№2(62)/2011 Серия филология


Проблемы кодирования модального значения, декодирования



Pdf көрінісі
бет10/22
Дата06.03.2017
өлшемі2,23 Mb.
#7924
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22

Проблемы кодирования модального значения, декодирования 
В статье рассматривается психолингвистический аспект категории модальности. Выделение значения 
модальности у некоторых используемых морфологических форм и предложений приводит к сложно-
стям.  Автор  доказывает  потребность  лингвистического анализа  при  помощи  кодирующих  и  декоди-
рующих контекстов. Модальная закономерность в статье сопоставляется на уровне контекста. 
The psycholinguistic category of modality is considered in this article. It’s difficult to distinguish the modal 
meaning of some morphological forms and sentences. The necessity of linguistic analyses by means of cod-
ing and decoding contests was proved by the author. The reflection of the subjective and objective modality 
has been confirmed by examples. 
 
 
 
 
ƏОЖ 811.512.122’373.62 
Ə.Н.Насыритдинова  
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана 
Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің қалыптасу кезеңдері 
Мақалада  қазақ  тіліндегі  ғылыми-техникалық  терминдердің  қалыптасу  тарихы  мен  даму 
ерекшеліктері қарастырылды, себебі ғылым мен техниканың дамуы əр сала терминдерінің жасалуын 
талап етеді. Мақала авторы қазақ тіліндегі техникалық терминдердің қалыптасу тарихын төрт кезеңге 
бөліп  қарастырды.  Əр  кезеңдегі  техникалық  терминдердің  жасалу  жолдары  мен  тəсілдерін,  даму 
ерекшеліктерін  сипаттай  келе,  олардың  терминжасам  тəсілдерінің  барлық  түрлері  арқылы 
қалыптасқанын дəлелдеді.  
Кілтті  сөздер:  ғылым  мен  техника,  кезең  (дəуір),  терминология,  ғылыми-техникалық  терминдер, 
техникалық  терминдер,  аударма  əдебиет,  алғашқы  баспасөз,  терминжасам,  терминжасам  тəсілдері 
(амалдары).  
 
Ғылыми əдебиеттерді, терминдерді қазақ тіліне аудару үдерісінің даму кезеңін шартты түрде 4-
ке бөлуге болады: 
1. ХІХ  ғасыр  мен 1920 жылдарға  дейінгі  кезең.  Бұл  кезеңде  ғылыми  мəлімет  беретін  мəтіндер 
алғаш рет қазақ тіліне аударыла бастады. 
2. 1920–1940  жылдар  аралығы.  Бұл  аралықта  қазақ  тілінде  нақты  ғылым  салаларына  арналған 
алғашқы аударма еңбектер жарық көрді. 
3. 1940–1990  жылдар.  Бұл  уақытта  аударма  əдебиеттер  тілінде  орыс  тіліне  басымдық  берілді, 
яғни термин аударуда орыс тілінен өзгеріссіз қабылданды. 
4. 1990 жылдан бергі кезең. Ғылым мен техниканың дамуына жəне заман талабына сай ғылыми-
техникалық əдебиеттердің қазақ тіліне барынша аударылып жатқан кезеңі. 
Сонымен,  қазақ  тіліндегі  ақпараттық  аударма  жасаудың  алғашқы  талпыныстары  ХІХ  ғасырда 
жатыр.  Ол  кезеңде  газет-журнал  беттерінде  жарық  көрген  аударма  мақалалардың  көбі  халыққа 
ғылым  саласындағы  жаңалықтарды  жеткізуді  мақсат  етті.  Дегенмен  де  нақты  ғылым  саласына 
қатысты, оның барлық заңдылықтары мен қағидаттарын ашып көрсететін еңбек болмаса да, зерттеу 
еңбектерінде «жартылай ғылыми мазмұнды əдебиет», «ғылыми-көпшілік əдебиет» атауына ие болып 
жүрген  олардың  негізгі  құндылығы  қазақ  тілінде  термин  қалыптастыруда  алғашқы  қадам 
жасағандықтарында. 
М.Балақаев,  Е.Жанпейісов,  М.Томанов  қазақ  тіліндегі  ғылыми  əдебиеттер  тілінің  қалыптаса 
бастауын  Қазан  төңкерісінен  кейінгі  дəуірге  жатқызады [1]. М.Балақаевтың  айтуынша,  ертедегі 
ғылымға  қатысты  кейбір  кітапша,  мақалалар  ғылыми  стильдің  негізгі  даму  арнасы  бола  алмайды. 
Мысалы,  Қадырғали  Жалайыридың  тарихи  шығармасы  «Жами  ат-Тауарих»  жылнамалар  жинағы 
мазмұны жағынан ғана емес, тілі жағынан да өте құнды. Дегенмен, біз осы трактат жазылған дəуірде, 

Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
59 
яғни ХVІ ғасырда, ғылыми стиль пайда болды деп айта алмаймыз. Өйткені ғылыми əдебиет стиліне 
тəн тілдік ресурстар ғылымның дамуымен, ғылыми əдебиеттің молаюымен байланысты. Олар қазақ 
елінің Октябрьден кейінгі ғылым прогресс дəуірінде пайда болды. Сондықтан əдеби тілдің стильдер 
жүйесінің  бұл  саласы  жаңадан,  кейін  пайда  болды [2; 48]. Р.Сыздық: «Өткен  (он  тоғызыншы) 
ғасырдың  соңғы  онжылдықтарынан  бастап  қазақ  тілінде  көпшілікке  арналған  жартылай  ғылыми 
əдебиет  жанры  жанданды.  Сол  кездегі  қазақ  қауымында  жиі  кездесетін  адам  мен  малдың  ауру-
індеттері,  қазақ  қоғамының  экономикасы  (кейбір  кəсіптер  туралы),  мəдениеті  т.б.  жайында  жарық 
көрген кітапшалар — қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік əдебиеттің алғашқы көріністері», — дей келіп, 
бұл стильдің едəуір етек жая бастаған тұсы — үстіміздегі (жиырмасыншы) ғасырдың басы, ал нағыз 
өркендеген,  айқындалған  дəуірі — қазіргі  кезең  деп  тұжырымдайды [3]. Əрі  бұл  ғалымдар 
көзқарасын  бұл  кезеңдегі  аталған  бағыттағы  əдебиеттерді  «жартылай  ғылыми  мазмұнды  əдебиет», 
«ғылыми-көпшілік  əдебиет»  деп  атаулары  да  дəлелдей  түседі.  Яғни,  терминдердің  қазақ  тіліне 
аударылуы ХІХ  ғасырда  орын  алғанымен, ғылыми-техникалық  мəтіннің  маңызды  бөлшегі  ретіндегі 
негізгі  аударма  жұмыстары 1920 жылдардан  басталған.  Ал  ХІХ  ғасырдың  соңы  мен  ХХ  ғасырдың 
басында аударма мəселесі алғашқы қазақ баспасөзінде де байқалды. Яғни қазақ тілінде жарық көрген 
алғашқы газет-журнал беттерінде аударма мақалалар, хабарлар жарияланды. 
Бұл  туралы  академик  Ө.Айтбайұлы  былай  дейді: «Сөздердің  терминге  айналуы,  тілдің 
терминологиялық  жүйесінің  пайда  болуы  белгілі  бір  объективті  себептермен  түсіндіріледі. 
Лексиканың осы қатарына көңіл бөліп, оны жинақтау, насихаттау əрекеті XVIII ғасырдың аяғы, ХІХ 
ғасырлардың  басынан  бастау  алған  екен.  Сол  кездегі  тамтұмдап  қазақ  тілінде  шыға  бастаған  газет, 
журналдар  материалын  қарасақ,  термин  деген  айдар  тағып,  ауыз  толтырып  айта  алмағанмен, 
терминдік қызметі айқындала бастаған сөздер тізімдерін беру тəжірибесін кездестіреміз» [4; 58]. 
Қазақ тілінде ғылыми стильдің, аударма ісінің, термин сөздердің қалыптасуында алғашқы қазақ 
баспасөзінің  алар  орны  ерекше.  Ол  туралы  алғашқы  газет-журналдар  тілін  зерттеушілер 
Б.Əбілқасымов,  Б.Момынова,  С.Исаевтар,  қазақ  əдеби  тілін  зерттеуші  Р.Сыздық,  терминтанушылар 
Ө.Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы, т.б. еңбектерінде айтылған. 
Б.Əбілқасымов,  Б.Момынова,  С.Исаевтың  еңбектерінде  мерзімді  баспасөз  тілінің  əдеби  тілге, 
көптеген  сөздер  мен  тілдік  құбылыстарды  қалыптастыруға,  оны  тілдік  нормаға  енгізуге  əсері  сөз 
болады. 
ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысындағы  мерзімді  баспасөз  тілін  əңгімелей  отырып,  Р.Сыздық  сол 
тұстағы  газет  беттерінен  «үш-төрт  түрлі  стильге  жататын  материалдарды  табуға  болады:  ең  көбі 
қоғамдық-публицистикалық стиль, ғылыми стиль (тарихи-этнографияға арналған мақалалар), көркем 
əдебиет стилі жəне ресми іс-қағаздар стилі» деп жазады [5]. 
Халық  мұрасын  жинастырып  бастырушы  Ү.Субханбердина  «Дала  уəлаяты  газетінің»  халықты 
өнер-білімге, мəдениетке шақырудағы рөлін, қазақтың жазба əдеби тілінің дамуына жасаған ықпалын 
сипаттай отырып, оның бетінде «қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ресми іс 
қағаздары стильдері қалыптасты, ғылыми стильдің негізі қаланды» дегенді айтады [6]. 
Ұлттық  баспасөзіміздің  алғашқы  қарлығаштары  «Түркістан  уəлаятының  газеті»  мен  «Дала 
уəлаяты газетінің» тілін зерттеген Б.Əбілқасымов «жалпы газет-журнал тілі дегеніміздің өзі бірнеше 
стильдік  тармақтарды  қамтиды»  дей  келіп,  газеттер  бетінен  көркем  əдебиет  стиліне  жататын 
туындыларды да, ғылыми əдебиеттер стиліне жататын мақалаларды да, тіпті іс қағаздары үлгілерін де 
кездестіруге болатынын айтады. «Сондықтан, — дейді ғалым, — қазақ тіліндегі алғашқы газеттердің 
беттерінде  жоғарыда  аталған  стильдердің  алғашқы  негіздері  қаланғанын  көреміз»  деп  түйіндейді 
[7; 37]. 
ХІХ ғасырдың орта ширегінде қазақ тілінде  «Дала уəлаяты  газетінен» басқа бірде-бір баспасөз 
органының болмағанын айта отырып, З.Тұрарбеков төмендегідей пікір айтады: «Газет сол дəуірдегі 
қазақ халқының өмірінен əр түрлі мəлімет беретін шежіре іспетті болуымен қатар, белгілі дəрежеде 
ғылыми,  əдеби  жəне  шаруашылық  мəселелерінен  нақты  мəлімет  беретін,  ғылым,  білімді 
насихаттайтын журналдың əрі көпшілікке арнап шығарылатын кітаптардың рөлін де атқарды» [8]. 
Бұл  туралы  сол  газет-журналдар  жарық  көріп  тұрған  заманның  өзінде  Ж.Аймауытов  айтып 
кеткен  болатын: «Кітап,  құрал  жоқтықтан  осы  күнгі  газет,  журналдар  мектепке  кітап  орнында 
қолданылып  тұр.  Ендеше,  газеттеріміз — əрі  хабар,  əрі  кітап  болып  отыр»,  дей  келе,  газет  бетінде 
терминдердің дұрыс берілуіне қатаң талап қояды [9]. 
Бұл  пікірлерден  қазақ  тіліндегі  ғылыми  стиль  бастауы  алғашқы  баспасөз  беттерінен  орын 
алғанын  байқаймыз.  Жалпы,  өз  кезеңіндегі  ғылыми  жаңалықтарды  баяндау  арқылы  халыққа 

Насыритдинова Ə.Н. 
60 
Вестник Карагандинского университета 
ғылымның түрлі саласынан ақпарат беруде баспасөздің орны зор. Ондай мəліметтерді алғашқы қазақ 
газеттерінен  де  кездестіруге  болады.  Əрі  бұндай  бағыттағы  мақалалардың  көпшілігі  орыс  тілінен 
аударылып басылғандықтан, ғылыми мəтінді қазақ тіліне аудару мəселесінің де бастауы осы кезеңде 
жатқанын аңғарамыз. 
Мəселен, «Түркістан  уəлаяты  газетінің» «Ғылыми  хабарлар»  деген  бөлімінде  түрлі  ғылым 
салаларынан ақпарат беретін мақалалар жарияланып отырған. Олар, негізінен, жер, күн, ай туралы, ай 
мен күннің тұтылуы туралы түсініктер, жаңбыр, тұман, ауа, найзағай туралы ғылыми түсініктер, дəрі-
дəрмек  туралы,  дəрігерлік  көмек  жайында,  малдың  түрлі  жұқпалы  ауруларының  сипаттамалары, 
оларды  емдеу  жолдары  жөнінде,  алғаш  аспанға  ұшу,  пошта-телеграф  қатынасы  жайында,  ақша 
айналымы, банк туралы мəліметтер, өнер-білімнің, оқудың пайдасы туралы хабар беретін мақалалар. 
Мысалы, «Күн  тұтылғанның  хабары», «Жер  туралы», «Жердің  үлкендігі  мен  қандай  екенін 
сөйлейік», «Күн,  түн,  жаз  басы,  күз,  жаз,  қыс  неліктен  болатынын  жаңалық», «Шар  тақырыпты», 
«Һауа  тақырыпты», «Безгек  дəрісі», «Чечек  тақырыпты», «»Адам  бір  жері  отқа  күйсе...», «Жизақ 
қаласында қара малға чума деген ауру келіп еді, бұл ауруды жайылып кетпеске қылған амалдар осы», 
«Магеллан сөзінің аяғы», «Почта тақырыпты сөз», «Телеграф турасында бірнеше сөз айталық», «Оқу-
жазу  тақырыпты», «Білгіңіз  келсе  қай  істі  бастасаңыз  оқусыз,  ғылымсыз  болмайды», «Банке 
қақында», «Шегіртке тақырыпты», «Алыста, күн шығар жақта» (Жапония туралы), «Орыс газетінде 
жазыпты ағаштан жасалған үй...», «Жібек құрты тақырыпты Россия газетінде осылай деп жазыпты», 
«Орыс  газетінде  жазылып  келген  хабар» (Ауғаныстан  туралы), «Түркстан  орыс  газетіндегі  хабар» 
(жұқпалы  аурулармен  күресу), «Орыс  газетінде  жазыпты  біздің  орыс  жұртының  өнерман 
адамдары...» (орыс кемесінің жер шарын айналуы туралы) т.б. 
Жалпы  «Түркістан  уəлаяты  газеті»  осы  секілді  мақалаларды  орыс  тілінен  аударып  жариялай 
отырып, қазақ халқына сол кездегі түрлі ғылыми жаңалықтарды жеткізген. Яғни, газет қазақ тілінде 
ғылыми  стиль  мен  аударма  ісінің  қалыптасуына  өзіндік  үлес  қосқан.  Ендеше  бұл  газетті  «баспасөз 
бетіндегі ресми аударманы қазақ даласына алғаш əкелген газет» деп атау орынды [10]. 
«Дала  уəлаяты  газеті»  орыс  тілінде  жарық  көрген  «Киргизская  степная  газетаның»  қазақша 
нұсқасы  болып  табылады.  Сондықтан  да  бұл  газеттің  аударма  ісіне,  ғылыми  мəтінді  аудару  ісіне 
қосқан  үлесі  зор.  Газеттің  «ресми  емес»  бөлімінде  жалпы  ғылым-білімге  қатысты,  ғылым  мен 
техниканың  жаңалықтарына  арналған,  көпшілікке  пайдалы  мақалалар  орыс  тілінен  аударылып 
беріліп  отырған.  Мысалы, «Мəскеу  шаһары  турасында», «Түрік  халықтары», «Алтай  тауы  турада», 
«Ташкент  қаласы  турасынан», «Жапония  деген  жерде» (жанартау  туралы), «Түркістан  турасынан», 
«Сибирь  турасынан», «Бұрынғы  заманда  адамдар  қалайша  жазуды  үйренді», «Тасқа  салынған 
суреттер  һəм  жазулар», «Біздің  қазақ  тілі  туралы», «Мемлекет  тілдері», «Не  себептен  жерлердің 
сілкінгені пайда болады», «Күннің күркіреуінің һəм күннің жарқылдағанының һəм жəйді түсірмейтін 
сайманның  баяны», «Жер,  күн  һəм  жұлдыздар  турасының  баяны», «Жер  қимылдау  қақында», 
«Жұғымтас  науқас  турасында», «Көкірек  ауруға  қылатын  дəрі», «Мерезге  қылатын  ем  дару», 
«Сибирская язва, яғни жамандату, топалаң, аусыл дертінің белгісі, һəм оның əуелгі уақытта емделуі», 
«Шешек ектірудің пайдасы», «Дəрігер жəрдемі», «Не себептен шешек ектіру керек», «Дерттің бəрін 
жазатын  дəрі», «Дəрігер  һəм  дəрілер», «Ғылым  хабарлары», «Ауаның  жақсы,  жаман  болудағы 
белгісі»,  Құйрықты  жұлдыз  һəм  ағатын  жұлдыздар», «Əр  түрлі  ағаштар  турасында», «Телеграф», 
«Кісілердің  аспанға  ұшқанының  баяны», «Тартатын  темекінің  шыққаны  турасында  бұрынғыдан 
қалған сөз», «Шай һəм оны қалайша пайдаланалулар жиһан дүниенің əр тараптарында» т.б. Осылай 
ғылымның сан-саласын мейлінше қамтыған мақалалар арқылы тұрғындарға ғылыми жаңалықтардан 
хабар  беріп  отырған.  Сонымен  бірге  аталған  газет  орыс  тілінен  аударма  газет  болғандықтан,  оның 
бетінде  аударма  мəселесі  де  сөз  болған.  Онда  аударманың  тілі  мен  оның  қазақ  оқырмандарына 
түсінікті  болу  талаптары  туралы  пікірлер  жарияланған. «Газет  шығаратындардың  мейлінше  жəһəт 
қылатындары  орысшадан  переуад  қылған  мезгілде  халден  келгенше  анық  қазақ  тілімен  жазуға, 
оқитын қазақтарға ұғымды қылып». «Орысшадан переуад қылғанда тұп-тура сөз алдырмай, орысша 
ретіменен  переуад  қыламын  деп  əуре  болу  жарамайды.  Əсіресе  ұзақ  сөздер  келген  уақытда  наһу 
қағдасымен қосылған, сондай болғанда ұзақ сөздерді ретіменен бөліб əрқайсысын бөлек переуаддаб 
ортасын  жөніменен  қосу  керек»  деп  сөзбе-сөз  аударуға  қарсы  пікір  білдіреді.  Яғни, «Дала  уəлаяты 
газеті»  қазақ  тілінде  ғылыми  стильдің,  аударма  ісінің  қалыптасуына  үлкен  үлес  қосқан.  Сондай-ақ 
газет бетінде аударма ісіне талап қоятын пікірлердің басылуы да бұл мəселенің бастауы осы кезеңде 
жатқандығын дəлелдейді. 

Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
61 
Қазақ  тіліндегі  алғашқы  журнал  «Айқапта»  да  ғылыми  түсінік  беретін  мақалалар  жарияланып 
отырған.  Ол  үшін  журнал  бетінде  арнайы  «Кітаптар  хақында  һəм  ғылым  баптан  кеңестер», 
«Библиография  жəне  ғылыми  мақалалар»  атты  бөлімдер  жұмыс  істеген.  Онда  медицинаға, 
агротехникаға, тіл біліміне қатысты мақалалар жарық көрген. 
Бұл  мақалалар  тілі  қазақ  оқырмандарына  сəйкестендіріліп  жазылған.  Орыс  тілінен  аудару 
барысында қазақ ұғымына жат сөздер мен түсініктерге қарапайым тілмен  сипаттама беріп отырған. 
Мəселен,  пароход,  теплоход,  поезд,  телефон,  электр  шамы  сияқты  сөздерді  халыққа  түсіндіру  үшін 
«атсыз  арба», «майсыз  шам», «неше  жүз  шақырым  жерден  сөйлесетін  құрал»  деген  секілді 
жолдармен  түсіндіруге  тырысқан: «Қаланың  баласы  білімді,  ойлы.  Ол  таң  қаларлық  істер  істейді. 
Отты  дүние  айналған  теңізді  кезеді.  Айшылық  жолды  алты  аттайтын  атсыз  арба  жасайды.  Майсыз 
шам жандырды. Неше жүз шақырым жерден сөйлесетін құрал жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа 
араласады» (А. 1912.1). «ХІХ ғасырда електірік деген жат нəрсе білінді. Бұл електірік күшімен қандай 
алыс жерден сөйлесуге болады. Сағатына 9–10 шақырым жер жүретін от арбалар шықты. Еуропаның 
зор  қалаларының  көшелерінде  осы  електірік  арбалар  адамдарды  алып  жүреді.  Мұны  трамбай  деп 
атайды» (А. 1913.1). 
Газет-журнал  беттерінде  бұндай  мысалдар  көптеп  табылады.  Бұл  орыс  тілінен  ғылыми 
мақалаларды  аударғанда  халыққа  барынша  түсінікті  болуды  мақсат  етіп,  еркін  баяндау  тəсілімен 
аударғанын аңғартады. 
Алғашқы  қазақ  баспасөз  құралдары  қазақ  тілінде  аударманың,  ғылыми  аударманың  негізін 
қалыптастыруда көп еңбек сіңірді. 
Сонымен  бірге  бұқаралық  ақпарат  құралдары  термин  қалыптастыруға  қомақты  үлес  қосқан. 
«Қазақтың  мерзімді  баспасөзі  бұрыннан  қолданылып  келе  жатқан  сөздерді  сол  күйінде  ғана 
пайдаланып  немесе  оларға  жаңа  мағыналық  реңк  беріп,  тіркесімділік  қабілетін  арттырып,  қызметін 
кеңейтіп  қана  қойған  жоқ,  сонымен  бірге  оларды  жаңа  мағынада  қолданып,  жаңа  сөздер  жасап  та 
отырды.  Тілде  сөз  жасаудың  осы  лексика-семантикалық  жолы  баспасөзде  мықтап  өркендеп,  əдеби 
тілді дамытып, байытуға елеулі үлес қосып келеді [11]. Яғни, баспасөз беттерінде тілімізде ертеден 
қалыптасқан  сөздерге  жаңа  мағына  үстеу,  мағынасын  кеңейту,  не  тарылту  мəселесі  алғашқы  қазақ 
газет-журналдарында  да  кездеседі.  Сонымен  бірге  орыс  тілінен  аудару  арқылы  берілген  ақпараттар 
тілінде  аударма  жолымен  жасалған  жаңа  сөздер,  аударылмай  сол  күйінде  алынған  сөздер  де 
ұшырасады. Алғашқы қазақ баспасөзінде орын алған бұл үдеріс термин жүйесінің қалыптасуына да 
ықпал еткен. Жалпы алғашқы баспасөздегі терминдерді Б.Əбілқасымов үшке бөледі: 
1) жалпы ғылымға, оқу-ағартуға байланысты терминдер — ғылым, ағач, су ғылымы (ботаника), 
тау-тас  ғылымы  (горное  дело),  жан-жануарлар  ғылымы  (зоология),  ғұлама  (профессор),  ұстаз 
(учитель), шəкірд (ученик) т.б.; 
2) лингвистикалық терминдер — əліфби (алфавит), қатты əуез (дауыссыз дыбыстар), лұғат (тіл), 
əуез (дыбыс) т.б.; 
3) заңға байланысты терминдер — суд, жаза, абақты, залок, кефіл, жауабкер, адуекет, куə, жан 
алу (присяга), ыхтияр (право) т.б. [7; 120]. 
Дегенмен де алғашқы қазақ баспасөзінде жарияланған ғылыми тақырыптағы мақалалардың тілін 
зерделегенде, бұдан басқа табиғаттану саласында қатысты — жер, күн, ай, күннің күркіреуі, найзағай, 
жер сілкінуі, жұлдыз т.б.; медицина саласына қатысты жара, жаралы, тəн, дəркер (врач), мақта, ұйқы 
тамыры  (сонная  артерия),  дерт,  дəрі,  мерез,  көкірек  ауру,  емдеу,  ектіру,  шешек  т.б.;  телеграф, 
пароход,  теплоход,  поезд,  самолет,  телефон,  электр  шамы,  завод-фабрика  сияқты  техника 
ғылымдарына  қатысты  терминдер  де  кездесетіндігін  байқаймыз.  Яғни  алғашқы  қазақ  баспасөзінің 
беттерінде термин сөздер ғылымның тек ғалым айтқан салаларымен шектелмейді екен. 
ХІХ  ғасырдың  аяғы  мен  ХХ  ғасырдың  басында  газет-журнал  бетінде  жарық  көрген  термин 
сөздер кейінірек тілімізде басылып шыққан алғашқы оқулықтардан да орын алды. 
Белгілі терминтанушы Ө.Айтбайұлы қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер аудармасы ХХ ғасырдың 
бас  кезінен  басталғанын  айтады.  Ол  аталған  кезеңде  ғылымның  медицина,  биология  салаларынан 
қазақ тілінде кітапшалар жарық көргенін айтып, оның себебін сол кезде қоғамда көбейген адам мен 
мал  ауруларын  емдеу  қазақ  ішіндегі  бақсы-балгерлердің,  емші-тəуіптердің  қолдарынан 
келмегендіктен,  оқыған  азаматтар  ауруларды  медицина  жолымен  емдеу  қажет  деп  түсінгендігінен 
іздейді.  Жəне  ол  кітаптар  қатарына  «Афат  яки  холера  əңгімесі» (1905), «Қышыманың  турасында» 
(1906), «Адамның чумасы турасында» (1911), «Чечек еккендегі бірнече ақыл» (1914) т.б. еңбектерді 
жатқызады [4; 168,169]. 

Насыритдинова Ə.Н. 
62 
Вестник Карагандинского университета 
Алғашқы  қадамын  осылай  бастаған  аударма  ісінде  бірте-бірте  қоғам  дамуы  салдарынан 
ғылымның əр саласында еңбектер жарық көре бастады. Ол еңбектер тілінде орыс тілінен аударғанда 
сөздердің  орын  тəртібін  түпнұсқа  тілдегідей  қалдырып,  қазақ  тілі  заңдылығына  қайшы  келу,  орыс, 
татар,  араб,  парсы  сөздерінің  көптеп  кездесуі  сияқты  кемшіліктер  тілші-ғалымдар  тарапынан  аз 
айтылып жүрген жоқ. Дегенмен де, осындай түрлі кемшіліктерге қарамай, негізінен, оларды ғылым 
тілін қазақыландыруға əкелген бірінші саты деп түсіну қажет. 
Жоғарыда  аталған  еңбектер  ХІХ  ғасырдың  соңы  мен  ХХ  ғасырдың  алғашқы  онжылдығында 
жарық көрсе, осы үдеріс одан əрі дами түсіп, ХХ ғасырдың 20–30-жылдарында қазақ оқығандарының 
ғылымның өзге де саласындағы аударма еңбектерімен жалғасып жатты. Мəселен, А.Байтұрсыновтың 
1912–1928  жылдардағы  жарық  көрген  тіл  білімі  саласындағы  еңбектері,  М.Дулатовтың  «Есеп 
құралы» (1918), М.Жұмабаевтың  «Педагогикасы  (баланы  тəрбия  қылу  жолдары)» (1922), 
Х.Досмұхамедовтің  «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), Е.Омаровтың  «Пішіндемесі» 
(1924),  Ж.Аймауытовтың  «Тəрбие  жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926) Қ.Кемеңгерұлының 
«Химиясы»  т.б.  көптеген  еңбектерді  жатқызуға  болады.  Бұл  еңбектерде  терминдердің  басым 
көпшілігі орыс тілінен алынған терминдер болса, енді бір бөлігі тым шұбалаңқы құрылған терминдер 
деп  те  бағалап  жүр.  Əрине,  бұл  еңбектердегі  атаулар  өз  тілімізге  бейтаныс  болғандықтан,  ол 
атауларға  балама  табу  өте  қиын  іс  болды.  Тіпті  балама  таппақ  түгілі  кейбір  ұғымдарды  бірнеше 
сөздермен əрең түсіндіруге болатын. «Ұғым барлық халықтарға ортақ болған соң ғана, оған балама 
табылады, ал ұғым бірінде бар, екіншісінде жоқ болса, эквивалент сөз түгіл, түсінік те болмайтыны 
белгілі  нəрсе» [7; 259]. Сондықтан  да  ондай  атауларды  сол  кездегі  тілдік  ортаның  жағдайы,  тіл 
білімінің даму деңгейі тұрғысынан бағалау қажеттігін айтып жүрген ғалымдар пікірін қолдаймыз. 
ХХ  ғасырдың  басында  жарық  көрген  алғашқы  терминологиялық  сөздік  ретінде 1926 жылы 
А.Өтембаевтың  аударуымен  жарық  көрген  «Орысша-қазақша  əскер  атаулары»  сөздігі, 1927 жылы 
Н.Қаратышқановтың  авторлығымен  шыққан  «Пəн  сөздері»  сөздігі  мен 1931 жылы  жарық  көрген 
«Атаулар  сөздігі»  еңбегін  жатқызуға  болады.  Ол  сөздіктер  тілінде  де  термин  қалыптастырудың 
жоғарыда  айтылған  барлық  жолдары  қамтылған.  Мəселен  «Пəн  сөздерінде»  құрал,  кемер  (борт), 
жетек  (буксир),  бұранда  (винт),  серіппе  (пружина),  тығырық  (гайка),  бөгет  (дамба),  тартар, 
қозғаушы (двигатель), ұршық (катушка), қорландырғыш (конденсатор), шүлдік (ось), бұранда кілт, 
бетін ашқыш (отвертка), іскек (поршень), бұрау, бастырық (рычаг), ілініс (сцепление), тасу құралы, 
көлік  (транспорт)  сияқты  көптеген  төл  сөздердің  қатысуымен  жасалған  техникалық  терминдермен 
қатар, «аптамабл», «арматыр», «əспалт», «бəк», «бөренке», «бемпел», «енженер», «мəшине», 
«тірес»  сияқты  өзге  тілді  сөздерінің  дыбыстық  өзгеріске  ұшырауы  арқылы  қалыптасқан  терминдер 
де көптеп табылады. «Пəн сөздері» ғылымның барлық саласының терминдер жүйесін толық қамтыды 
деп  айта  алмаймыз.  Қазақ  қоғамы  үшін  ғылым  мен  техниканың  көптеген  салалары  əлі  жетік  таныс 
емес тұста жарық көрген еңбек екенін ескерсек, бұл орынды да. 
Ал «Атаулар сөздігінде» кемер (борт), бұранда (винт), тығырық (гайка, бөгет (дамба) сияқты 
терминдер  жоғарыдағы  еңбектегідей  өзгеріссіз  алынса,  оған  қоса  қозғаушы  (двигатель),  тəптіш 
(деталь),  табақша  (диск),  сайман  (инструмент),  шапқыш  (косилка),  көпсіткіш  (лущильник),  піспек 
(поршень),  бұрау  (рычаг),  сепкіш  (сеялка),  сүзгі  (фильтр),  шынжыр  (цепь)  секілді  жаңа  терминдер 
қамтылған.  Жəне  аптабоз,  аптамабел,  аптатыранспорт,  күлтібатыр  (культиватор),  трактыр, 
матор,  матасекіл,  ыстанок,  панар  тəрізді  тіл  заңына  бағындырылып  алынған  терминдерді  де 
кездестіруге болады. Бұл сөздіктердегі терминдердің де Д.С.Лотте көрсеткен тəсілдермен жасалғаны 
байқалады.  Екі  сөздік  тілінде  кездесетін  терминдер  арасында  сайман,  бөгет,  серіппе,  көлік,  сүзгі 
сияқты  көптеген  терминдер  қазақ  тілінің  термин  жүйесінде  тұрақтанып  қалса,  тəптіш  секілді  тіл 
мамандарымен  мойындалмаған  атаулар  да  бар.  Алайда  кейбір  мамандардың  осы  тəптіш  сөзін 
«деталь»  терминінің  қазақша  баламасы  ретінде  қолдану  мəселесін  көтеріп  жүргенін  де  айту  керек. 
Аталған  сөздің  əр  нəрсенің  байыбына  жеткізіп,  анық-қанығын  ашып,  тəптіштеп  түсіндіру  деген 
мағынаны білдіретін тəптіштеу деген етістік туатынын ескерсек, бұл тұста мамандардың сөздің түпкі 
семантикалық мағынасына назар аударатынын аңғару қиын емес. Шынында да, тəптіштеп түсіндіру 
(детально  объяснить)  сөзінің  мағынасы  бүге-шүгесіне  дейін  жеткізіп,  түсіндіру  болса,  техника 
құралының бүге-шүгесі сол деталь екені анық. Сондықтан да бұл мамандар пікірінің негізі жоқ емес. 
Дегенмен қазіргі кезде бұл терминнің бөлшек деп бекітілгенін атап өту керек. 
Жоғарыда аталған сөздіктер арасында аз зерттелгені «Орысша-қазақша əскер атаулары» еңбегі. 
Бұл  еңбек  туралы  Е.Əбдірəсілов  «Құрылымы  мен  құрылысы,  терминдерді  беру  тəсілдері,  аударып 
беру  жолдары,  кірме  терминдерді  қазақ  тіліндегі  нұсқасында  жазу  ұстанымы  жағынан  өз  кезеңінде 

Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
63 
шығарылған  терминологиялық  сөздіктерге,  термин  шығармашылығындағы  ұстанымдарға  ұқсас, 
сəйкес  келеді»  деп  баға  береді [12]. Аталған  сөздік 2005 жылы  Ш.Құрманбайұлының 
редакторлығымен қазіргі жазу емлесіне түсіріліп, қайта жарық көрді. 
Ғылым  мен  техника  саласында  бұдан  кейін  жарыққа  шыға  бастаған  оқулықтар  мен  оқу 
құралдарында  осы  сөздіктердегі  терминдер  толықтай  қолданылды  десе  болады.  Атап  айтар  болсақ, 
М.Əуезов аударған «Құрылыс материалдары» еңбегінде ағаш, тас, құм, балшық, көпір, ірге, діңгек, 
көше, шатыр, еден сияқты сөздерге терминдік мағына үстесе, техникалық қасиет, шөкпелі заттар, 
табиғи  зат,  жасама  зат,  қалау  тастары,  жабу  жұмысы  т.б.  жаңа  қолданыстар  ұсынды.  Еңбекте 
кірпіш, пеш, жəшік, ізбес секілді өзгертіліп алынған жəне керамика, плита, минерал, бетон, шлак, 
битум тəрізді өзгеріссіз қабылданған атаулар да орын алған. 
Сонымен  бірге 1930 жылдары  баспа  бетін  көрген  «Политехникелік  мектепте  електір  жұмысы» 
(1931), «Отсыз жарық» (1932), «Техникалық насихат жəне оны ұйымдастыру» (1933), «Электрді шала 
білетіндерге  көмекші» (1934), «Орта  Азия  Республикелерінің  енергетике  жəне  ауыр  өнерлі  кəсібі» 
(1934), «Қимиа  шабуылы» (1934), «Ғажайып  сай» (1935), «Ауыл  шаруашылық  мəшинелері  мен 
құралдары» (1936) сияқты еңбектерді де ғылыми-техникалық əдебиеттердің бастауы деп қарастырған 
жөн.  Бұл  еңбектерді  жеке  алып  қарастырып  отырған  себебіміз  жоғарыда  айтылған 20-жылдардағы 
еңбектердің  тілі,  оларда  қолданылған  терминдер  туралы  бұған  дейін  де  сөз  болып  жүр.  Ал 
техникалық терминдерді қалыптастырудың алғышарты болып табылар бұл еңбектердің тілін зерттеп, 
ондағы  термин  қолданысы  ерекшеліктері  жəне  олардың  бүгінгі  терминқорымызға  қосқан  үлесі 
туралы сөз ету міндетіміз деп санаймыз. 
Жалпы, 1930–1940 жылдар  аралығындағы  ғылыми-техникалық  аударма  мəселесін  сөз  еткенде, 
алдымен  бұл  кезеңдегі  еңбектердің  дені  аталған  сала  жаңалықтарын  елге  таныстыру  мақсатында 
жазылғандығын айта кету керек. Ол туралы осы аралықта жарық көрген еңбектердің алғы сөздерінде 
де  айтылады: «Бұл  кітапта  технике  жағынан  үгіт-насихат  жазуға  керек  болған  соң,  түпкі  темадан 
тысқары  шығуға  қажет  болды.  Бұның  себебі  құрғақ  үгіт-насихат  кітабынан  əдеби  тіл  мен  жазып, 
ғылым  туралы  жабайы  оқушыны  таныстырмақ.  Атом  жəне  басқа  түрлі  ғылым  мəселелерін  соның 
үшін айтып кеттік» [13]. «Ең алдымен кітапта қимиалық құбылыс бойынша електір күші пайда болу 
жағын  айтып,  іс  жүзінде  таныстыру  үшін  гірене  лағыланыс,  кəло  (галло)  сықылды  елементтерін 
қолдан  дайындау  жағын  көрсеттік.  Екінші  електірдің  сым  бойынша  жүріп  қыздыратын,  жарық 
беретін  күш  барлығын  білдіру  үшін  қысқа  түрде  електір  төгі  заңын  (Ом  заңын)  жаздық.  Үшінші 
електір  құралдарына,  електір  мəшинелеріне  сым  орау  туралы  қысқаша  мағлұмат  беріп,  електір 
мəгнетизм мəселесін енгіздік. Төртінші електір құралдарының қалайша жүруі туралы түсінік беріп, 
ол құралдармен іс жүзінде таныстыру үшін мəделдерін жасау жайын қостық» [14]. 
Тағы бір дəлел ретінде еңбектердің аталуының өзін жатқызуға болады. Мəселен, «Электрді шала 
білетіндерге  көмекші».  Қазақ  тілінде  ғылыми-техникалық  аударманың  қалыптасуына  негіз  болған 
аталған  еңбектердегі  терминдердің  жасалу  жолдарын,  олардың  жазылу  емлесін  талдау  жөн  деп 
есептейміз. 
Алдымен, 1931 жылы Қызылордада  жарық көрген 47 беттік «Политехникелік мектепте електір 
жұмысы»  еңбегін, 1932 жылы  Қызылордада  басылып  шыққан 28 беттен  тұратын  «Отсыз  жарық» 
еңбегі  мен 1934 жылы  осы  қалада  жарық  көрген 88 беттен  тұратын  «Электрді  шала  білетіндерге 
көмекші» еңбегін, сондай-ақ 1934 жылы Ташкент қаласында жарияланған 64 беттен  тұратын «Орта 
Азия  Республикелерінің  енергетике  жəне  ауыр  өнерлі  кəсібі»  кітаптарын  қарастыруды  жөн  көрдік. 
Ондағы себеп бұл еңбектердің барлығы бір ғылым саласына арналып жазылғандығы, əрі бұл сала — 
техникалық ғылымдардың бір бөлшегі екендігі. 
Алғашқы «Политехникелік мектепте електір жұмысы» атты еңбектің авторы Айманұлы Жақып 
деп көрсетілген. Кітап негізінен қимиалық құбылыс бойынша электр күшінің пайда болуы, Ом заңы, 
электр  құралдары, электр  машиналары, электрмагнетизм  мəселелері  мен  құралдардың  қалай  жұмыс 
істейтіндігін түсіндіру үшін модельдерінің жасалуы мəселесіне арналған. 
Еңбекте күш, аспап, тұз, күкірт, сым, күміс, мыс, өткізгіш, от тегі, су тегі, қышқылтым, қуат, 
салмақ,  білік,  мүсəтір,  бөлшек  сияқты  төл  сөздерімізден  жасалған  жəне  елемент,  електір, 
електролет,  метал,  електірод,  радио,  телепон,  телегірап,  матор,  батари,  бөлт,  лампа,  мəгінет, 
компас, сəнтіметір, мелліметір, мекірапон, істанок, піробке, кəллекір, подсебнек тəрізді шет тілінен 
орыс  тілі  арқылы  енген  терминдер  кездеседі.  Соңғыларының  бұлай  жазылуын  сол  кездегі  тілші 
ғалымдардың, жалпы бейлингвистикалық орта жағдайымен түсіндіруге болады. 

Насыритдинова Ə.Н. 
64 
Вестник Карагандинского университета 
Аталған еңбектердің екіншісінде, яғни «Отсыз жарықта» төл тіліміздің де, өзге тілдің де сөздері 
термин  ретінде  қолданылғанын  байқауға  болады.  Төл  тілімізден  термин  жасауға  қатысқан  сөздер 
қатарына шыны сауыттар, сым, жарық, өткізгіш, білік, қызғыш, қоңырау, тарату тақтасы сияқты 
көптеген  сөздерді  жатқызуға  болады.  Ал  өзге  тіл  қорынан  алынған  термин  сөздерге — електір, 
мəнтөр,  лампы,  панар,  ыстанса,  мəгінет,  телегірап,  төк,  електірлену,  батарейе,  пуржыйна, 
рубилник,  реостат  т.б.  терминдер  жатады.  Байқап  отырғанымыздай,  өзге  тіл  сөздері  қазақ  тілі 
заңдылықтарына  бағындырылып  жазылған.  Сонымен  бірге  атау  сөздермен  қатар  бұл  жерде 
електірлену,  мəгінеттену,  жалғастыру,  қосу,  орнату,  тарату,  өткізу  сияқты  етістік  тұлғалы 
терминдердің  де  қолданылғанын  айту  керек. «Егерде  електір  төгін  (қоңырау  батарейесінен  делік) 
кеспелтек  темірдің  маңындағы  (жан-жағындағы)  сымдарға  жіберген  болсақ,  жаңағы  кеспелтек 
мəгінеттенеді.  Мұны  електір  мəгінеті  дейді.  Өне  бойы  тұратын  сымға  өткізгіш  орнату  керек 
болды [14]. Жалпы  «Отсыз  жарық»  кітабы  халыққа  электр  жарығының  қалай,  қайдан,  шығатынын 
түсіндіру үшін жазылғандықтан, тілі жеңіл, жатық. 
Келесі  «Электрді  шала  білетіндерге  көмекші»  атты  еңбек 88 беттен  тұрады.  Авторы 
Д.И.Сахаров, аударған Талжанова деп көрсетілген. Бұл еңбек тілінде де төл тіліміздің термин жасау 
мүмкіндігімен қатар орыс тіліндегі сөздер пайдаланылған. Еңбек соңында аталған салаға байланысты 
шағын орысша-қазақша 2 беттік сөздік берілген. Кітап бетіндегі терминдерді шартты түрде бірнеше 
топқа бөлуге болады: 
1) төл  сөздерімізбен  жасалған  дара  терминдер — күш  (сила),  қуат  (напряжение),  тегеурін 
(мощность), шүмек (кран), кескіш (зубила), желі (система, цепь), екпін (напор), оңашалау (изоляция), 
үлгі  (формула),  нұр  (луч),  үйкелу  (трение),  тұтқырлық  (сопротивление),  шошала  (будка),  жаншу 
(давление),  сиқы  (модель),  тиек  (движок),  жағу,  тоғыстыру  (включение),  бақылағыш  (контролер), 
ықпал  (индукция),  жұмырша  (катушка),  жинауыш  (коллектор),  бет  (шкала),  мырыш  (аллюминий), 
сілті (щелочь) т.б. сөздер; 
2) орыс тілінен өзгеріссіз алынған дара терминдер — насос, тендір (тендер), уат (ват) килобат, 
бөлпірем,  кілемм  (клемм),  мəлекүл,  електірон,  тыраныспорматыр,  кəбіл,  пөліс,  əккүмүлəтір,  газ, 
іскіп  (шкив),  шунт,  генератыр,  барабан,  потшипнік,  статыр,  ротыр,  кəписент  (коэффициент), 
асинқырон (асинхронно), електроскоп т.б. сөздер. Бұл сөздер аударма тіл заңдылығына байланысты 
дыбыстық өзгеріске ұшыраған; 
3) қазақ  тілінің  қосымшасын  қабылдаған  орыс  тілді  тұлғалы  дара  терминдер — техникеші, 
бөлттік (вольтаж), синқырондас (синхронно) т.б. терминдер; 
4) қос тілдегі сөздердің тіркесуінен жасалған күрделі терминдер — електір ағыны (ток), електір 
өткізгіш, електір саймандары, електір өріс басы (источник тока), жіберу (аттандыру) станциясы 
(отправительная  станция),  електір  ағын  қуаты  (напряжение  тока),  алу  стансасы  (приемная 
станция),  бөлт  өлшеуіш  (вольтметр),  қызыл  імпір  нұры  (инфракрасный  луч),  ауыспалы  електір 
ағыны (переменный ток), тұрлаулы електір ағыны (постоянный ток), кəбіл желісі (кабельная сеть), 
беліс  дөңгелегіне  ұқсас  ротыр  (ротор  в  виде  беличьего  колеса),  мəгніттік  сыпат  (магнетизм), 
мəгніт алаңы (магнитное поле), Гəлбан өлшеуіші (гальванометр), телепон ықпалшысы (телефонный 
индуктор), жіберме реастат (пусковой реостат) т.б; 
5) қазақ  тіліндегі  сөздердің  тіркесуі  арқылы  жасалған  күрделі  терминдер — өткізгіш  сым 
(провод),  қайтып  оралу  (циркуляция),  жаншу  өлшеуіш  (манометр),  нобай  бейнесі  (схема),  бесеке 
тұтқырлық  (удельное  сопротивление),  еріме  қоруыштар  (плавкие  предохранители),  шорт 
жалғастыру (короткое замыкание), жөнші кітап (справочник), жарыспа тоғыстыру (параллельное 
включение),  кезекпен  тоғыстыру  (последовательное  вклячение),  табан  шойын  жолдары  (рельсы), 
бейтарап сызық (нейтральная линия), су екпін серіппесі (гидравлический удар), ішкі (өзіндік) ықпал 
(самоиндукция),  қозғалу  қуаты  (кинетическая  энергия),  кіндіктес  шығыршық  (контакные  кольца), 
ағызылып тазартылған (дистиллированный) т.б; 
6) орыс  тілі  сөздерінің  тіркесіп  келуінен  жасалған  күрделі  терминдер — електір  техникесі, 
кəспіресір мəшинесі, телегірам апараты, електір мотор, турбин мəшинесі, електір техник т.б. 
1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Техникалық насихат жəне оны ұйымдастыру» 
атты 50 беттен тұратын еңбекте индустриаландыру, електірлендіру, механикелендіру, қимиаландыру 
сияқты  етістік  тұлғалы  терминдермен  қатар  траныспорт,  дібілгəтіл,  кəмплекіс,  кинорадио, 
киноматогірап, қуат, жылылық, өндіріс тəрізді көптеген есім тұлғалы терминдер де кездеседі. 
Техникалық  терминдердің  қалыптасуына  көмек  берген  тағы  бір  оқулық 1936 жылы 
Қызылордада  басылып  шыққан  «Ауыл  шаруашылық  мəшинелері  мен  құралдары»  атты 495 беттен 

Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
65 
тұратын  еңбек.  Бұл  еңбекте  ауыл  шаруашылығына  қажетті  құралдар  мен  көліктер  арнайы  топқа 
бөлініп,  барынша  жетік  сипатталады.  Ауыл  шаруашылық  машиналары  жалпы  «жер  құйқасын 
өңдейтін мəшине-құралдар», «себу жəне отырғызу мəшинелері», «шөп жинайтын мəшинелер», «егін 
оратын  жабайы  мəшинелер», «молотилкелер,  дəн  тазалайтын  мəшинелер», «астық  оратын 
комбайндар», «айрықша  өсімдіктерді  орып  өңдейтін  мəшинелер», «милирасиа  мəшинелері», «мал 
азығын  өңдейтін  мəшинелер»  деп  бөледі  де,  əрқайсысын  іштен  тағы  бірнеше  топшаға  жіктейді. 
Жалпы кітапта күрек, кетпен, соқа, белдік, сым, білік, төлке, топса, тіркеу, тіреу, тақтай, тетік, 
тырма, көпсіткіш (қопсытқыш), шынжыр, сүйреткі, тырнауыш, тазалағыш, жырту, тілу, пышақ 
сияқты төл сөздерімізбен қатар трактр, селендр, корпус, рама, конструксиа, марклер (марки), диске, 
култибатор, абтомат секілді орыс тілінен алынған терминдер де қолданылады. Сонымен бірге ауыл 
шаруашылығына тəн шөп, тұқым, картоп, капуста, мая, пішен, егін, бау, зығыр, жүгері, қызылша, 
сабан,  күнжара  т.б.  атаулар  мен  турағыш,  ұсатқыш,  ұндағыш,  қазғыш,  ұшырғыш,  сорттағыш, 
байлағыш, қопсытушы, артқыш, сепкіш, салғыш сияқты түрлі машина атаулары кездеседі. Оқулықта 
жалпы  мəшинелерді  тірі  күшпен  жүргізілетін  мəшинелер  жəне  мəшине  күшімен  жүргізілетін 
мəшинелер деп бөледі. 
Жалпы 1930 жылдары  терминдерді  қазақ  тіліне  аудару  жұмысында  термин  жасауда  тілші-
ғалымдар жіктеп берген тəсілдердің барлығы да қолданылған. 
Бұл  кезеңде  ғылыми-техникалық  аударма  əдебиеттер  тілінде  ғылымды  қазақыландыру 
ұстанымы  басым  болғандықтан,  төл  сөздеріміз  арқылы  жасалған  терминдер  көптеп  кездеседі. 
Олардың арасында сəтті-сəтсіз шыққандары да бар, алайда аталған уақыттың аударма ғылымы үшін 
маңыздылығы — ғылыми-техникалық мəтінді оның ішінде нақты бір салаға арналған əдебиетті қазақ 
тіліне  аудару  ісіне  бастау  болғандығы.  Ал  кез  келген  жаңа  бастамада  кемшіліктер  орын  алары 
заңдылық.  Дегенмен  де 1920–1930-жылдары  қазақ  тілінде  жасалған  көптеген  терминдерді  қазіргі 
тілші ғалымдар да, сала мамандары да мойындап отыр. 
Одан  кейінгі  кезеңдерде,  яғни 1940–1990 жылдар  аралығында,  қоғамда  орын  алған  тіл 
мəселесіне,  тілдік  ортаға  байланысты  ғылыми-техникалық  аударма  əдебиет  тілінде,  əсіресе 
терминдер аудармасында орыс тілі үстемдік жасады. 
1940 жылдары халықаралық терминдерді аудармай қабылдау туралы Н.Сауранбаев былай дейді: 
«Ескі сөздік қор өз заманында жеткілікті, толық болғанмен, қазіргі жаңа ұғымды атауға сапа жағынан 
да, сан жағынан да жеткіліксіз болды, шахта, театр, актер, режиссер, депутат, инженер, роман, пьеса, 
кафедра,  мотор,  диалектика,  логика,  эстетика,  проекция,  оптика,  хлор,  академия  т.б.  сөздерге  қазақ 
тілінің  сөздік  қорында  сай  келетін  сөз  жоқ,  сондықтан  оларды  сол  қалпымен  алу  керек».  Одан  əрі 
ойын  нақтылай  келе, 30-жылдардың  соңына  дейін  жоспар,  пішіндеме  деп  қолданылған  план, 
геометрия  деген  сөздерді 40-жылдардан  бастап  өзгеріссіз  алынғанын  айтып,  бұның  себебін 
пішіндеме  мен  жоспар  геометрия  жəне  план  деген  терминдердің  мағынасын  толық  бере  алмайды. 
Мұндай терминдерді аудармау керек», — деп түсіндіреді. 
Н.Сауранбаевтың  бұл  пікіріне  үн  қосқан  Қ.Шəріпов  өзінің  «Терминдеріміз  тұрақты  болсын» 
деген  мақаласында: «...терминдеріміз  көпке  дейін  өзгермейтіндей  етіп,  қолдан  келсе  ешуақытта 
өзгермейтіндей етіп, қайта қарап шығуымыз керек... Агитация мен пропаганда деген терминдерді бір 
кезде  «үгіт», «насихат»  деп  келдік  те,  кейін  насихатты  «пропаганда»  дейтін  болдық...  екеуі  де 
шетелдік  термин.  Осыны  ескеріп,  бұларды  агитация  мен  пропаганда  күйінде  қалдырып  отырмыз. 
Демек,  пропагандист,  агитатор,  агитколлектив,  агитпункт  деген  терминдер  сол  қалпында 
қабылданады», — дейді [15]. 
1930-жылдары  қазақ  терминологиясында  орыс  тілінен  өзгеріссіз  қабылданған  терминдер  қазақ 
дыбыстарына  сəйкестендіріліп  жазылса,  одан  əрі,  яғни, 30-жылдардың  аяғында,  тілімізге  орыс 
алфавитіне  тəн  дыбыстар  енгізілгеннен  соң,  олар  жаңа  əліпби  бойынша  жазылды.  Оның  себебін 
М.Балақаев былай түсіндіреді: «Солай жазудағы мақсаттың бірі — термин сөздердің тұрқын бұзбай 
болса,  екіншіден,  бір  сөзді  əркім  əр  түрлі  жазбай,  бір  түрлі  жазып,  олардың  емлесін  оңайлату  еді... 
бұрыннан өзгертіліп айтылып, өзгертіліп жазылып жүрген станса, Ресей, фабрика, тауар, жағрапия 
деген  сөздер  де  станция,  Россия,  география,  товар,  фабрика  деп  орысшасындағыдай  дұрыс 
жазылатын болды» [2; 104]. 
Сонымен, 1930-жылдардағы  ұстанған  жоғарыдағы  қағидадан  бері  қазақ  тіліне  шет  тілдік 
терминдер аударылмай алынды. Бұл үдеріс арқылы сөздік қорымызда шет тілдік сөздер үлесі көбейе 
түсті.  Жəне  бұл  жағдай 1990 жылдарға  дейін  сақталып  келді.  Яғни,  қазақ  тілі  терминологиясын 

Насыритдинова Ə.Н. 
66 
Вестник Карагандинского университета 
қазақыландыру  үдерісі  алаш  зиялылары  кезеңінде  мықтап  қолға  алынған  болса, кейінірек  ол  үдеріс 
мүлдем басқа бағытты ұстанды. 
Мəселен, 1958 жылы жарық көрген 2 бөлімнен тұратын «Машинатану жөнінен жетекші құрал» 
атты  оқулықта  күш,  дөңгелек,  жүріс  бөлігі,  жетектеуіш,  серіппе,  оталдыру,  қоспа,  қуат,  үйкеліс, 
майлау,  жұдырықша,  өзекше,  сырға  сияқты  санаулы  ғана  терминдер  қазақ  тіліне  аударылған. 
Сонымен  бірге  еңбекте  кей  терминдердің  екі  тілдегі  нұсқалары  қатар  беріліп  отырған.  Мəселен, 
үрлегіш,  айдағыш  (компрессор),  бобышки  (күшейтілген  ойықтар),  қалқандар  (перегородки),  төсем 
(прокладка),  шплинт  (мұрындық),  жақтар  (щеки),  ілініс  қабы  (кожух),  жағар  май  (смазка), 
қалыптар  (колодкалар).  Бұл  терминдердің  кітап  бетінде  мұндай  жолмен  берілуі  терминдердің  тіл 
білімінде 
осы 
нұсқасында 
бұған 
дейін 
көп 
қолданылмағандығынан 
не 
мүлдем 
қолданылмағандығынан  деп  есептейміз.  Сөзімізге  дəлел  ретінде  аталған  терминдер  ішінде  тек 
колодка  сөзі  «Атаулар  сөздігі»  мен  «Пəн  сөздерінде»  жəне  компрессор  сөзі  «Атаулар  сөздігінде» 
берілгенін,  оның  үстіне  компрессор  сөзі  кəспірессер  (ауа  жиғыш  мəшине)  деп  аударылғанын  алға 
тартамыз.  Сонымен  қатар  прокладка  сөзі  бұдан  кейінгі  машина  құрылысына  қатысты  еңбектерде 
бірден төсем деп аударма нұсқасымен алынған (1966 жылғы «Машинатану» еңбегі). Бұның өзі қоғам 
дамуының əр кезеңінде тілімізде төл сөздеріміз арқылы мүмкіндігінше жаңа терминдер қалыптасып 
отырғанының белгісі. 
1966  жылы  жарық  көрген  «Машинатану»  оқулығында 1958 жылғы  жоғарыда  аталған  еңбектің 
тілінде  орыс  тіліндегі  нұсқасымен  берілген  кейбір  терминдер  де  қазақ  тіліндегі  нұсқасымен  қатар 
берілген.  Олар:  топса  (шарнир),  төлке  (втулка),  тірек  (подшипник)  секілді  санаулы  терминдер. 
Мұндағы  топса  сөзі  «Атаулар  сөздігінде»,  ал  төлке  «Пəн  сөздерінде»  дəл  осы  нұсқасында 
келтірілген.  Аудармашылардың  бұл  жерде  терминдердің  қазақша  нұсқасын  аталған  сөздіктерден 
алғаны  байқалады.  Сонымен  бірге  қарастырылып  отырған  екі  еңбекте  де  сүргілеу,  бұрғылау,  сору, 
оталдыру тəрізді төл сөздерімізден жасалған етістік тұлғалы терминдер кездеседі. 
Негізінен, аталған еңбектердің екеуінде де жоғарыда біз мысал еткен сөздерден басқа терминдер 
толықтай  орыс  тіліндегі  нұсқасымен  берілген.  Бұдан  соңғы  жылдары  шыққан  аударма  еңбектердің 
тіліндегі терминдерді аударуда ерекшеліктер болған жоқ. Сол 1940 жылдары басталған ғылым тілін 
халықаралықтандыру  үдерісі 1990 жылдарға  дейін  жалғасты.  Сондықтан  да  бұл  кезеңдегі  ғылыми-
техникалық мəтіннің, терминдердің аударылу жағдайын анықтауға осы екі əдебиеттің аударма тілін 
талдау жеткілікті деп санаймыз. 
Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық аударма үдерісінің даму кезеңдерінің соңғысы туралы, яғни 
1990  жылдардан  басталатын  қазіргі  кезеңді  сөз  еткенде  кей  ғалымдардың  терминдерді  қазақ  тіліне 
аудару мəселесінде бұл кезеңнің 1920–1930-жылдармен ұқсастығы барлығын атап жүргендерін айтып 
кету  керек.  Біз  қазір 1920–1930-жылдары  басталған  терминдерді  қазақ  тіліне  аудару  үдерісін  арада 
ұзақ  жылдық  орыстану  саясатынан  болған  үзілістен  соң  қайта  жалғастырып  отырғандаймыз.  Бұл 
кезеңдегі  ғылыми-техникалық  терминдердің  берілуінде  терминжасамның  барлық  тəсілдері 
толығымен  қатыстырылып  жүр  десек  те,  болады.  Əрине,  техникалық  терминдер  қатары  ұлт  тілінде 
жасалған  атаулармен  толығуда.  Тек  зерттеуші  Н.Уəлидің  «Қазақ  сөз  мəдениетінің  теориялық 
негіздері» атты докторлық жұмысында халықаралық терминдерді пайдалану үрдісі Еуропада бастау 
алғанын айтып, оның себептерін де атап көрсететіндігін, ал Кеңес дəуірінде қазақ тіліне орыс тілінен 
тікелей қабылдау үрдісін қалыптастырған саясатты əсіре интертерминшілдік деп, қазіргі кезде орын 
алып  отырған  ғылым  тілін  қазақыландыру  барысында  артық  кетіп  жатқан  тұстарды  əсіре 
аудармашылдық деп атайтындығын айта кету керек [16]. 
Сонымен,  қазақ  тіліндегі  ғылыми-техникалық  аударма  ісінің  қалыптасуы,  даму  кезеңдері 
шартты  түрде 4-ке  бөлінеді.  Бұл  кезеңдердің  əрқайсысының  өзіндік  ерекшеліктері  бар.  Ғылыми 
мəтінді  қазақ  тіліне  аударудың  алғашқы  нұсқалары  қазақтың  мерзімді  басылымдарында  беріліп 
отырды.  Одан  кейінгі 1920–1930-жылдары  қазақ  тілінде  алғашқы  нақты  ғылым  салаларына,  оның 
ішінде  техникалық  ғылым  салаларына  арналған  еңбектер  жарық  көрді. 1940–1990-жылдар 
аралығында ғылым тілін халықаралықтандыру үдерісі орын алса, тəуелсіздік алғаннан бергі кезеңде 
бұл  жұмыс  бірте-бірте  жолға  қойылып  келеді.  Дегенмен  де  əр  кезеңде  терминдер  мүмкіндігінше 
қазақ тіліне аударылып отырғандығы белгілі. 
 
 

Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
67 
Əдебиеттер тізімі 
1  Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М. Қазақ əдеби тілінің мəселелері. — Алматы: Мектеп, 1961. — 25-б. 
2  Балақаев М. Қазақ əдеби тілі жəне оның нормалары. — Алматы: Ғылым, 1984. — 184 б. 
3  Сыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы (XV–XIX ғасырлар). — Алматы: Ана тілі, 1993. — 26-б. 
4  Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі (қазақ терминологиясының негіздері). — Алматы: Рауан, 1997. — 240 б. 
5  Балақаев М., Сыздықова Р., Жанпейісов Е. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Мектеп, 1968. — 78-б. 
6  Субханбердина Ү. Дала уəлаятының газеті. — 5-кіт. Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. — Алматы: Ғылым, 
1996. — 17-б. 
7  ХХ ғасырдағы қазақ əдеби тілі / Жауап. ред. Б.Əбілқасымов. — Астана: Елорда, 2000. — 344 б. 
8  Тұрарбеков З. Əдебиеттер достастығының дəнекері (қазақ аударма өнері жайлы ойлар). — Алматы: Қазақстан, 1977. 
— 82-б. 
9  Жүсіпбек мұралары // Қазақ əдебиеті газеті. — 1989. — 6 қаңт. — 113-б. 
10  Момынова Б. Газет лексикасы жүйесі мен құрылымы. — Алматы: Арыс, 2003. — 29-б. 
11  Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы. — Алматы: Қазақстан, 1983. — 90, 91-б. 
12  Əбдірəсілов Е. Қазақ терминографиясының ғылыми-теориялық негіздері: Филол. ғыл. д-ры ... дис. — Алматы, 2007. 
— 22-б. 
13  Ентон Н. Ғажайып сай / Ауд. Уəлиханұлы. — Ташкент: ӨзбекКСР мемл. баспасы, 1935. — 4-б. 
14  Айманұлы Ж. Политехникелік мектепте електір жұмысы. — Қызылорда: Қазақстан, 1931. — 4-б. 
15  Сауранбаев Н. Қазақ əдеби тілі жəне оның терминологиясын жасау туралы // Социалистік Қазақстан. — 1941. — 30 
мамыр. 
16  Уəли Н. Қазақ сөз мəдениетінің теориялық негіздері: Филол. ғыл. д-ры ... дис. — Алматы, 2007. — 258-б. 
 
 
 
А.Н.Насыритдинова  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет