Әдебиеттану саласындағы зерттеудің атқаратын қызметтері мен маңызы. Әдебиеттану – сөз өнерін зерттейтін ғылым. әдебиет туралы ғылым мынадай үш түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен олардың түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.
Әдебиет теориясы көркем шығармашылықтың психологиясы мен спецификасына қатысты суреткер лабораториясынан да белгілі мөлшерде нақты мәліметтер береді.
Әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатысын білу, әдебиеттің өсіп өрбуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес.
Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең талдау, байыптау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар.
Әдебиет тарихы жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың қай болсын, атамзамандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан іргелей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқаларыболсын, жеке жазушалыр шығармашылығы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамуындағы өзіне лайық орныналуы мүмкін емес.
Әдебиет теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиеттің сынымен тығыз байланысып жатады.
Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып,нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі.
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы өзара тығыз бірлікте болатыны, әдебиеттің теориясын нәзік түснбей тұрып, тарихы жайлы әңгіме қозғау; тарихын білмей тұрып, сынын өрбіту мүмкін емес. Шын мәніндегі әдебиет сыншысы немесе әдебиет зерттеушісі әдебиеттанудың үш саласына да жетік, білімдар әдебиетші болуы шарт. Мұндай әдебиетшіліктің озық үлгісін орыстың ұлы революционер-демократ ойшылдары В.Г.Белинский, Н.Г.Чершышевский, Н.А.Добролюбов көрсетті.
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары бар. Олар – текстология, историография және библиография.
Текстология - әдеби туындылардың мәтінін зерттеп, танудың принциптері мен методикасын жинақтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология көркем шығарманың тұрақты түп нұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған ақтақ редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автогарфпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді, түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы, емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады. Бұл ретте, «текстологияның ең негізгі, өзекті мәселесі екеу: бірі – ғылыми мақсатпен, екіншісі – практикалық мақсатпен байланысты».
Историография - әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бірыңғай ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына, не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.
Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да, көбіне, ғылыми мақсат үшін керек. әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың – текстер мен тексерулердің, сын мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.