27. Бекет батыр жырының негізгі мазмұнын ашыңыз



бет1/4
Дата12.05.2023
өлшемі25,31 Kb.
#92216
түріПоэма
  1   2   3   4
Байланысты:
3.15.27..


27. Бекет батыр жырының негізгі мазмұнын ашыңыз.
«Бекет батыр» (кейде «Бекет-Ерназар» деген атпен кездеседі) – 1855-1858 жылдары Бекет Серкебаев батыр бастаған патшалық самодержавиенің отаршылдық саясатына қарсы қазақтардың көтерілісі туралы тарихи жыр.
«Бекет батыр» жыры - 1855-1857 жылдардағы көтерілісті сипаттайтын жалғыз халық поэмасы. Көтеріліс аяусыз басылғаннан кейін Бекет Серкебаев басқа көтерілісшілермен бірге 1857 жылы Сібірге жер айдалады. Жырда жер айдалып бара жатқан Бекеттің шешесімен қоштасуына ерекше назар аударылған. Зерттеушілер көтерілістің жергілікті, отаршылдыққа қарсы болғанын, дегенмен де бұқара жұртты тарта алмағанын атайды. Көбінесе осы себепті де ол аяусыз басып-жаншылды. Көтерілістің басты мақсаты жыр мәтінінде анық көрінеді:
...Қатарымның ішінде,
Озып туды өз басым,
Арманым бар демеймін,
Арыстандай хандардың,
Қолыммен бұздым ордасын.
Арыстан ханды өлтіріп,
Астынан міндім жорғасын.
Өзімнен бұрын жоқ қылдым,
Талтаңдаған төренің,
Өз қолымнан хан басын!
Артымнан ерген көп елге,
Үлестірдім олжасын...
Жыр, әсіресе, Ақтөбе, Арал, Қазалы өңірлерінде және қарақалпақ халқы арасында кең тараған. Бүгінгі таңда ғылымда жырдың жеті нұсқасы белгілі, олардың екеуі 1917 жылғы Қазан революциясына дейін-ақ басылып, жарыққа шыққан. Алғаш рет бастырып шығарған орыс этнографы, өлкетанушы Иван Васильевич Аничков, жыр 1896 жылы Қазанда «Памятники киргизского народного творчества. Киргизская былина о героях Иръназаре и Бекете» деген атпен шыққан. Екінші нұсқа белгілі лингвист-түркітанушы Әбубәкір Диваевтың 1897 жылы Қазанда шыққан «Бекет батыр» (600 жол) деген еңбегі. Қазақ әдебиетінің энциклопедиялық анықтамалығына сәйкес, тарихи эпостың Аничков басып шығарған нұсқасын Т.Шоханова аударған, әдеби редакциясын А.Никольская басқарған. Алайда 1941 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының қазақ филиалының Орталық ғылыми кітапханасына халық мұрасын жинаушы М.Құсниұлының 190 жолдық нұсқасы келіп түседі.
Айта кетерлігі, М.Құсниұлының нұсқасы толғау жанрында жазылған. Эпостың жоғарыда аталған нұсқаларынан басқа, ғылымға 1936 жылғы нұсқа да белгілі (300 жолға жуық) ол көбіне Аничков еңбегіне ұқсас. Сол жылы А.Мыңбайұлы тапқан нұсқа да жарыққа шығады. Жырдың бұл нұсқасы 350 жолдан тұрады, мазмұны жоғарыда айтылған нұсқалардан едәуір өзгеше болып келеді. Бұл нұсқаның авторы белгісіз. Қазіргі уақытта жырдың барлық жеті нұсқасы да Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорларында сақтаулы. «Бекет батыр» жыры тарихи жыр болып есептелетініне қарамастан, ол өзінің идеялық бағыты мен көркемдік деңгейі жағынан түрлі әдеби жанрлардан тұрады. Онда лиро-эпостың, балладаның, лирикалық және тұрмыс-салт өлеңдерінің нышандары да ұшырасады.
1942 жылы Мұхтар Әуезов осы эпос негізінде төрт актіден тұратын тұтастай драмалық пьеса жазады. Бұдан басқа, өзінің «Әдебиет тарихы» еңбегінде ол эпостың қысқаша мазмұнын келтіріп, оның тарихи маңызына жеке тоқталады. Әуезовтың пікірінше, патша әкімшілігі сайлаған қазақ хандарының аярлығы мен зұлымдығы, елге келтірген ауыртпалығы, қалың елдің наразылығы көтірілістің шығуына түрткі болып, осы себептен жырды туғызған. Зерттеушілер жыршы тарихи оқиғаны жырға арқау етіп алғанымен, қиялына ерік беріп, еркіндікпен әңгімелеген дейді. Бұл ретте осы эпос негізінде пьесаны бірінші болып сахналандырған Әуезов еместігін айта кету керек. 1922 жылы Орынбор губерниялық театрының сахнасында орыс актрисасы әрі жазушы Нина Анненкова-Бернардтың пьесасы қойылған. Пьесада ол өзі Бекеттің анасының рөлін сомдаған.
«Бекет батыр» тарихи эпосы кезінде Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең тараған. 1960 жылы Алматыдан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітапта «Жанқожа көтерілісімен бір мезгілде басталып, соның артын ала аяқталған Кіші жүз қазағының отаршылық қысымға қарсы күресін көрсеткен ұзақ жырдың бірі – «Ерназар-Бекет». Бұл жыр Арал, Ақтөбе, Қазалы төңірегінде және қарақалпақтар арасында көп таралып айтылған. Мұнда 1855-1858 жылдардағы көтерілістің даңқты батырлары — Ерназар Кенжалин, Бекет Серкебаевтың ерліктері баяндалады. Әңгіме болып отырған «Бекет батыр» ел ішінде көптен айтылып келген, көп айтушының аузынан өткен, бірнеше рет басылып таралған, жұрттың көбіне белгілі шығарма» делінген. Алайда тек батыс аймақ пен Қарақалпақстанда ғана емес, солтүстік облыстарда да жырланған. Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің мектепке бармай тұрып-ақ «Бекет батыр» жырын жатқа білгенін айтады. Ол кезде Мағауин Семей облысы, Шұбартау ауданында тұрған.
М.Әуезов өзінің тарихи жырлар туралы зерттеуінде: «Бекет жайындағы, Абылайдың жорықтары жайындағы жырлар өте-мөте мол тараған. Ал Жанқожа туралы тарихи жыр қызғылықты болғанмен, онша көп таралмаған. Осылардың ішінде Бекет жайындағы жыр анық тарихи оқиғалар жайында, XIX ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісі жайында баян етеді. Шекті руының батыл, ержүрек ұлы Бекет Арыстан төреге қарсы шығады. Бекет шамадан тыс салыққа шыдамаған, жерді күшпен тартып алуға көнбеген, сұлтанның езіп-жаншуына қарсы болған халықты соңына ертеді» деп жазады. Ғұлама «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде ретін келтіріп, сұлтанның, ханның арғы жағындағы басты күшті анық атап өтеді. Былай дейді: «Әрине, ел кегі жалғыз бұлармен бітпекші емес еді. Жүректің түбінде жатқан дерт орыс билігі екенін бесіктегі бала да біледі. Бірақ іс басталу үшін әуелі көзге көрініп, көпке бірдей сезіліп тұрған жақын жердегі жаудан бастау керек еді». (Әдебиет тарихы. Алматы, 1991 ж.146-б.) 
Эпостың 7 нұсқасы Бекеттің аталасы Модиұлы Аманғалидың қажыр-қайраты арқасында қолға тиді. Бұның біреуі «Ерназар-Бекет» аталса, тағы біреуі «Ерназар мен Бекеттің толғауы» деп аталады. «Бекет батыр» мен «Ерназар-Бекет» жырларының көлемінде, мазмұнында, композициясында, көркемдік ерекшелігінде өзгешеліктер болғанымен, фабуласы — отарлық езгі, оған қарсы күрес, отарлаушылардың берген зәбірі.
39. Абайдың әлеуметтік лирикасы
Абай лирикасы кең көлемді мол қазына,биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Абай тілінің негізі қазақтың жалпы халықтық сөйлеу тілі мен ауызша әдеби тілі болғандықтан, оның лексика-фразеолия қазынасы тегі жағынан, ең алдымен, қазақтың төл сөздерінен, одан соң шағын мөлшерде араб-парсы және орыс сөздері қабатынан құралады. Өз тұсындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық күй-жағдайына орай қазақ лексикасында болған өзгеріс-жаңалықтарды Абай тілі айқын көрсетеді. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Абайды бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, түтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жай сезінудің өзі оқырманның жан жүйесін, көңіл күйін түгел тебіренте толқытып, барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды. Бұл - ғажайып құбылыс.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет