2 семестрлік жұмыс пән: Философия Тақырыбы: Ф. Ницшенің «асқақ адам»


Фридрих Ницшенің философияға қосқан үлесі



бет3/3
Дата28.11.2023
өлшемі89,7 Kb.
#130949
1   2   3
Фридрих Ницшенің философияға қосқан үлесі 
Замандастары жас Ницшенің қабілетіне тәнті болуының нәтижесінде, 1869 жылы ақпанда Ф.Ницше 24 жасында профессор Ritschl-дың көмегімен докторлық диссертация қорғамай тұрып Швейцарияның Базель университетінде классикалық филология профессоры болдыжәне «Гомер және Классикалық филология» тақырыбында өз дәрісханасын ашты. Бұл жылдарда ол бәрін аузына қаратқан жас профессор ретінде Базельдің оқымыстылары мен ақсүйектерінің құрметті мырзасы болды.
1869 жылы 17 мамырда әйгілі музыкант Вагнерге тұңғыш рет жолықты және содан былай онымен қою байланыста болды. Әсіресе, Вагнердің А.Шопенгауэрді "тарихтағы ең ұлы философ" деп дәріптеуі Ф.Ницшенің оған деген құрметін еселеп арттырған болатын.
1870-1871 жылдардағы Пруссия-Франция соғысы кезінде Ницше өздігінен соғысқа қатысуға сұранады. Франкфуртта ол қатар-қатар тізілген әскерлерді көріп: «тұңғыш рет ұлы да, қасиетті «тіршілік еркі» күйкі тіршілік күресінде емес, «соғыс еркінде», «күштілік еркінде», «асқан Үстемдік еркі (кітап)Үстемдік еркінде» көрініс табуға тиіс дегенді тіке сезіндім» - деп жазады. Мұндағы «Тіршілік еркі» А.Шопенгауэрдің түп идеясы есептеледі, ол бойынша өмір тіршілік үшін күресу шеңберінде болады, бірақ бұл күрес мағынасыз, сондықтан өмір мән-мағынасыз бос әурешілік, күйкі күрес қана. Ницше өз сөзінде кейін өзінің негізгі идеясы болған "Үстемдік еркі (кітап)Үстемдік еркі" ұғымын алғаш пайдаланғаны байқалады.
Ф.Ницше 1870 жылы Пруссия әскері сапында соғысқа қатысып, әскерде жаралыларды емдеуші болып қызмет көрсетеді. Бірақ жеңіл жараланады да, әскерден босатылады. Қысқа мезеттік әскери тұрмыс оның жан дүниесіне айырықша әсер етті. Ол соғыстың күйреткіштік рөлін танып жетті және бұл соғыс оның кейінгі "Үстемдік еркі" идеясының қалыптасуына ықпал етті.
1870 жылы Базельге қайтып оралған Ф.Ницше Герман империясының құрылуын, Отто Фон Бисмарк билік құрған кезді үнсіз бақылаумен болды.
1870 жылы Ф.Ницшенің тұңғыш кітабы «Трагедияның тууы» (Die Geburt der Tragodie) жазылып бітті және екі жылдан кейін ресми жарық көрді. Бұл алғашқы туындының кейбір идеяларында жастық албырттықтың лебі аңқығанымен, бәрібір онда романтизм бояуы мен ғажайып қияли толғаныс тамаша ұштастырылған, ағымға қарсы сыншылдық рухы айқын аңғарылады. Бұл шығарма оның философиясының негізгі идеясы қалыптасып үлгіргенін көрсетті. Ф.Ницше философиясының негізгі бағыты "тіршіліктің мәні" мәселесі, ал ол бұл шығармасында адам өмірін өнер шығармашылығы ғана құтқара алады, тіршілік сұлулыққа мән сыйлайды, сұлулық та тіршілікті жарқыратады деп есептеді. Досы Оуэн Родос пен Вагнер ғана оның кітабына біршама жақсы баға берді. Қалғандары, тіпті F.W.Ritschls секілді жақын профессор достары да бұл кітапқа айырықша суықтық танытты. Бәлкім кітаптағы көптеген тың идеялар оларға «бос даурығу» болып көрінген шығар. Ол аталған кітапта филология зерттеуінің дәстүрлі анықтық ережесінен бас тартып, философиялық дедуктивті әдіс арқылы пайымдау жасғаны байқалып тұрды. Кейін басқа бір филолог Wilamowitz-Moellendorff деген кісі Ницшенің аталған кітабын аяусыз сынға алады. Оның өзі тым танымал ғалым болмаса да, бұл сын жалпы сол кездегі ғылым саласындағылардың Ф.Ницше кітабына берер бағасына өкілдік етті. Бұл жағдай Ницшенің азаматтық намысына нашар әсер етті. Бұл оқиғадан кейін Ф.Ницше сабақтарын таңдайтын студенттер де азая бастады. Кейін бар болғаны шетелден келген екі студент қана оның сабағын тыңдауға пейілді болған екен. Бұл Ницшенің көтеріңкі көңіл күйін бұзып, оқшаулық тұңғияғына одан сайын тарта берді.
Әрине, осынау көңілсіз жағдайға қарамастан, Ф.Ницшенің қайтуды білмейтін, ешкімге есе бермейтін «жойқын шабуылы» енді шындап басталған еді. 1873 жылдан 1876 жылдар аралығында ол іркес-тіркес өзінің төрт мақаласын жариялады: «Дэвид Штраус: ақталушы және жазушы», «Тарихтың тіршілікке пайдасы мен зияны», «Ағартушы Шопенгауэр», «Вагнер Байрейтте». Әсіресе, Ницше сол кездерде үлкен құрметке бөлінген, «Исаның ғұмыр тарихы» кітабымен танымал Дэвид Штраусты аяусыз сын найзасына ілді, оны білімі таяз, парасаты кемшіл қораш оқымысты ретінде сипаттады. Әсіресе Пруссияның Гегемонизмін айыптады, неміс ұлтының дөрекілігі мен такапарлығы тасасындағы тоғышарлыққа ауыр сындар айтты, неміс мәдениетінің беталысына сенімсіздік танытты. Кейін бұл мақалалар «Дәуірге үйлеспейтін ойлар» тақырыбында жеке кітап болып жарық көрді. Жұрттың бәрі Пруссияның Францияны жеңгеніне қуанып, мақтанысып жатқанда Ф.Ницшенің мұнысы нағыз ағын мен дауылға қарсы жүзген есірлік болып көрінді. Достарының іркес-тіркес одан бойын аулаққа салуында осындай бір саяси астар да болды. Олар оған тұшымды қарсы уәж айта алмағанымен, бәрібір оны ұлт сатқыны ретінде бағалағаны анық.
1873 жылдан бастап Сократқа дейінгі кезеңдегі грек ойшылдары туралы қысқа мақалалар жазып, оны кейін «Грек трагедия дәуірінің ойшылдары» атында жариялады. Бұл кітапта Сократ, Платон, Аристотельді ғана ұлықтайтын еуропалық мәдениетке ерегескендей алғашқы космоцентризм философтарына айырықша жоғары баға берді. Әрине, Ницшенің Сократты ұнатпайтыны оның кейінгі шығармаларында біртіндеп белгілі болды. Бір айта кетерлігі, ол біртіндеп өзінің рухани ұстазы А. Шопенгауэр секілді трагедиялы сезімде шығарма жазу әдетінен біртіндеп арылып, жігерлі де, асау ойларға ауыса бастады.
1876 жылы Байрейттегі музыка кешінде Вагнерден қатты үміті үзілді, Вагнер шығармаларында дәріптелген христиандық идеологияға қанағаттанбады, жұрттың дарақы эстетикасына төзбейтінін ашық айтты. Кейін, 1878 жылы Вагнер оған христиандық тақырыптағы «Парсифаль» туындысының сценариін жіберіп берді, бірақ Ф.Ницше жауап бермей, үнсіздік танытты.
Дегенмен кейін, «Адамдық, не деген адамдық» кітабын (аталған кітапта Вагнерді ашық сынаған мазмұндар бар еді) Вагнердің әйеліне жіберді. Содан кейін олардың ортасындағы байланыс толық үзілді.
«Адамдық, не деген адамдық» кітабы сол 1878 жылы басылып шыққан еді. Бұл кітап Ницшенің өзіне тән жазу-ойлау мәнерінің қалыптасқанын, өз ұстаздарынан (мейлі Шопенгауэрден, мейлі Вагнерден) еркіндік алғанын көрсетті. Аталған кітап қысқа, нұсқа нақыл үлгісінде жазылған. Кітапта метафизикадан дінге дейінгі көптеген мәселелер қым-қиғаш қарастырылып, Шопенгауэрдің түңіліске толы "Тіршілік еркі" идеясынан саналы түрде бас тартты. Бұл кітаптың кесірінен ол өзінің кейбір достарынан, мысалы ең жақын досы Оуэн Родостен де айырылысты.
Ол осы мезгілде үйленгісі де келген екен, бірақ лайықты жар табылмапты. Әсіресе бала кезінен қалған жасырын созылмалы ауру оның көңілсіздігімен қосылып, оны қинаумен болған. Денсаулығы қатты нашарлап, тіпті кей күндері басы ауырып, көзі қарауытып, есеңгіреп ұзақ уақыт бойы жатып қалатын болған. Сонымен болашағы жарқын ғажайып кемеңгер деп дәріптелген Ф.Ницше өз идеяларымен жұрттың көңілін әбден қалдырып, ең жас делінген профессордің денсаулығы ауыр дәрежеде сыр беріп, жұмыстан көп қалып, ақыры 1879 жылы денсаулығына байланысты Базель университетінен аздап зейнетақы алып тұру шартымен жұмыстан кетті.
Ауыру мазалаған Фридрих Ницше 1879 жылдан бастап өз денсаулығына шипалы орын іздеп, Еуропа қалалары мен көркем жерлерін кезумен болады. Әсіресе Швейцарияның Граубюнден өңірінде, Италияның Генуясында, Туринде және Францияның Ницце қатарлы өңірлерінде айлап, жылдап тұрды. 1881 жылы Франция Тунисті басып алған кезде ол Африкаға қоныс аудару жоспарын да жасап, кейін бұл ойынан айныды. Әрине, Ф.Ницше Базель университетінен аздап зейнетақы алып тұрды және кейбір достары да көмек қолын созды. Шешесі мен қарындасы да оған қарайласып тұрды. Тіпті Peter Gast деген оқушысы сол кездерде оның жеке хатшысы болуға келіскен екен. Дәл осынау қиыншылыққа толы, ауру мазалаған, ғаріптігі басым өмір оның шығармашылық шабытын тасытқан секілді. Осы 10 жыл ішінде оның әлемді шарлап кеткен ең маңызды шығармалары өмірге келді. 1878 жылғы «Адамгершілік десейші, не деген адамгершілік» деген кітабынан бастап 1888 жылға дейін ол жыл сайын әлемдік философия тарихында айырықша маңызы бар бір кітап, не шығармалар жинағын жариялап тұрған екен.
1882 жылы «Шаттық ілімін» жариялады және тартымды да, парасатты Ресейлік әйел жазушы Лу Саломемен (Lou Salomé) танысады. Ницше ол әйелге ғашық болып қалады, бірақ үйлену талабын қоюдан тартынумен болады. Кейін Ф.Ницше досы Паулем Реёге өз көңілін қызға жеткізіп баруды тапсырады. Қызық болғанда Паулем Реё де Лу Саломеге ғашық болып жүрген екен. Екеуі бірдей қызға үйлену талабын қояды. Бірақ Лу Саломе екеуінің үйлену талабын бірдей қабылдамайды. Ф.Ницше амалсыз қызбен дос болуға мәжбүр болады. Кейін Ницшенің қарындасы Элизабет Лу Саломенің үстінен өсек өрбітеді де, бұл әңгіме берекесіз аяқталады. Ғашығынан айырылу азабын кешкен Ф.Ницшенің тағы да ауыруы қозады және одан сайын жұрттан оқшау, оңаша бола түседі.
