1.2. Халыққа жалпы орта білім беру жүйесінде халықаралық байланыстың маңыздылығы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі - өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Бұл бастама жыл сайын жаңа қарқынмен даму үстінде.
Білім саласында 81 халықаралық келісім іске асырылуда. Тек 2009 жылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы 10 халықаралық келісімге қол қойылды. 150-ден астам білім беру ұйымы шетелдік әріптестерімен тікелей байланыстар орнатқан. Бүгінде 25 мыңнан астам қазақстандық азамат шетелде білім алуда. Олардың білімі мен білігі – біздің еліміздің болашағына қосылатын баға жетпес үлес.
Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша 68 халықаралық кездесу мен бірлескен келіссөздер өткізілді.
Халықаралық байланыстар маңыздылығының өсу факторы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен ынтымақтастықты дамыту. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен біртұтас келісілген білім беру кеңістігін қалыптастыру және саясатын пысықтау – қазақстандық білім берудің халықаралық байланыстарын дамытудың басты бағыттарының бірі болып табылады.
Халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның оқушылары жеңіп алған медальдардың саны жыл сайын өсуде. Тек 2008 жылдың өзінде 72 алтын, 80 күміс және 100 қола медаль жеңіп алынды.
Қазақстан Республикасы әлемнің 43 елімен бірге математика және жаратылыстану бойынша 4-сынып оқушыларының білімін бағалау бойынша TIMSS-2007 ( Third International Mathematics and Science Study ) халықаралық саластырмалы зерттеудің қатысушысы болды. Зерттеуге 141 мектептен 3,99 мың оқушы қатысты. Қазақстандық оқушылардың нәтижелері орташа халықаралық балдан жоғары.
Қазақстан Республикасы БҒМ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің біртұтас білім беру кеңістігінің құқықтық алаңын құру үдерісінің белсенді қатысушысы. ТМД ынтымақтастығы шеңберінде ұлттық заңнамаларды әзірлеу барысында қолдануға ұсынылған алты модельдік заң әзірленді (білім туралы, ересектердің білімі, жалпы орта білім, мектептен тыс білім беру, мектепке дейінгі білім беру және лицензиялау туралы ).
Осындай құжаттарды әзірлеу үдерісіне Қазақстан да өз үлесін қосып отыр. Оның бірден бір дәлелі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген Лицензиялау туралы модельдік заң болып табылады.
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Ж.Қ. Түймебаев 2 жыл бойында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық қоры Басқармасының Төрағасы қызметін атқаруда. Оның басшылығымен 2009 жылғы 21 мамырда Астана қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі мен Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры Басқармасының бірлескен отырысы өткізілді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Білім министрлері XV-ші конференциясының шешіміне сәйкес ( 23 қазан 2008 жыл, Астана қаласы ) 2010 жылдың сәуір айында Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру қызметкерлері - мұғалімдердің I съезін өткізу жоспарланып отыр.
Съездің негізгі мақсаты – ТМД елдерінің жетекші білім беру ұйымдарының, білім беруді басқару органдарының және педагог-новаторларының білім беру қызметтерін ұсынудың тиімділігі мен сапасын арттыру, білім беру технологияларын тарату, педагогтарды даярлауды жетілдіру және білім беруді инвестициялаудың тиімділігін арттыру жөніндегі мәселелер бойынша ой алмасу мен тәжірибе жинақтау.
Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастықпен ынтымақтастығы даму үстінде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитеті жанындағы Білім кеңесінің белсенді мүшесі болып табылады. 2009 жылғы 16 сәуірде Астана қаласында Білім кеңесінің 16 - шы отырысы өткізілді.
Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасының арасындағы білім саласындағы өзара әрекеттестіктің нақты бағыттары « Орта Азиядағы ЕО-тың стратегиясы: Қазақстан үшін басымдылықтарды жаңғырту » шеңберінде жүзеге асырылады.
ТEMPUS, Erazmus Mundus, CAREN білім беру бағдарламалары қазақстандық студенттерге Еуропада жоғары білім алуға, ғалымдарға ғылыми зерттеулерді өткізуге және ноу-хаумен алмасуға мүмкіндік береді. Нәтижесі жоғары білімнің сапасын арттыру, Еуропалық ынтымақтастықтың жалпы жүйесіне университеттерді тарту жолымен басым бағыттар бойынша білікті мамандарды әзірлеу болғандықтан, қазақстандық жоғары оқу орындары аталған бағдарламаларға белсенді қатысады.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің БҰҰ Даму бағдарламасымен, БҰҰ Балалар қорымен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен және өзге де ұйымдармен ынтымақтастық бойынша зор әлеуеті қалыптасып үлгерді.
Әрбір елде жоғары орта білім беру сатысында оқушыларға білім беру процесін ұйымдастыруда ( Қазақстандық жалпы орта білім беруге ұқсас ) бейіндік оқыту мақсаты толық өлшемде жүзеге асырылып, ерекше белгілерді көрсетеді. Сондай-ақ жалпы тенденцияларда айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |