Бастауыш сынып оқушылары ойындарының басты ерекшелігі - оның ұжымдық сипатта болатындығы. Әрине, жеті-сегіз жасар балалардың ойын ұжымы әлде де тұрақсыз болады. Өйткені бұлар ұжымдық өмір сүруге әлде де жөнді дағдыланбаған, мұндай ұжымның құрамы екі-үш баладан аспайды. Ал үшінші, төртінші сынып оқушыларының ойындарында ұжымдық сипат жақсы жетіледі. Мәселен, ойында топ-топ болып ойнау, ойын ережелерін сақтау, жолдастарының алдында жауапкершілігін сезіне бастау, өзін ұстай білу сияқты ұжымдқк ойындардың негізгі белгілерін олар жақсы түсінеді. Мектептегі қоғамдық ұйымдардың жұмысы- бала ұжымын құрастыруға таптырмайтын құрал Бұл ұйымдар балаларды ортқк мақсатқа, ұжым намысын қорғауға, оның табысына ортақтасуға тәрбиелейді.
Бастауыш мектеп мұғалімдері бала ойындарына дұрыс жетекшілік көрсету арқылы оның денесін ғана шынықтырып қоймай, онда жақсы психологиялық қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.
Адам психикасын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын әрекеттің бірі - еңбек. Еңбек адам тіршілігінің арқауы, оның өмір сүруінің басты шарты. Еңбектің адам сана-сезімінің қалыптасуына қалайша әсер ететіндігі жөнінде К.У.Ушинский: “…Еңбек тән мен рухани адам жаратылысының және жер бетіндегі адамның тіршілігінің күрделі заңына айналады, ол адам тәнінің адамгершілігі мен ақыл-ойының жетілуінің жағдайы,оның адамгершілік ар-ұяты,бостандығы және ақыр аяғында қуанышы мен бақыты болып табылады”, - дейді. Еңбек әрекетінің психологиялық табиғатын А.С. Макаренко былайша түсіндіреді:«Адам жұмысты сүйіп істейтін болса, одан саналы түрде қуаныш сезетін болса, еңбек ол үшін жеке басын және талантын тудырудың негізгі формасы болатын болса, сонда ғана творчестволық болуы мүмкін. Еңбекке мұндай көзқарас мүмкіндігі, тек еңбекке күш салу нағыз әрекетке айналған кезде ғана, ешбір жұмыс көңілсіз болып көрінбейтін болса, онда бір мағына болса ғана туады». Ұлы педагог еңбексіз тәрбиені, дұрыс тәрбие деп түсінуге болмайтындығын, еңбек адам психологиясын, кісілердің бір-бірімен ынтымақты қарым-қатынасын қалыптастыратын негізгі фактор екендігін еске салады. Жалпы еңбек әрекетінің (жеке және ақыл-ой) негізгі ерекшелігі-оның жоспарлылығы мен белгілі тәртіпке бағытталатындығында. Еңбек процесі қызметкерде арнаулы білім жүйесі, дағды, икемділіктердің болуын, зейінділікті, күшті ерік күшін, белгілі еңбек тәртібін қажет етеді.Еңбектегі табыстар мен нәтижелер, адамның дүниетанымына, наным-сеніміне, мақсат-мүддесіне, нақты қажетіне сәйкес келу-келмеуіне қарай әр түрлі болады. Не үшін еңбек ететіндігін бар саналылығымен сезіну еңбек етудің ең басты түрткісі болып табылады.Еңбек үстінде кісі өзіне, қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндірумен бірге өзінің психологиялық қасиеттерінің жақсы жақтарын (еңбек сүйгіштік, тәртіптілік, ұқыптылық, т. б.)біртіндеп қалыптастырып отырады. Еңбек үстінде кісінің өзін-өзі қызмет ете алу қабілеті, практикалық іскерлігі, дербестігі, икем дағдысы,ынтасы мен тапқырлығы, белсенділігі шыңдала түседі. Бастауыш сыныптардағы еңбек тәрбиесі-баланы жүйелі түрде еңбек дағдыларына үйретудің бірінші қадамы.Оқушының еңбекке дағдылануы бірден дамымайды. Өйткені, бала бірден өзінің еңбек етудегі мақсатын түсіне қоймайды және одан нәтиже шығарам деп те ойламайды. Еңбектің адамның қандай қажетіне жарайтыны, оның қоғамдық мәнін бала айқын түсінетін болуы қажет. Еңбек сабағы зейінді тәрбиелеудің де ең жақсы құралы. Өйткені, тіпті кішкентай еңбектің өзі (инені сабақтау) зейіннің бір жерге жиналуын, дәлдікті, күш салуды қажет етеді. Еңбек дағдыларының мардымсыздығы төменгі сынып оқушыларына тән қасиет. Мұндай жағдайды, мәселен, жазу дағдысын қалыптастыру кезеңінде де байқауға болады. Ол жазуға бүкіл денесін(аузын жыбырлату,көзін шүйілту,аяғын тіреу,мезгіл-мезгіл дем алу т. б.) қатыстырады. Осы жайт еңбек сабағында да байқалады. Бұл оның организмін тез шаршатады.Төменгі сынып оқушылары шаршағанына қарамай қимылдайды. Өйткені олар шамасын келу-келмеуіне қарамастан, іске қызу кіріседі. Көбінесе еңбек тәртібі сақтала бермейді!Олардың бірі қағаз қиса, екіншісі желімдейді, үшіншісі тағы бір іспен айналысады. Істелген істің сапасына мән беріп жатпайды, жаман болсын, жақсы бір зат істеп шығардық деп ойлайды.Бұл-көбінесе бірінші сыныптағыларға тән қасиет. Бала біртіндеп еңбек ету арқылы көп нәрсені үйреніп, білетіндігіне көзі жете бастайды. Мәселен,үшінші сыныптағы балада «осы мен не істей аламын?» деген ой туады да, осыған байланысты әрекетету басталады. Оның өзіне-өзінің үңілуі, өзінің қабілетін сынап көру - өте құптарлық іс. Егер ол өз қолынан бір нәрсе істеп шығарса, «Ту, мен де істей алады екем ғой», - деп төбесі көкке жеткендей масаттанады. Бұл оның психологиясына жағымды әсер етеді.
Кейбір мектептерде еңбек сабақтарына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер кездеседі. Ал осындай мұғалімдердің оқушылары сабақтан тыс кездерде болатын қоғамдық пайдалы жұмыстарда тәртіпсіздік жасауға дейін барады. Әрине, мұндай ұйымдаспаған, мақсатсыз еңбек оқушыларда (әсіресе, отбасында еңбек тәрбиесін жөнді көрмеген балаларда) салдыр-салақтық, тәртіпсіздік, әдепсіздік сияқты теріс мінездің орныға түсуіне итермелейді де, үлгерімі мен тәртібі жақсы деп жүрген балаларға кері әсер етіп, оларды енжар, селсоқтық жағдайға түсіретін болады. Бастауыш сыныптарда еңбек сабағын ұйымдастыру мұғалімнің методикалық шеберлігін аса қажет етеді. Мәселен, мұғалім балаға жөнді талап қоймайтын болса, бала бұған «еті өліп» үйреніп кетеді де, еңбек сабағын «дем алудың», «тыныстаудың» бір түрі деп ойлайтын болады.Сондықтан сабақтарға қандай талаптар қойылатын болса,еңбек сабағына да сондай талаптар қойылуы қажет.