1883, Ол Италияның ең көркем жерлерінің бірі Рапаллода өзінің ең әйгілі шығармасы «Заратуштра осылай деді» деген кітабының бірінші бөлімін бар болғаны он күн ішінде жоғары шабытпен жазып шықты. Кейін екінші бөлімін, 1884 жылы үшінші бөлімін, 1885 жылы төртінші бөлімін жазып бітірді.
Бұл кітабында ортақтықтың "Мәңгілік қайталаным" идеясын пайымдады. Бұл оның негізгі ойжелісінің бірі еді. Әйгілі "Übermensch" (Суперман, Бірегей, Асқан адам) ұғымы да осы кітапта тұңғыш рет айтылды. Аталған кітап туралы Ф.Ницше былай деген болатын: "Менің бүкіл кітаптарым ішінде осы «Заратуштра осылай деді» кітабы ерекше маңызға ие. Ол менің адамзат баласына ұсынған ғажайып тартуым. Бұл кітаптың дауысы түмен жылдарға жетеді. Ол тек кітаптың құрметі үшін ғана емес, ол биік таудың таза ауасын айналаға шашқан кітап - адамның шындықтары тым алыста, оның етегінде жатыр; - сондай-ақ бұл өте шүңет ойлы кітап; ол ақиқат өзегіндегі байлықтың терең қабатынан келген, оған тасталған шелек лағыл-гауһарға толып шығады, ондағы қазынаны алсаң таусылмайды, ішсең шөлің қанбайды! Онда ешбір пайғамбардың сәуегейлігі жоқ; онда қорқынышты ауыруда, билеу еркі ырқындағы пастордың дін уағызының қойыртпағы да жоқ; өзін парасат себепсіз жараламас үшін адамзат алдымен Зороастырдың аузынан байсалды пікірлерді тыңдай білуі керек. Ең байсалды пікірлер бұрқасынды дауылдың алғашқы белгісі. Астарланып, сыбырлап айтылған идея дүниені ту-талақай ете алады."
Бірақ, Заратуштра осылай деді кітабы сол кездегі жағдайға байланысты оқырманы тым аз кітап болды. Ницше бұған қамықпады, және "барлық адамға арналған, бірақ ешкім түсінбейтін кітап. Бұл кітапты 200 жылдан кейінгілер құныға оқитын болады" деп өзін жұбатты. Белгілі бір мағынада бұл сәуегейлік те орындалған секілді.
"Менің атаққұмарлығым," - дейді Ницше: "он-ақ ауыз сөзбен басқалар бір кітап жазғанда айтатын, бір кітап жазса да айтып жеткізе алмайтын ойды жеткіземін!" Жалпы Ницшенің Заратуштара кітабы дүниедегі біршама күрделі кітаптар қатарына жататыны белгілі.
Ф.Ницшенің кітаптары негізінен оның өз ақшасына шығарылған, және сол замандарда өтпейтін кітаптар қатарында болған екен. Кітаптарының тиражы шамамен 200 бен 2000 дана айналасында ғана болыпты. Бұл философиялық кітапқа құмар неміс халқы үшін сол кездегі өте төмен көрсеткіш еді. 1885 жылы «Заратуштра осылай деді» атты кітабы бар-жоғы 40 данамен басылып шғады. Ф.Ницше кітаптың біразын өзі алып, достарына жіберіп береді.
1886 жылы Ф.Ницше өзінің шығармашылық көмекшісі Ernst Schmeitzner-дің антисемитизмдік идеяларына төзе алмай, көмекшіліктен босатады. Ол оны "антисемитизмнің батпағына әбден батқан" деп айыптап, "антисемитизм ізгі де парасатты адам көзге ілмеуге тиіс ілім" деп сипаттады. Сол жылы қарындасы Элизабет антисемитшіл жігітпен үйленгеніне қатты ашуланады және ол екеуінің Парагвайға барып таза "Германдық отар" құру жоспарын аяусыз масқаралайды. Бірақ олар Ф.Ницшені тыңдамай аттанып кетеді. Қарындасымен осы реткі араздасудың салдарынан кейін Ф.Ницше толық жынданып кеткен соң барып қарындасы оның қасына келді. Ф.Ницше "еврейлік құлдық этика 2000 жыл бойы Еуропа мәдениетін шірітіп келді" деп есептегенімен, бәрібір еврейлерге ұлттық өшпенділік танытуға қарсы болады.
1886 және 1887 жылдары Ф.Ницше Еуропадағы біраз елді кезіп жүргенде жазған нақыл сөздерін, қысқа тұжырымдарын, ұсақ мақалаларын жиып-теріп екі кітап етіп баспадан шығарды: «Жақсы мен жаман сыртында» (1886), «Мораль шежіресі» (1887). Бұл екі ктапта Ф.Ницше дәстүрлі мораль ережелеріне өршелене шабуыл жасап, Бірегей идеясына жол ашты
1888 жылы Ф.Ницше іркес-тіркес «Вагнер оқиғасы», «Мүсіннің көлеңкесі», «Антихрист», «Қараңдаршы мына адамға», «Ницше Вагнерге қарсы» деген кітаптарды жазды. Аталған кітаптарда терең мағыналы ойлармен бірге кейбір оңды-солды шабуылдаулар, кейде өзін тым көкке көтерулер байқалады. Бұл оның рухани ауруының тепси бастағанының белгісі болса керек.
Осы жылдары Ф.Ницше Ф.М.Достоевский шығармаларын құмарта оқумен болды. 1870 жылы Данияда «экзистенциализм атасы» С. Къеркегор философиясынан сабақ беретін Георг Брандес оны Данияға келуге ұсыныс еткен болатын. Ф.Ницше Данияға баруға уәде берсе де, ауыру себебінен Данияға жолы түспеді. 1888 жылы Брандес Копенгаген Университетінде Къеркегор философиясымен қатар Ницше философиясынан да дәріс бере бастады.
Ф.Ницше 1886 жылы «Жақсы мен жаман сыртында» кітабының эпилогында «Үстемдік еркі» атты жаңа кітапты жазуға уәде берген болатын. Аталған кітапқа енетін көптеген жазбалар жазып қалдырса да, бәрібір бұл уәде орындалмады1888 жылға дейін оның шығармашылық шабыты тасып, жазу еркі тасқындап, тың идеяларға бай кітаптарды арт-артынан тудырып тұрды. Сол жылы күзде «Вагнер оқиғасы» кітабы туралы дау туғанда, ол өз шығармаларының философия тарихында теңдессіз екенін сеніммен айтты. Сосын өзінің 44 жасқа шығу құрметіне әсіре әуезбен «Қараңдаршы мына адамға» делінетін ғұмырбаяндық шығармасын жазды.

Қорытынды
Қорыта келе , Фридрих Ницше философия тарихында өз орны бар ұлы тұлға екенін айтып өтуміз керек. Ол болашақ ХХ ғ. Пайдалы көп қайшылықтарды, әсіресе адам өмірі мен тағдырына байланысты көп ойларды көтеріп болашақ ғасырда ықпалды“өмірфилософиясы”аталған ағымның негізін қалап кетті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Ғабитов Т.Философия , 2004
2.Әбжанов Т.И , Нысанбаев Ә. Қысқаша философия тарихы, 2009
3.Иманқұл Н. Философия әлемінде: болмысы мен тарихы, 2006
4.Кішібеков Д.Сыдықов Ұ. Философия, 2002
6.Спиркин А.П. Философия, 2002

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет