Ашық және қашықтан оқыту әдістерінің теориялық негіздерін соңғы 40 жылда әртүрлі елдердің ғалымдары әзірледі. Ашық және қашықтан оқыту теориясын дамытудағы үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады:
индустрияландыру теориялары;
дербестік және тәуелсіздік теориялары;
өзара әрекеттесу және байланыс теориялары.
Қашықтан оқыту проблемаларын толық түсінуге және оның білім беру жүйесіндегі орнын анықтауға алғашқы үлкен қадамды 60-жылдары индустрияландыру теориясының негізгі ережелерін жасаған Хаген сырттай университетінің профессоры О. Петерс болған. О. Петерс қашықтан оқытуды тауарлардың өнеркәсіптік өндірісімен салыстырған жөн деген болжам жасады. Ол қашықтан оқытуды «индустрияландырылған және технологияландырылған білім берудің жаңа нысаны» ретінде қарастырады, ал әдеттегі, дәстүрлі білім беруді оқытудың индустрияға дейінгі нысаны деп санайды, бұл ретте білім беруді индустрияландыру тарихи заңдылық болып табылады, себебі ол білім беру процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шағын топтағы жеке қарым-қатынасқа негізделген және белгілі бір орын мен уақытқа байланысты элиталық, иерархиялық оқытудың орнына демократиялық, бұқаралық аудиторияға бағытталған, кеңістіктік-уақыттық шектеулерден бос оқыту түрі келеді деп санағын. Дәстүрлі оқыту жүйесінің барлық "жақсылығын" және индустриалды қашықтан оқытудың барлық "жасампаздығын" мойындай отырып, О.Петерс қашықтан оқытуды әлеуметтік дәуірде жалпы халықтың білім алу дайындығының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалғыз жолы деп санады.
Көптеген ғалымдардың пікірінше, қашықтан оқытудың жүйелі теориясын құруға бағытталғанжұмыстардыңарасында O.Петерс тұжырымдамасы орынды және дамыған. Шын мәнінде, индустрияландыру дәуірінің нақты өнімі бола отырып, қашықтан оқыту тауарларды өндіруде еңбек процесін ұйымдастырудың өнеркәсіптік әдісімен бірдей принциптерді қолданады: рационализация, мамандандыру және еңбек бөлінісі, механикаландыру және автоматтандыру. Кейбір ұқсастықтарды келтіретін болсақ:
қашықтан оқыту курстарын дайындау, өндірістік процестің алдындағы дайындық жұмыстары тәрізді маңызды;
оқытушының қызметі бірнеше кіші функцияларға бөлінген (курстың құрылымы мен мазмұнын әзірлеу, білім алушыларды оқыту және кеңес беру, оқытуды ұйымдастыру, әдістемелік және технологиялық қамтамасыз ету);
қашықттан оқытудың экономикалық тиімділігі білім алушылардың санына байланысты, ал жаппай білім жаппай өндіріске сәйкес келеді;
өндірістік процесстегідей, қашықтан оқыту қаржылық салымды, барлық қол жетімді ресурстардың концентрациясын және білікті басқаруды қажет етеді.
Қашықтан оқытудың еңбекті ұйымдастырудың өнеркәсіптік әдісімен ұқсастығын жалғастыра отырып, қашықтан оқыту, бірнеше ғасырлар бойы дәстүрлі мектептерде, колледждерде, университеттерде қолданылатын индустрияға дейінгі әдістерге қарағанда білім беру процесін жүзеге асырудың прогрессивті түрі деп қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар, қашықтан оқытудың ерекшеліктері, оны болашақта қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, тұлғаның үздіксіз дамуын ұйымдастыру тәрізді білім беру мәселелерін шешуде қолайлы.
60-жылдары жасалған О. Петерстің теориясы бүгінгі күні кейбір танымал педагогтардың (С. Эйман, К. Ребель, М. Хамман және т.б.) сынына ұшырады. Олардың ойынша Петерстің теориясы индустрияландыру кезеңінен постиндустриалды даму кезеңіне өту жағдайында қолданыла алмайды. О. Петерс жазған көпшілік аудиторияға арналған Ашық университеттер тәрізді қашықтан оқыту мекемелері "Форд" кәсіпорындары, яғни конвейерлік өндірісті кеңейту арқылы пайда табатын, стандартты тұтынушы үшін стандартты өнімдер шығаратын экономикалық ұйымдар ретінде қарастырды. Ал, бүгінгі таңда қашықтан оқытуды дамытудың негізгі бағыты білім беру өнімі мен қызметін әртараптандыру және нарықты сегменттеу болып табылады.