2-китап indd



Pdf көрінісі
бет99/196
Дата17.10.2023
өлшемі2,63 Mb.
#117240
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   196
Екінші құрылтай
Қоғамның алдында көптеген проблемалар бар. Олар бүгін сөз болатын 
шығар. Мен тек бір - екеуіне тоқталайын. Біздің балаларымыздың 30%-ы 
әлі орысша оқиды. Қазақтың 40%-ы, мен осыны анықтай кетейін, ана тілін 
білмейтіндер мен шала білетіндер. Бұл – олардың кінәсі емес, халықтың 
қасіреті.
Біздің бір көкейкесті мәселелеріміздің бірі – Мемлекеттік тіл комитетін 
құру деген әңгіме. Өйткені заңды шығардық, мемлекеттік тіл мәртебесін 
бердік, енді осыны іс жүзіне асыратын мемлекеттік мекеме, орган болуы 
керек сияқты. «Қазақ тілі» қоғамының көптен айтып жүрген мәселесі – осы.
Ұлттың тұтастығы – тілдің тұтастығы. Осыған орай күн тәртібіне 
қойылып отырған бір мәселе – он миллион қазақтың басын қосатын «Қазақ 
тілі» қоғамын халықаралық ұйымға айналдыру.
Осындай міндеттердің үдесінен шығу жолында істеліп жатқан 
жұмыстарда кемшіліктеріміз де бар. «Мен ұрлық қылған түні ай жарық» 
дегендей, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге шыққан қалың жұрт бүгін нарық 
қиыншылықтарына тап келіп отыр.
Бүгінгі келелі мәжілісте айтылар негізгі мәселе – ана тіліміздің 
келешек тағдыры. Осыған орай мен Конституция жобасы туралы бір-
екі ауыз сөз айтқым келеді. Ондағы 8-баптағы әңгімелермен баршаңыз 
таныссыздар, сол туралы көптеген пікірлер айтылып жатыр. Әкімдердің 
өткен кеңесінде біздің құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы да өз 
пікірін айтты. Біздің көңілімізден шыққан үлкен бір тілек – «Қазақстан 
Республикасында қазақ тілі бірден-бір мемлекеттік тіл болады» дегенді 
шегелеп айтуы. Бұған дән ризамыз. Ал енді сол тілден басқаның бәрі еркін 
дамуы керек. Анау аға тіл, мынау іні тіл дегеннің өзі – кешегі заманның 
сөзі. Орыс тілі біздің рухани өмірімізде өзінің тарихи міндеттерін атқара 
береді. Дүние өзгерген, республикамыз тәуелсіз мемлекет атанған бүгінгі 
таңда кешегі түсініктерді тықпалай беруге болмайтын сияқты. Орыс тілі 
өзінің қызметін атқара беруі керек, бірақ ол мемлекеттік тілмен теңелуі 
мүмкін емес дер едім. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлының бұл үлкен 


229
мәселе жөніндегі пікірі біздің көңілімізге күдік ұялатады. Бүгінгі үлкен 
саясаттың негізі – республиканың өз ішіндегі халықтардың ынтымағы. 
Оны сақтау керек. Бірақ тіл саясатының өзі – бейбіт саясат. Осы мәселені 
бейбіт жолмен шешуге болатын сияқты. Менің өзімнің түсінігім бойынша, 
қарапайым халықтың барлығы да мемлекеттік тілдің қазақ тілі болғанын 
қолдайды, басқа тілдердің онымен қатар тұруға қақы жоқ екенін түсінеді. 
Тек ат төбеліндей біздің саясаткерлер ғана осы мәселені көңірсітіп, күн 
тәртібіне қойып отырғанын біз жақсы білеміз. Қай уақытта болмасын 
осыны бейбіт жолмен шешуіміз керек. Олай етпеген жағдайда, тайталас, 
текетіреске салғанда, мұның нәтижесін, қос тілділік мәселесінің, 
нәтижесін біз жақсы білеміз. Қарапайым сөзбен айтқанда, «Жапалақты 
таспен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ 
өледі». Біз әу бастан-ақ алдымызға қойған міндеттерді шешудің лайықты 
әдісін таңдағанбыз. Бізде қазір не көп – қозғалыстар көп, партиялар 
көп. Олардың кейбірі бізді «Қазақ тілі» қоғамы көшеге шықпайды, 
саясаткер емессіңдер, аштық жарияламайсыңдар деп кінәлайды. Біз 
көптеген мақсатымызға бейбіт жолмен, үгіт-насихат арқылы жетеміз. 
Бұл жолымыздан танбаймыз, бүгінгі үлкен мәжілісімізді де қызбалыққа 
салынбай өткіземіз деп ойлаймын.
«Қазақ тілі» қоғамы өзінің үш жылдық тарихын атап өткелі отыр. 
Бұл да біз үшін тарих. Үш жылдың ішінде – үш ғасырға парапар оқиғалар 
болды. Бүгінгі құрылтайда мен қоғамымыздың құрылуына байланысты 
төрт-бес шындықты атағым келеді. Осы қоғамның президенті ретінде 
оларға тоқталмасам, әділетсіздік болар еді.
Бірінші шындық: Мемлекеттік тілге бірден қолымыз жеткен жоқ. 
Үлкен дау-дамаймен, қоғамдағы қызу пікірталаспен жеттік. Үш жыл 
бұрын болған оқиғаға, мемлекеттік тілді қабылдауға табандылық 
білдіріп, үлкен қамқорлық жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 
болатын. «Қазақ тілі» қоғамының өзіне тән үні болуы керек, халқының 
санасын ояту үшін, тіл тағылымын уағыздау үшін бізге үн керек деген 
мәселе қойдық. Осы мәселені шешкенде де Орталық комитет бюросында 
пәтиқасын беріп, қолын қойған Нұрсұлтан Әбішұлы болатын.
Екінші шындық: Кеше Колбиннің тұсында біз мемлекеттік 
қостілділік деген қағиданы қабылдап, осыған қатты кіріскен 
болатынбыз. Сонда партия-кеңес қызметкерлерінің көбі таразының осы 
жағында болды да, екінші басында халықтың бетке ұстар зиялы қауымы 
тұрды. Осы пікірді Колбинге жеткізген, сол бір айырыққа келгенде, 
тығырыққа тірелгенде бір себебін тигізген құжат бар. Бүкіл халықтан, 


230
жүздеген, мыңдаған адамнан келіп түскен хаттардың бәрін қорытып, 
халықтың талабын жеткізген ол құжаттың көлемі көп те емес, екі-
ақ бет. Содан кейін барып қана Колбиннің беті бері қарай бастады. 
Ол құжатқа қол қойған сол кездегі Орталық комитеттің идеология 
бөлімінің меңгерушісі Жолдасбеков Мырзатай мырза.
Үшінші шындық: Біз «Қазақ тілі» қоғамын бірден құра 
қойғанымыз жоқ. Сол кездің өзінде, тоталитарлық заманда «Қазақ 
тілі» қоғамын қолдап қуаттаған адамдар болды. Оның бірінші 
құрылтайын шақырып, қоғамды құруға белсене қатысқан бір адамды 
атағым келеді. Ол – Жәнібеков Өзбекәлі мырза.
Төртінші: Қоғам құрғаннан кейін біздің басымызды сұғатын 
жер болмады. Ашпаған есігіміз қалмады. Содан бір мекемеге барып 
жәрдем алдық. Агроөнеркәсіп ғимаратынан бізге босатып бірнеше 
бөлме берді. Сол бір қиыншылық уақытта бізге қол ұшын берген әлгі 
«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дейді ғой, ол – 
Тұрсынбаев Балташ деген мырза.
Бесінші: «Қазақ тілі» қоғамының Мәскеуде, Петерборда 
ұйымдары құрылып жатыр. Мәскеудегі «Қазақ тілі» ұйымының 
мүшесі, қазақ халқының мақтанышы – ғарышкер ініміз Тоқтар 
Әубәкіров анау аспан әлеміне ұшып, бірінші рет қазақтың тілінде 
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесті. Қазақ тілін бірінші 
рет ғарыштан естірткен сол ініме рахмет!
Осы бес шындықты айтуды өзімнің парызым деп едім. Бұл 
әңгімелер аталған адамдардың кешегі лауазымы мен бүгінгі 
лауазымдарына байланысты емес. Осыны жақсы түсінсеңіздер. 
Қазақта мақал бар: «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір басқа
жігітте де жігіт бар азаматы бір басқа» дейді.
Ал енді мынау мақтап кетті деп жүрмеңіздер, мен құрметті 
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа бір базына айтқым келеді. 
Үш ғасырға пара-пар оқиғалар болды, біздің елімізді бүкіл жер 
жүзі танып жатыр. Осыған жар қулағы жастыққа тимей жұмыс 
істеп жүргенін жақсы білеміз. Қазақ тіліне сыртта қамқорлық жасап 
жүргенін де жақсы білеміз. Дей тұрғанмен кейбір партияларды 
қабылдап, кейбір қозғалыстар өкілдерімен бес-он минут уақыт тауып 
сөйлесіп жүргенін де естіп-біліп жүрміз. Осы күнге дейін біз әлі, 
Нұреке, «Қазақ тілі» қоғамы, қалың қалай?» деп айтар деп күтіп 
жүр едік. Бірақ бүгін, міне, Өзіңіз келіп отырсыз. Өзіңіздің, үкімет 
басшыларының келіп, мән беруі тек құрылтайдың мәртебесін емес, 


231
тек «Қазақ тілі» қоғамының мәртебесін емес, бүкіл ана тіліміздің 
мерейін көтеретініне кәміл сенімдімін...
«Қазақ елі», 2009. 18 қыркүйек. 3 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   196




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет