Оқытудың дербестігі мен тәуелсіздігі теориясының тұжырымдамалық негіздерін Тюбинген университеті жанындағы "Қашықтан оқыту" Институтының профессоры Р. Деллинг, АҚШ-тың Висконсин университетінің профессоры Ч. Ведемейер, қашықтан оқыту орталығының директоры (ACSDE) және "Американдық қашықтан оқыту журналының" (AJDE) негізін қалаушы М. Мур (Пенсильвания университеті) жасаған болатын.
Р. Деллинг қашықтан оқытуды білім алушы мен оқытушы арасындағы қашықтықты ақпараттық құралдар арқылы жойып, таңдау, дидактикалық дайындық және оқу материалдарын ұсыну, білім алушыларға әртүрлі байланыс құралдары арқылы көмек көрсету сияқты қызметтерді көрсететін жоспарланған және жүйелі іс-әрекет ретінде қарастырады. Р. Деллинг теориясындағы басты орын - екі жақты коммуникациядағы кері байланыс тұжырымдамасы болып табылады.
Қашықтан оқыту теориясының дамуына М. Мур айтарлықтай үлес қосты. Оның көзқарастары Р. Деллингке ұқсас және екі айнымалыға негізделген - "автономия" және "қашықтық". М.Мур үш элементті ажыратып көрсетеді: өздерінің сипаттамасы бойынша өзге білім беру формаларындағы элементтерден ерекшеленетін білім алушы, оқытушы, қарым-қатынас құралдары. М. Мурдың бағалауы бойынша, егер оқытушы мен білім алушы арасындағы екі жақты байланыс қамтамасыз етілсе және білім алушылардың сұраныстарына сәйкес келсе, оқу бағдарламаларын қашықтан оқыту бағдарламаларына жатқызуға болады. М. Мурдың пікірінше, тәуелсіз оқыту мен білім алу – бұл білім алушыныңорналасқан жерінен, уақыттан және кеңістіктен тәуелсіз білім беру жүйесі. Білім алушылар мен оқытушылар арасындағы байланыс тек техникалық құралдармен жүзеге асырылады.
М.Мурдың теориясын талдай отырып, халықаралық қашықтан оқыту кеңесінің зерттеу комитетінің бұрынғы төрағасы Д. Киган М. Мурдың теориялық позициясының бір полюсі, атап айтқанда "қашықтық" жеткілікті түрде негізделгенін айтады, бірақ екінші полюске, яғни "автономияға" қатысты, мұнда қосымша дәлелдер қажет, өйткені барлық білім алушылар автономияны бірдей қолдана алмайтынын айтты. Жоғары дәрежелі автономиялы оқу бағдарламасы білім алушыларға, автономиясы жеткіліксіз бағдарлама сияқты да зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, Д. Киганның ойынша, оқу бағдарламаларды әр білім алуышының қажеттіліктеріне бейімдеу басты міндет болып табылады. Сонда олар максималды автономияны қолдана алады және білім беруде нәтижелілікке ие болады (Keegan D. The fountain of Distance Education. L.: Croom Helm, 1986).
Егер біз Р. Деллинг пен М. Мурдың тұжырымдамаларын экстремалды деп қарастыратын болсақ, онда Ч. Ведемейер автономия мен тәуелсіздік мәселесін либералды тұрғыдан қарастырады. Ч. Ведемейер адамның кедей, географиялық жағынан оқшауланған, әлеуметтік мәртебесі төмен, денсаулығы нашар немесе басқа себептермен өзін білім алу мүмкіндігінен айыру мүмкін емес деп санайды.
Ч. Ведемейер өздігінен білім алу қағидатын ұстанған. Ол «тәуелсіз білім беру», білім алушының қабылдау деңгейіне байланысты, сондай-ақ ешқандай шарттарға тәуелсіз, жеке білім алушыға бағытталған бағдарлама бойынша жүзеге асырылу керек деген.
Студент өзінің жағдайына сәйкес оқуын еркін басқара алады, ол мекеменің кез-келген ережелерімен байланысты емес, бірнеше оқу бағдарламаларының кез-келгенін таңдауда тәуелсіз, қызметте қол жеткізуге тырысатын мақсаттарды таңдау еркіндігіне және жетістіктерді өз бетінше бағалау мүмкіндігіне ие.
«Тәуелсіз білім беру» білім алушылардың іс-әрекеті нәтижесінде жүзеге асырылады. Оқытуды мұғалім басқарса да, білім алушылар оған тәуелді емес және белгілі бір еркіндік пен жауапкершілікке ие. «Тәуелсіз білім беру» кезінде оқытушылар мен білім алушылар өзара байланысты әр түрлі жолдармен қолдай отырып, өз функциялары мен міндеттерін бір-бірінен бөлек орындайды.
Ч. Ведемейер қашықтан оқытудың ерекшеліктерін атап көрсеткен:
білім алушы және оқытушы аумақтық жағынан бөлінген;
қалыпты оқу процесі байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады;
оқыту процесі жеке білім алушыға бағытталған;
оқыту білім алушының өзіндік қызметі арқылы жүзеге асырылады;
білім алушының жеке мекендеу ортасы (тұрғылықты жері, жұмыс орны және т.б.) ең ыңғайлы оқу орны болып табылады;
білім алушы өз жетістіктері үшін өзі жауапты және жұмыс қарқыны мен мерзімдерін айқындауда таңдау еркіндігіне ие.
Автономия мен тәуелсіздікті жақтаушылардың экстремалды пікірлеріне Б. Холмберг, А. Бейтс, Д. Сьюарт, А. Смит және басқалар жасаған өзара әрекеттесу және байланыс теориясының негізгі принциптері айқын түрде қарсы келді. 70-ші жылдары екіжақты қарым-қатынас принципін жақтаушылар осы тұжырымдаманың қазіргі заманғы қашықтан оқыту жүйелерінің анықтаушы белгісі ретінде қалыптасуына маңызды практикалық үлес қосты. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған оқу процесін қатаң бақылайтын модельдердің пікірінше, қашықтан оқыту ұйымы,білім алушымен оқу орны немесе тьютордың арасындағы екі жақты қарым-қатынасқа емес, оқу материалдарының сапасына көбірек назар аударады. Ал, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге әкелетін оқу процесін аса қатаң қадағаламайтын модельдер, жеке байланыс немесе телефон арқылы сөйлесу түрінде білім алушы мен тьютордың бір уақытта байланысқа шығуын қажет етеді.
Қашықтан оқыту процесінде екіжақты қарым-қатынаста тьюторлардың рөлі басты орында, себебі қашықтан оқыту білім алушылары өздерінің оқу-жаттығуларының басында, әсіресе олардың уәждемесін бекіту кезінде арнайы көмекке мұқтаж. Сондықтан тьютор қателіктерді түзетіп қана қоймай, білім алушылардың жазбаша жұмыстарын бағалап қана қоймай, маңызды педагогикалық функцияларды орындауы керек. Ол оқу материалын білім алушылармен жеке қарым-қатынас орнату арқылы әр білім алушының алдын-ала дайындығымен, бұрын жинақталған білімімен байланыстыру процесінде маңызды рөл атқара алады.
«Қашықтаноқыту» термині екі ұғымды қамтиды: қашықтан оқыту және оқу. Оқыту-бұл оқытушы мен студенттің өзара қарым-қатынас процесі, соның нәтижесінде студенттің білімі, іскерлігі мен дағдылары (БІД) дамиды. Осылайша, қашықтан оқытуды процесс ретінде түсіндіруге болады.
Білім алушымен оқытушының мақсатты жанама немесе толық емес жанама өзара әрекеті олардың орналасқан жеріне және уақыт бойынша бөлінуіне қарамастан, педагогикалық ұйымдастырылған ақпараттық технологиялар негізінде, ең алдымен телекоммуникацияны қолдана отырып жүзеге асырылады [20]. Қашықтан оқыту процесінің негізі – білім алушының мақсатты және бақыланатын қарқынды өзіндік жұмысы, ол ыңғайлы жерде, жеке кесте бойынша, арнайы оқу құралдарының жиынтығымен ұйымдастырылады.
Қашықтан оқытудың дәстүрлі оқыту формаларынан келесі сипаттамалары ерекшеленеді:
Икемділік-ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде және қарқынмен білім алу мүмкіндігі. Пәнді меңгеру үшін регламенттелмеген уақыт кезеңі ұсынылады;
Модульділік-тәуелсіз оқу курстарының жиынтығынан жеке немесе топтық қажеттіліктерге жауап беретін оқу жоспарын қалыптастыру мүмкіндігі;
Параллельділік-кәсіби қызметпен қатар оқыту, яғни өндірістен қол үзбей оқыту;
Асинхрондық-оқыту процесінде оқытушы мен білім алушы оқыту және оқу технологиясын уақытқа тәуелсіз, яғни әр кесте бойынша және ыңғайлы қарқынмен жүзеге асыра алады;
Қамту- білім алушылардың көбісініңоқу ақпаратының көптеген көздеріне (электрондық кітапханаларға, деректер банктеріне, білім базаларына және т.б.) бір мезгілде жүгіну. Білім алушылардың бір-бірімен және оқытушылармен байланыс желілері арқылы қарым-қатынасы;
Үнемділік-оқу сыныптарын, техникалық құралдарды, көлік құралдарын тиімді пайдалану. Оқу ақпаратын шоғырланған түрде, бірыңғай ұсыну және оған ашық қол жетімділік, қосымша мамандарды даярлау шығындарын азайтады;
Технологиялылық-білім беру процесінде адамды әлемдік постиндустриалды ақпараттық кеңістікке жетілдіруге ықпал ететін ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың жаңа жетістіктерін пайдалану;
Оқытушының жаңа рөлі — қашықтан оқытуда танымдық процесті үйлестіруі, өзі оқытатын курстарды үнемі жетілдіріп отыруы, жаңашылдықтар мен инновацияларға сәйкес шығармашылық белсенділігі мен біліктілігін арттыруы тиіс оқытушының рөлін кеңейтеді және жаңартады [3].
Қашықтан оқыту жүйесі қашықтан оқыту технологиясын пайдалана отырып, білім беру бағдарламаларын құруға және іс жүзінде жүзеге асыруға тартылған ұйымдастырушылық, телекоммуникациялық, педагогикалық және ғылыми ресурстардың жиынтығы ретінде түсініледі. Ұйымдық Қашықтан оқыту жүйесі үйлестіруші органдардан, зерттеу ұйымдарынан, қашықтан оқыту базалық оқу орындарынан( құрылымдық бөлімшелерге дейін жауапты), қашықтан оқыту университеттері мен оқу орталықтары желісінен тұрады.
Б ақылау сұрақтары:
Ашық және қашықтан оқыту теориясын дамытудағы негізгі бағыттар?
О. Петерстің индустрияландыру теориясы қандай болжам жасайды?
О. Петерстің индустрияландыру теориясы бойынша қашықтан оқыту немен ұқсас?
Оқытудың дербестігі мен тәуелсіздігі теориясыныңмәні неде?
М.Мурдың "автономия" және "қашықтық" түсініктері нені қарастырады?
Ч. Ведемейер өздігінен білім алу қағидаты қалай іске асырылады?
Қашықтан оқыту дәстүрлі оқытудан қандай сипаттамаларымен ерекшеленеді?