Қазіргі таңдағы экология ғылымының құрылымы
Экология ғылымы - күрделі де көп қырлы. Қазіргі таңда экология ғылымын көп салалы ғылымдар жүйесі деп қарастыруға болады. Мұнда шартты түрде бірнеше үлкен бағыттарды: биоэкология (жалпы экология), геоэкология, қолданбалы экология, адам экологиясы, әлеуметтік экология деп ерекшелеуге болады.
Қазіргі кезде экология ғылымы - жаратылыстану, техникалық және қоғамдық құбылыстарды біріктіретін пәнаралық білім. Сондықтан экологияның барлық бағыттарының іргетасы негізінде биоэкология идеялары жатыр.
Биологиялық жүйелерді зерттеу бойынша биоэкология:
аутэкология (особътар және организмдер экологиясы);
демэкология (популяциялар экологиясы);
эйдэкология (түрлер экологиясы);
синэкология (қауымдастықтар экологиясы);
биогеоценология (экожүйелер туралы ілім);
ғаламдық экология (биосфера экологиясы) болып бөлінеді.
Органикалық әлемнің ірі систематикалық категорияларына сәйкес биоэкологияны:
микроорганизмдер экологиясы;
саңырауқұлақтар экологиясы;
өсімдіктер экологиясы;
жануарлар экологиясы деп бөледі.
Белгілі бір таксономиялық топтарды зерттеу үшін айтылған систематикалық категориялар ары қарай да бөлініп кете береді, мысалы: құстар экологиясы, насекомдар экологиясы, күрделі гүлділер экологиясы, жеке түрлердің экологиясы және т.б. Экологиялық әдістерді ботаника, зоология немесе микробиологияның кез келген таксонына қолдану қосымша жалпы экологияны да дамытады. Мысалы, Солтүстік теңізде устрицаның бір түрінің экологиясын зерттеу арқылы неміс гидробиологы К. Мебиус жаңа экологиялық ұғым – биоценозды ғылымға енгізді.
Жалпы экология (экзоэкология) – тірі материяның жоғары: организм, популяция, түр, биоценоз, биогеоценоз, биосфера деңгейлерін зерттейді.
Жалпы экологияны бұлай қарастыру экология ғылымын әртүрлі дәрежедегі биологиялық жүйелердің пайда болу, даму, тіршілік ету заңдылықтарын, олардың қоршаған орта жағдайларымен қатынастарын қоса түсінуге мүмкіндік береді.
Тірі материяның бірігу ерекшеліктеріне сәйкес жалпы экология жеке бірнеше бөлімдерден тұрады: аутэкология, демэкология, эйдэкология, синэкология және т.б.
Жалпы экологияның негізінде: экологиялық морфология, экологиялық физиология, экологиялық систематика, экологиялық генетика, биохимиялық экология, палеоэкология сияқты жаңа пәндер пайда болды. Бұл деңгейлерді экологияның жеке бөлімі – эндоэкология зерттейді. Бұған сондай-ақ молекулярлық экология, клеткалар экологиясы, ұлпалар экологиясы және т.б. ғылымдар кіреді.
XX ғасырдың соңына қарай экологияда жаңа бағыт – геоэкология дами бастады. Геоэкология қоғамдық, техникалық және жаратылыстанудың көптеген бағыттарымен тығыз байланыста жеке ғылыми бағыт ретінде дамуда.
Достарыңызбен бөлісу: |