2023-2024 оқу жылындағы Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріндегі оқу процесін реттейтін негізгі нормативтік құжаттар;
бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарлары мен бастауыш білім беру пәндерінің бағдарламаларындағы өзгерістер;
пәндерді оқытуда функционалдық сауаттылықты қалыптастыру (оқу және жазу сауаттылығы, математикалық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық); пәндік, метапәндік және түйінді құзыреттерді дамыту; цифрлық құзыреттер мен дағдыларды дамыту; STEM/ЅТЕАМ технологияларды қолдану; құндылыққа бағдарланған оқытуды іске асыру; тұлғаға, іс-әрекетке бағдарланған және инновациялық тәсілдерді іске асыру, оқу процесіне тиімді әдістер мен технологияларды енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар.
Білім беру процесінде білім алушы басты назарда тұрады және барлық оқыту процесі оған қолайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталады.
Бастауыш білім беруде «Цифрлық сауаттылық» пәнін және «Көркем еңбек» кіріктірілген пәнінің орнына «Еңбекке баулу» мен «Бейнелеу өнері» пәндерін жеке оқыту жалғасады.
Бастауыш білім беру деңгейінде тілдерді кезең-кезеңімен оқыту шеңберінде оқыту қазақ тілінде жүргізілетін 2-сыныптан «Орыс тілі» пәнін оқыту басталады.
«Шетел тілі» оқу пәні 1-2-сыныптарда оқытылмайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында негізгі орта білім беруде академиялық білімге, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға, пәндік, метапәндік дағдылар мен құзыреттерді дамытуға, STEM-тәсілі негізінде оқытуға, тәрбиелік компонентті күшейтуге және инклюзивті орта қалыптастыруға баса назар аударылатын болады.
Жалпы орта білім беру деңгейінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеуге және білім алушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Алдағы оқу жылында үлгерімі төмен білім алушылармен жұмыс атқару өзекті міндет болады.
Тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезіндегі басым бағыт – балаға қамқорлық пен құрмет көрсету, сенім арту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу болып табылады.
2023-2024 оқу жылында мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы негізінде тәрбие міндеттерін іске асыруда «Ата-аналар академиясын» құру, сондай-ақ «Тоғыз ай – 9 іс-шара», «4 тоқсан – 4 өнер» жобалары шеңберінде іс-шаралар өткізу, мерейтойлық күндерге арналған сыныптан тыс ісшараларды ұйымдастыру маңызды аспектілер болып табылады.