Алты жасқа келгенде Арыстан туған Қобылан Қазынадан қамқа киеді. Өзімнің еншім болсын деп, Тобылғы меңді торы атты Енші қылып мінеді. Қобыландының тілегін Бүкіл Қыпшақ тіледі. Өзі алты жасында Кәмшат бөркі басында, Тобылғы торы ат астында, Қаршығасы қолында, Тазысын ерткен соңында, Жеті пірге сиынып, Бара-тұғын жолында.
Тоқтарбайдың жылқыда Тоқсан құлы бар еді. Тоқсанының бастығы - Естеміс деген ер еді. Естемісті көруге Жылқыға бала жөнелді. Жылқыға бала барғасын, Баурап малын алғасын. Тоқсан құл мен Естеміс, Риза тауып қалғасын, Қолғанат пен құйрыққа Енді тоқсан кенелді. Қобыландыны барғасын Естеміс ерің баулиды. Күнде киік аулайды, Кездессе жауын жаулайды, Жылқыда жатып Қобыланды Екпіні оттай қаулайды. Қаршығасы қолында, Құмай тазы соңында