7. «Ана – қайсарлық үлгісі»: «Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен құр өктем күш кездесіп қалып, біріне бірі тізе бүгер емес...Қамшы сарт ете қалғанда ана көзінен от ұшқыны да жалт етіп қалады. .. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты, қарысып қалған жақтары тісті тіске айқастыра түседі... ».
8. «Ананың жүрегі кең»: «Енді, міне, Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп, күтіп отыр. Кесілген томардай мүгедек емес, қанатын кере сілтеп, ақ иық, мұзбалағы ұшып келе жатқандай күтеді. Өз ұлының аты Қасым екенін қмытып кеткендей, Сапар жаным келе жатыр деп күтеді...» .
«Жарқын жүзді, жайдары мінезді, балажан Әмина балалар үшін өз шешелерін ұмыттырған шеше еді. Мейірімді шеше, сергек шеше, сенімді шеше. Қай баланың аяғына қай күні қандай шөгір кіргенін білетін шеше. Балаларға оның жымиғаны да қуаныш, арқасынан қаққаны да қуаныш, болмашы бірдемені айтқаны да қуаныш» т.б.
Сонымен, Ғ. Мүсіреповтің «қазақ әйелі» бейнесін суреттейтен әңгімелерінде халық өмірінің тарихи асулы, қилы кезеңдерінде ер жүрек, өткір, жігерлі мінезімен, ісімен көріне білген аналар өз ұрпақтарын, Отанын, елін-жерін азаматтармен қатар тең дәрежеде қорғай білетін ер ана, данышпан әйел, өз баласы үшін жанын да беретін, жауыздыққа қарсы тұрып, нақты кесімін айта алатын жігерлі халық қамқоршысы, Отанына абыройлы еңбек етуді мақсат ететін еңбеккер, сонымен бірге өнерпаз әйелдер образдарын көре аламыз.
Жазушы шығармаларында әйел-ананың құдіретімен, қасиетімен, жігерлілігімен қатар, әйел өмірінің, мінез-қырларының тың сипаттарын көрсетуге барды. Олардың бейнесін жаңа көркемдік құрал, ғажайып бояулар арқылы сомдаған.
3) М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай образы Эпопеяны оқи отырып, Абайдың жас кезінен бастап өсу жолындағы әрбір қадамына өзінің «әке» атты үлкен ұлағатының барлық қасиетін еккен Құнанбай әке деп білеміз. Құнанбай образын жасауда жазушы оның тарихи ортасының сипатын айқын, халықтық үлгіде жеткізеді. Мысалы, 1868 жылғы «Жаңа Низам» заңдарына байланысты қазақ даласындағы өзгерістер нәтижесінде Құнанбайдың әдеби бейнесі ендігі беталыс – тізгінді балаларына ұстату. Бұл арада Құнанбайдың әдеби болмыс, бітімі, психологиясы мен мінезі де өзгеріп отырады. Құнанбай «адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Жақсылық кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен міні шығатын кез де болатын шығар» дегеннен басқа шешіліп, ішкі сырын, не ойлайтынын сездіре қоймады. Олардың жауабын білмек болған бала алдында жұмбақ күйінде қала берді. Алдыңғы мәжілісте болған Құлыншақ, Сүйіндік, Байдалылардай емес, қабат-қабат шың сияқты. Байдалы сөздерінің оралымдары мен ой өрістеулерін қатты толқып, ширыққан бала енді үлкендердің жаңа, тың қырына кездесті. Жақсылық табанды адамның қолынан ғана келетінін жазушы Құнанбай арқылы жайдан жай айттырып отырған жоқ. Әлішер Науаи: «Ізгілік – қасиетті іс. Ізгілікті адам бұл қасиетті құдайдан алған. Ерлік, ізгілік – туыс нәрсе, олар егіз. Ондай жақсы (қасиетті) нәрсе бұл дүниеде жоқ. Адамдарда сатқындық бар екеніне көзі жеткен соң, олар адамзат баласынан келместік әлеміне жоғалып кеткен» дегенді айтады. Қай қылығы болса да Құнанбайдың туа біткен қасиеті екеніне қаламгер назарды аударады, ол нені болса да – жақсылық, жамандықты болса да мықтап ұстанатын адам. Құнанбай образы да ірі уақиғалар айналасында сомдалады. Оны әдебиет сыншылар біржақты талдап, жағымсыз жақтарын баса суреттеп, Құнанбайды қатыгез жауыз есебінде талдап келеді. Ел билеуші болған соң, кезінде Құнанбай біреуге жағып, біреуге жақпауы заңды құбылыс. Мысалы, сол талдауларда Қодардың Құнанбай жерін тартып алу үшін өлтіртті деп, оны құлқының құлы етеді. Шын мәнінде Құнанбай Қодар жазасы туралы көп ойланып, ақ – қараны әбден тексеріп барып, қылмысты қылықтары үшін ауыр жазаға шешім жасайды. Әйтпесе, Құнанбай Қарашоқыны Қодардан бейбіт күнде тартып алса да қолын ешкім қақпауш еді. Қодар трагедиясы жайында жазушы өте көп материал жинаған. Солардың ішінде көп әңгіме – естелік айтқан туған атасы Әуез қарт болды. Шыңғыстың қатпар тастарының қыртыс – қыртысына дейін сырын ұққан Әуез қарт сол атышулы оқиғаны Мұхтарға жеткізген. Тағы бір нақты деректер берген аяулы жан Шәкәрім Құдайберді ұлы еді. М.Әуезов өз естелігінде: «Ана төбеден Қодар лақтырлғанын білесің бе? Деп сол елдің ақсақалы Қодар өлтірілген жартасты көрсетті», - дейді. Кінәлі екені де, кінәсіз екені де Қодардың өз сөзіне қарағанда көмескі, жазалаушылар жағынан жорамал, ақ-қарасы анық тексерілмеген, дәлелденбеген. Шын түсінген оқырманға жазушының Қодарды даттап та, жақтап та тұрғаны байқалады. Даттайтыны – Қодардың өзін - өзі ақтай алмауы, құдайға тіл тигізуі, өлім алдына да ерегісе түсуі. Жазушы Қодар кінәсіз кетіп барады деп отырған жоқ. Жақтайтыны – надан елдің қатал заңы, еркек түгіл әйелге де рақым жасамай, ел көзінше жабайы түрде жазалауы, дарға асуы, таудан оны лақтыруы – бұл шектен шыққан қатал жаза, көрген көзге, естіген құлаққа жан шошырлық қайғылы оқиға. М.Әуезов романда: «Бірақ өзі әке мінезін сынағыш болғаннан бері, сол әкеден қорлық көрген елдің қай-қайсысының болса да сөз ұғар деген адамдармен сырласа, сөйлесе, әке мінездері, ел күйі, көптің мұңы сияқтыны толық ұғынып, көп түсіне бастаған», - дейді. Бұл әке мен баланы бітіспес күреске салудың бастамасы еді. Әке мен баланың арасындағы бұл тартысты, қайшы көзқарасты, ел басқарудағы екі түрлі әдісті роман жазылған кезең тұрғысында қарау керек дейміз. Қым – қиғаш тартыстарда, қайшылықтарда жасалған қатал да айлалы әкенің өктемдігі өз баласымен тартысқа тіреліп отыр, өйткені жазушы Құнанбайды «Мен сол заманның Құнанбайымын!» деген деңгейге келтіруі тиіс болды. Өйткені, жазушы романда Құнанбайдың өмірдегі іс - әрекетін айнытпай берсе, роман кезінде алған атақ – дәрежеге жете алмауы сөзсіз. Шындығында, Құнанбай өзінің мақсат – мұратын әрі қарай жалғастырушы баласы Абайды қалт жібермей, өз тәрбиесіне жетілдіреді. М.Әуезов өзінің «Абайдың өмірбаяны» атты монографиясында: Құнабай мен Абайдың өмір бойы жауласқан жаулары – Жігітек руы, - дейді. Бұл сөз әке мен баланың мүддесінің де, іс - әрекетінің де бір болғанын көрсетеді. Романның басталуында – ақ баласы Абайды оқудан шығарып алып, ел басқару ісіне араластыра бастауы көреген әкенің баласының бойынан өз келешегін көре білгендігі еді... .
М.О.Әуезовтің Құнанбай бейнесі кең көлемде жинақталып жасалған; жазушы оның бойына қазақ халқының көптеген қасиеттерін сыйғызды, ұлттық ерекшеліктің небір қырлары мен сырлары сол арқылы жеткізілді. Бұған қаламгердің ұлт болмысына тән еңбектерді тынбай ізденулері алып келді. Шығарма өзегіне айналған тарихи деректерді талмай ізденіп, оларды өзінің талғамынан өткізу барыснда әлгі ұлттық ерекшеліктер де қоса - қабат жарыса жүрді, ең негізгісі бұларды бұрын – сонды болмаған көркемдік дәрежеде көрсете білуінде еді. Дәуір шындығын да тұтас қамтып, осылармен байланыстыра суреттеу, өмір шыныдығының қырлары мен сырларын ашу М.Әуезов шығармашылығының принципті ұстамдарының бірі болса, бұның өзі қаламгер шығармашылығына реалистік сипат береді, ол сипат қоғамның негізгі заңдылықтарының соншама көркем, соншама шеберлікпен суреттелуінде жатыр. Осылайша эпопея сюжеті тұтасымен тарихи дамудың шындығына негізделді: халық өмірінң ағымы, ондағы адамдар тағдыры бірімен – бірі сәйкес кең көлемде көркемдікпен жан – жақты көрсетілді.