалы экология болып табылады.
Қолданбалы экологияға:
өнеркәсіптік (инженерлік) экология;
технологиялық экология;
ауылшаруашылық экологиясы;
химиялық экология;
медициналық экология;
табиғатты пайдалану және табиғатты қорғау және т.б. жатады.
1974 жылы американдық биолог Барри Коммонер биоэкология мен әлеуметтік экология ережелерін толықтыра келіп экологияның негізгі төрт заңын тұжырымдады: