Клапан (нем.Klappe – қақпақ, жапқы) – машиналарда және құбырларда газдың, будың немесе сұйық заттың өтер жолын тарылту-кеңейту арқылы оның ағынын реттеп тұратын бөлшек не тетік. Қштен жанатын қозғалтқыштарда, сорғыларда, компрессорларда, ауа үргілерде, т.б. Клапан газ немесе сұйықтық ағынын бөлетін немесе соны басқаратын механизмнің бөлігі болып табылады. Клапан құбырға кіріктіріліп жасалған тұрықтан (корпустан) және тұрық ішінде орын ауыстыратын газ не сұйық өтпенің қимасын, сол арқылы оның өткізу қабілетін өзгерткіш жапқыдан тұрады. Клапан газ не сұйықтықты ішке кіргізуге арналса енгізу Клапаны деп, сыртқа шығарса – шығару Клапаны деп аталады. Клапанды желіде қысым айырмашылығын тудыру үшін (дроссельдік Клапан), сұйықтықтың теріс ағуына тосқауыл ретінде (кері Клапан), қысымды шамадан тыс өсуден сақтандыруға (сақтандырғыш Клапан), газ бен сұйықтың ағымы мен қысымын реттеу мақсатында (реттеуіш Клапан) және қысымды төмендету немесе тұрақты ұстау үшін (редукциялық Клапан) қолданады. Құбырды ағытқанда ішіндегі сұйықтық немесе газ ағып кетпес үшін ұшын бірден бітеп тастайтын бөгеуіл Клапан пайдаланылады.