22. Картография ғылымы мен Тарихи география ғылымдарының сабақтастығы Картаны пайдалану – картографиялық өнімдерді (карта, глобус, атлас, т.б.) тәжірибелік, ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу салаларында, оның ерекшеліктері мен бағыттарын үйрететін картографиялық өнімдермен жұмыс істеу әдістері жасалатын, алынған нәтижелердің сенімділігі мен ықпал ету деңгейіне баға берілетін картографияның бір бөлімі.
Ерте заманнан қазіргі күнге дейін карталар жергілікті жердің бағдары мен теңіз және құрлық үсті маршрут-сызбаларын анықтауда қолданылып келсе, бүгінгі күнде карталар ғарыш пен әуе бассейніндегі навигациялық қызметті атқаруда. Карталарды Жер мен қоғам туралы білімді беруде, инженерлік құрылысты жобалау құжаттарында, өнеркәсіп, ауылшаруашылық нысандары мен қалалар және басқа да елді-мекендерді орналастыруды жоспарлауда кеңінен қолданылады.
Картография – табиғат пен қоғамның құбылыстарын географиялық карта мен басқа да картографиялық өнімдерді кескіндеу және оларды құрастыру, пайдалану әдістерін зерттейтін ғылым. Әрбір географиялық картаның өзіндік атқаратын қызметі болады. Оны білім мен өндірістің белгілі бір салаларындағы мамандар, туристік-танымдық жорық жетекшілері, оқушылар білім мен маңызды ақпарат көзі ретінде қолданады. Картаны құрастырушылар кескіндейтін аумақты терең зерттеп, оқып үйренген сайын сол аумақта орналасқан нысандар мен құбылыстардың ерекшеліктерін айқындап, ашып көрсетеді. Картография құрылымы жағынан күрделі пәндер жүйесін құрайды, оның маңызды құрамды бөліктеріне – картатану, картографиялық ақпараттану, математикалық картография мен картометрия, сондай-ақ картаны жобалау мен құрастыру, безендіру, жасау және пайдалану әдістемесі кіреді.
Карталардың көмегімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын, қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтіру іс-шараларын, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды жобалайды. Карта әскери өмірде де қолданылады, әрі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызға ие. Картографиялау үдерісінің өзінде де карталар жаңа өнім жасаудың негізі мен бастауы болып табылады. Картографияның міндеті ретінде осыған дейін тек картаны құрастыру қарастырылып келсе, ХХ ғасырдың ортасынан бастап, оны пайдалану маңыздылыққа ие болып отыр. Мемлекеттік стандарттар мен энциклопедиялық басылымдарда, оқулықтар мен сөздіктерде «Картография –карта жасау мен пайдаланудың өндірісі мен ғылыми саласы»,-деген ұғыммен түсіндіріледі. Ғылым мен тәжірибеде картографиялық зерттеу әдістері алуан түрлі. Ол көптеген теориялық ізденістердің ажырамас бөлігі. Тіпті карталар Жер мен қоғам туралы ілімдердің тірек негізіне айналып үлгерді. Картографиялық әдістер физикалық география, геология, геофизика, әлеуметтану, экономика және тарих ғылымдарында кеңінен қолданыс табуда.
Карталарды таным құралы ретінде пайдалану жаңа экология, медициналық география, салыстырмалы ғаламтану (планетология) тәрізді ғылым салалаларының дамуына мүмкіндік берді. Картографиялық әдістер халық шаруашылығының нысандарын жобалау-жоспарлау жұмыстарына қатысты маңызды шешім шығаруда, аумақтық-өндірістік кешенді дамытуда, табиғатты қорғауда қызмет етуде.
Картографиялық зерттеу әдістерін қолданушы маман картограф картаны еркін «оқуға», құрастыру ұстанымдары мен бейнелеу және әзірлеу технологияларының тәсілдерін білуге міндетті. Сонымен қатар, ол модель түрінде карта бетіндегі бар дүниені ұсына білуі әрі осы туралы ақпарат бере білуі тиіс. Ең маңыздысы, картограф өнімін тұтынушының картаны пайдалана отырып, картографиялық бейнені өңдеуде қолданған амалдардан адаспай, жақсы бағдар алуы, оның мүмкіншіліктері мен шектерін айыра білуі, картадан алынған мәліметтердің сенімділігіне қатысты түсінігінің болуы тиіс.
Картатану – географиялық карта мен оның түрлері, қасиеті мен элементтері, даму тарихы пайдалану әдістемелерін зерттейді. Математикалық картография – жер беті мен ғылымдағы аспан денелерін жазықтықта кескіндеудің математикалық әдістерін зерттейді. Картографиялық ақпараттану – картаны жүйелеу және оларды талдау, бағалау, сақтау тарату мәселелерін қарастырады. Картометрия – картадағы әр түрлі географиялық нысандардың сандық сипатының мазмұнын айқындайтын картографияның құрамдас бөлігі. Картаны безендіру – картаны көркем және графиктік безендірудің әдістері мен құралдарын жасап, оны басып шығаруға әзірлеуді оқып үйретеді. Топография – географиялық және геометриялық әдістерді пайдалана отырып, жергілікті жерді оқып үйрену негізінде ірі масштабты карталарды құру жолдарын зерттейді.
Картографияның басқа ғылымдармен байланысы өте кең. Мәселен, қоғамдық ғылымдар ішінде, тарих, экономикалық география; жаратылыстану ғылымдарының ішінде, физикалық география, ландшафтану, геология, климатология, топырақтану, өсімдіктану, жануартану салаларымен байланысты. Астрономиялық, геодезиялық өлшеу жұмыстарының нәтижесінде картография жердің пішіні мен мөлшері, ауданы, белгілі бір нүктенің географиялық орны туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.
Картографияның міндеті – халықты шаруашылық пен мәдени қажеттілігін өтейтін заман талабына сай, сапасы жоғары географиялық карталар мен атластар, глобустар және басқа да картографиялық өнімдермен қамтамасыз ету.
Географиялық карталар еліміздің аумағын қамтып,табиғатын қайта түлетіп, шаруашылықты дамытуға қажетті ақпараттар сақтаған қуатты құрал болып табылады. Картография және топография негіздері курсын оқытудың мақсаты картографияның ғылыми негізі болып саналатын картатану, математикалық картография, картометрия және топографияның теориялық негіздерімен таныстыру арқылы студенттердің географиялық картаны біліп, түсініп оқи білу дағдыларын қалыптастыру.
Тарихи география тарихты география тұрғысында зерттейтін тарихи пән. Тарихи география мәселесінің ең қиын тұсы — зерттелетін аумақтың экономикалық географиясын көрсету, өндіргіш күштердің даму деңгейін белгілеу, оларды орналастыру болып табылады. Тарихи географияның қайнар көздеріне жатады: шежірелер; тарихи актілер мен құжаттар; жазба, шолу, санақ, тексеру кітаптары; саяхатшылардың жазбалары; археология, филология және география. Тарихи география әр мемлекет қоғамдарының мәдени ерекшеліктерін олардың жергілікті ортамен және қоршаған ортамен өзара әрекеттесуін түсіну арқылы қалай пайда болғанын және дамығанын анықтауға тырысады. Қазіргі уақытта тарихи географияның 8 бөлімі ерекшеленеді: тарихи физикалық география (тарихи жертану) — ландшафттың өзгеруін зерттейтін ең консервативті сала; тарихи саяси география — саяси картаның, мемлекеттік жүйенің өзгеруін, жаулап алу жорықтарының бағыттарын зерттейді; халықтың тарихи географиясы — аумақтардағы халықтың таралуының этнографиялық және географиялық ерекшеліктерін зерттейді; тарихи әлеуметтік география — қоғамның қарым-қатынасын, әлеуметтік топтардың өзгеруін зерттейді; тарихи мәдени география — рухани және материалдық мәдениетті зерттейді; қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінің тарихи географиясы — тікелей (адамның табиғатқа әсері) және кері (табиғаттың адамға әсері); тарихи экономикалық география — өндірістің дамуын, өнеркәсіптік төңкерістерді зерттейді; тарихи-географиялық елтану . Алғашында тарихи географияны пән ретінде анықтау қиын болды. Ең алғаш жарияланған ғылыми еңбек ретінде 1904 жылы Лондонның тарихи географиясын талдаған зерттеу жұмысын айтуымызға болады . 1950 жылдардағы оқулықта «географтардың тарихты түсіндірудегі негізсіз әрекеті» деп жазылады. Дегенмен, оқулық авторы Дж.Б. Митчелл географияны қолдап: «Тарихи географ — бұл барлық уақытта да географ», — деген пікір білдіреді. 1975 жылға қарай жаңа «Historical Geography» журналының бірінші саны шығып, ғылым саласының пәнін кеңейтті. Жалпы қазіргі таңда тарихи география мәселелерін зерттеуге арналған 3 журнал Скопус базасында индекстеледі: Geoscience Publications баспасының «Historical Geography» журналы; Taylor & Francis баспасының «Scandinavian Economic History Review» журналы; Elsevier баспасының «Journal of Historical Geography» журналы. Сонымен қатар, Elsevier баспасының журналы Web of Science Core Collection базасындағы Social Sciences Citation Indexте индекстеледі. Бұл тарихи география саласының маңыздылығын көрсетеді. Жалпы географияның хорологиялық көзқарасы эмпирикалық білім мен оны реттеуге және кеңейтуге ұмтылатын ғылымдардың Канттық жіктелуіне негізделген. Біздің ақиқат туралы біліміміздің логикалық жіктелуі — классификацияланады, яғни қабылдау мен психикалық тұжырымдамаларға сәйкес бізге нәтижелерді бірқатар ғылымдар береді. Олардың әрқайсысы ең алдымен осы құбылыстар тұрғысынан анықталған және тек өздеріне бағынышты ұқсас құбылыстар тобымен байланысты кеңістіктік және уақытша қатынастарды белгілейді. Бұл жүйелік ғылымдарға физикалық, биологиялық және әлеуметтік салалар жатады. Бір жағынан қарағанда, білімнің физикалық жіктелуі — бұл барлық құбылыстар болатын уақыт немесе кеңістік бойынша жіктеумен байланыстылықты білдіреді. Уақыт бойынша жіктеу табиғаттың барлық құбылыстарымен олардың реттілігі мен уақыт өзгеруіне сәйкес айналысатын хронологиялық ғылымдармен қамтамасыз етіледі. Кеңістік бойынша жіктеу аймақтағы бірге және өзара байланысты барлық құбылыстармен айналысатын хорологиялық ғылымдарды анықтайды . Халықаралық шекаралар мәселесі де жаһандық ахуалда маңыздылығы жоғары. Негізінен халықаралық шекаралар жасанды бөлу сызықтары болп табылады. Бүгінгі шекаралардың барлығы өткен, кейде жылдар, кейде ондаған жылдар, ал кейбір жағдайларда тіпті ғасырлар бұрын жасалған. Осылайша, халықаралық шекаралар мемлекет өміріндегі тарихи сәттерді көрсетеді, оның шекаралары қазіргі уақытта оның қуаты мен мүмкіндіктеріне сәйкес белгіленеді. Шекараларды белгілеу процесін және олардың орналасуын түсіну үшін тарих, география және саясаттану арасындағы зерттеулер көмек бере алады