Педагогикалық рефлексия – өзін-өзі тәрбиелеу негізі.
Әр болашақ маманның кәсіби дамуына оның өзіндік ой-толғаныстары, өмірлік мақсаттарын болжай алуы сияқты сапалар маңызды рөл атқарады. Адамның «мен қандаймын?», «Мені басқалары қалай қабылдайды?», «Мен өз қабілеттерімді толық аша алдым ба?» деген сұрақтарға жауап іздеуі рефлексиялық үрдіс болып табылады. Рефлексия (лат.сөзінен аударғанда reflexio – өткенге сүйену, артқа көз жүгірту) – толғану, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тану, өзін-өзі бағалау. Сондықтан адамның өзін-өзі түсінуі, өзін басқалардың қалай қабылдайтыны жайлы өзін талдап бағалауы рефлексия деп аталады.
Рефлексия – адамды, оның шеберлігін, ішкі қабілеттерін дамытудың маңызды шарттарының бірі. Рефлексияның мәні – адамның өзінің білімін, біліктілігін, қабілеттерін, қарым - қатынас дағдыларын анықтап, бағалай алуы. Әр болашақ маманның саналы түрде өзінің кәсіби маңызды қасиеттерін, білім, біліктерін қорытындылаы рефлексия нәтижесінде ғана жүзеге асады.
Рефлексияның мәдениеті қалыптасқан маман өзінің тұлғалық және кәсіби қасиеттерін шығармашылықпен өзгерте алады. Рефлексия өзіндік сана, өзін-өзі ұйымдастыру, өзін-өзі талдау, өзін-өзі бағалау сияқты кәсіби мәнді сапалармен сипатталады. Рефлексияық дағдылар адамның өзіндік басқару қабілеттерін дамытуға, өз әрекеттерінің (танымдық, білімдік, қарым-қатынастық) нәтижелі болуына, олардың өз жауапкершілігін арттыруға бағытталады.
Рефлексияның атқаратын қызметтері төмендегідей жіктеледі:
- тұлғаның эмоциялық көңіл-күй жағдайын рефлексиялауы;
- тұлғаның оқу материалы мазмұнын рефлексиялауы;
- тұлғаның коммуникативтік байланыстардың себеп-салдарын рефлексиялауы;
- тұлғаның ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттерін рефлексиялауы.
Уақыт тұрғысынан қарастырғанда рефлексияның интроспективті, ретроспективті, проспективті түрлері ажыратылады.
- Ретроспективті рефлексия – адамның өткен шақтағы іс-әрекеттерінің, тәжірибесінің әдіс-тәсілдерін қайта айқындауы, бағалауы.
- Проспективті рефлексия – болашақта жүргізілетін іс-әрекеттің мүмкін болатын құралы мен болжамын анықтауы.
- Интроспективті рефлексия – іс-әрекетті жүзеге асыру барысында ойлау үдерістерін қиындату, бақылау және түзету.
Мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуі және оны рефлексиялауы Д.Познердің пікірі бойынша кәсіби шеберлікті дамытудың кілті болып есептеледі. Әрине, даму үшін ең алдымен адам өзінің неге қол жеткізгенін, бұрынғы өткен тәжірибесін зерттеп, нені дұрыс, нені бұрыс істегенін анықтап, алға жаңа мақсат пен даму міндеттерін қоя алады. Егер рефлексияның нысаны педагогикалық мәселелер болатын болса, онда бұл педагогикалық рефлексия болып табылады. Педагогикалық рефлексия – мұғалімнің өз іс-әрекет мазмұны мен құрылымын жетілдіру үшін өз тәжірибесін тереңдете зерттеп талдауы.
Рефлексияның маңыздылығын Абайдың қара сөздерімен үндестігінен көре аламыз. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында өзіңнен өзің есеп ал!» - деген ақын сөздері әр адам үшін өз әрекеттері туралы ойланудың, өзін ойша зерттеудің, өзін-өздері бағалаудың маңыздылығын түсіндіреді.
Әр адамның өз өмір жолында көз жүгіртіп, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, болашағына үңіліп көрген сәттері болған шығар. Өміріндегі кейбір сәтсіздіктердің себебін анықтауға байланысты ойларға терең бойлап, өз мінез-құлқын, көзқарастарын өзгертуге ұмтылу әр адамның өмірінде кездесетін жайттар.
Мұғалімнің педагогикалық рефлексия негіздерін меңгеруі оның кәсіби іс-әрекеттерінің мақсат және міндеттерімен байланысты өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге негізделеді. «Адам өзін-өзі терең түсінгенде ғана оның ақыл-парасаты кемелдене түсетін болады» - деп Қаюм Насыри ескерткендей педагогикалық шеберлік те адамның ең алдымен өзін өзгертуден басталмақ.
Сонымен, рефлексиялық үрдісте сыртқы талаптардың адамның өзіне қоятын ішкі талаптарға айналуы қажет екен, себебі өзін-өзі бағалау адам дамуының ішкі факторына жатады. Өзін-өзі бағалау қажеттілігі – жеке тұлға дамуының негізгі формасы болып табылады.
Жас маман санасында өз өміріне басқалардың емес, өзінің жауапты екенін түсінуі, ар-ұят, намыс, адамгершілік сезімдерінің басым болуы, өмірлік мақсатына жетудегі табандылығы мен құлшынысы оның өзін-өзі тәрбиелеуіне демеу болатын негізгі тетіктер.
Мұғалімнің кәсіби жетілуі үздіксіз үрдіске айналуы тиіс. Оның кәсіби жетілуінің негізгі факторларының бірі – өздігінен білім алу үрдісі. Өздігінен білім алу – мұғалімнің тұлғалық өсуінің негізі. Қазіргі кездегі үздіксіз білім беру мәселесі де адамның бір алған білімімен қанағаттанбай, оны заманына сай толықтырып, жаңартып отыруын көздейді. Адам біліммен тек бір оқу мекемесінде ғана қаруланбайды, білім – үлкен құндылық, оны өмір бойы толықтырып отыруы қажет. Егер адам білімін үнемі толықтырып отырмаса, ол кәсіби іс-әрекетке де жарамсыз болып қалады.
Өздігінен білім алу үрдісінің өзектену себептері:
- ақпараттық қоғамның әр тұлғаның дүниетанымына үлкен әсер етуі;
- қазіргі қоғамда коммуникациялық қатынастардың, ақпараттармен алмасу үрдісінің жылдамдығы;
- табиғи ресурстарға қарағанда білім ресурсының шексізденуі;
- ауқымды ақпарат ағымында негізгі білімді жүйелей алу қажеттілігі;
- ақпараттық технологиялар арқылы online оқыту түрлерінің жедел дамуы;
- ақпараттардың жылдам өзгеруіне байланысты білімнің тез ескіріп қалуы т.с.с.
Өздігінен білім алу – тұлғаның өзіндік мәдени, танымдық, ғылыми, кәсіби, білімдік деңгейін жоғалтуға және өз ішкі әлеуетін толық ашуға, әлеуметтену қажеттіліктерін жүзеге асыруға бағытталған еркін таңдауы бойынша жүргізілетін іс-әрекеті.
Өздігінен білім алу – адамның білім беру мекемелеріндегі жүйелі оқытудан тыс өзіндік жұмысы арқылы білім алу үрдісі.
Өздігінен білім алудың негіздері әуелі мектеп жасынан басталып, кейіннен орта және жоғары кәсіби білім алу барысында жалғасын табады. Ал жоғары оқу орнындағы болашық мұғалімдер үшін өздігінен білім алудың негізгі көздері ретінде мынандай жағдайларды қарастыруға болады:
1. Кәсіби білім беру саласында педагогикалық практика болашақ мамандардың өздері таңдаған кәсіптерін практика жүзінде, тереңірек танысып көруіне негізделіп ұйымдастырылады. Жоғары оқу орындарындағы өткізілетін педагогикалық практикалар болашақ ұстаздардың теориялық білімдерін шынайы педагогикалық үрдіс жағдайында шығармашылықпен іске асырып, өздерін педагог ретінде сынап көрулеріне, болашақ кәсіптерінің қыр-сырымен тереңірек танысуларына бағытталған.
Педагогикалық практика болашақ мұғалімдердің кәсіби іскерліктері мен кәсіби құзыреттіліктерін дамытудағы және қалыптастырудағы жоғары оқу орнындағы педагогикалық үрдістің ажырамас бір бөлігі. Болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлықтарының сапасын жоғарлатуға бағытталған педагогикалық практиканың білім берушілік, тәрбиелік, дамытушылық қызметтерінің мүмкіншіліктері өте жоғары.
2. Кітапханадағы электрондық кітап қоры. Интернет жүйесін пайдалану. Студент жастарға кітапхананың бай қорымен танысып қалу мүмкіндігін жіберіп алмау керек, себебі онда академиялық кітаптардан басқа мерзімді басылымдар арқылы заманауи жаңалықтармен танысып отыруға болады. Интернет арқылы қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша түрлі білімді жетілдіру курстарына қатысу мүмкіндігі де мол. Бұл үлдістің ұтымды жағы болып адамның өзіне үйреншікті жағдайда отырып сан алуан білім беру бағдарламаларымен танысып, өзінің қалауы бойынша біреуін таңдап электрондық почта арқылы хат алмасып, білімін толықтыруы болып табылады.
3. Желілік кәсіби қоғамдастықтарға мүше болу. Кәсіби-педагогикалық қоғамдастық аясында талқыланатын тақырыптар бойынша пікір алмастыру өте маңызды. Болашақ маман ретінде қоғамдастықта өз пікірін ортаға салу арқылы болашақ ұстаз басқа адамдардың пікірлерімен таныса отырып, өзінің кәсіби даму деңгейін және кәсіби таным шеңберін бағамдап, кеңейтуіне болады.
4. Студенттердің ғылыми-зерттеушілік іс-әрекеттері. Кәсіби-педагогикалық дайындық барысында студенттер курс жұмысы, дипломдық жұмыс (бакалавриатурада), зерттеу жұмысының нәтижелерін мақала ретінде жариялау, магистрлік диссертация (магистратурада) жазумен айналысады. Бұл жұмыс барысында болашақ мамандар бір ғылыми мәселені шешуде өзіндік көзқарастарын қалыптастырады, зерттеудің эмприкалық, теориялық, әдіснамалық әдістерімен танысады, бір тақырып аясында өздерінің білімдерін тереңдетеді.
5. Білімді, іскерліктерді жан-жақты жетілдіру курстарына қатысу. Студенттік шақ адам бойындағы қабілеттерді дамытуға өте қолайлы кезеңдердің бірі. Арнайы білімдермен қатар жас маман тұлғасына оның іскерліктеріне байланысты көп талаптар қойылады. Сондықтан сөйлеу шеберлігін дамытуға арналған психологиялық тренингтерге, шет тілдерін үйрену курстарына қатысып жоғарғы білім туралы дипломмен қатар бірнеше сертификаттар алып шықса оның жұмысқа орналасқан кезінде өз күшіне деген сенімділік нығая түспек. Бұндай мамандар өздерінің құзыреттілігімен беделді де абыройлы бола алады.
6. Кәсіби іс-әрекет бағытында жұмыс істеп көру. Қазіргі нарық заманында көптеген студент жастар оқуларымен қатар қосымша жұмыс істеуге тырысады. Әрине, бұл сабақтарына кедергі болмаса өте құптайтын жайт. Мысалы, репетиторлық жұмыстар, мектепте сабақтан тыс спорттық үйірме, факультативтік жұмыстарын жүргізу, лингвистикалық аудармашылық жұмыстар, компьютерлік қызмет көрсету жұмыстары, балалардың демалыс лагерлерінде жетекшілік атқару, бала басшыларында тәрбиеші болу т.с.с. жұмыстар жастардың болашақ кәсібімен жақынырақ танысуларына, ұжым ішінде тұлғааралық қарым-қатынасты орнатуға үйренуіне, тәжірибе жинақтауына, өз мүмкіндіктерін бағалауға көп септігін тигізді.
7. Қоршаған ортадан алынған ақпараттарды білім алу көзіне айналдыру. Айналамыздағы бізді қоршаған таныс және бейтаныс адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатудың өзі болашақ мұғалім үшін кәсіби тәжірибе жинақтаудың көзі бола алады, себебі ертең мұғалімдік қызметте жақсы үлкен әріптестерімен, балалардың ата-аналарымен сөйлесе алу қажет. Сонымен қатар әрбір тәжірибелі ұстаздардың дәрістеріне қатысу арқылы олардың аудитория назарын қалай аулайтынын, сабақ үстінде тәртіпті сақтай алу іскерліктерін, ынтымақтастық қарым-қатынас орната білу шеберліктерін үйренуге болады.
8. Теледидардан көретін бағдарламалардың мамандыққа қатынасты жаңалықтары болса оларды педагогикалық рефлексиялық күнделікке түртіп жазып алуды дағдыға айналдырған дұрыс. Теледидардың қоғамдық санаға әсері өте жоғары. Әр бағдарламаға талдау жасап, әріптестеріңізбен бөлісе алу болашақ педагогтың коммуникативтік қабілетін дамытуға жақсы негіз бола алады.
9. Өзін-өзі жетілдіруде көп кітап оқудың да рөлі өте маңызды. Кітап оқу арқылы өте қызықты тұлғалармен танысып, соларға қарап жақсы болуға тырысып, өзін әдепті ұстауға, қарым-қатынасты дұрыс ұйымдастыруға үйренуге болады. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары да адамның жалпыадамзаттық мәдениетке енуіне ықпал жасауда. Кітап дүкендеріне, кітап көрмелеріне баруды әдетке айналдырған абзал, себебі онда ең соңғы кітаптар сарынымен танысып отыруға мүмкіндік жоғары. Кітаптармен таныса жүріп, өзіңіздің үйдегі педагогикалық кітапханаңызды ашуыңызға болады. Кітап – мұғалімнің ең сенімді серігі, кеңесшісі, рухани азығы.
10. Өздігінен білім алудың көзі ретінде әр адамның әуестенушілігін, хоббиін қарастыруға болады. Кез-келген адамда өзіне тән бір ерекшеліктері болады. Мысалы біреу жақсы ән айта алады, екіншісі жақсы билей алады, үшіншілерінде ақындық қабілеттері дамыған, кейбіреулері музыкалық аспаптарда жақсы ойнай алады, басқасында спорттық қабілеттері басым болып келеді.
11. Деректі және көркем фильмдер, ұлы адамдар өмірбаяндары, түрлі кездесулер, шығармашылық кештер, спектакльдер, мәдени-танымдық бағдарламалар т.б. іс-шаралардың барлығы адамның өз тұлғасын дұрыс қалыптастыруына бағыт-бағдар бер негізі.
12. Тәлімгер таңдау. Білім беру саласында, жоғары оқу орындарында ресми бекітілген педагогикалық қызметтермен (лектор, куратор, эдвайзер, тьютор) қатар тәлімгер қызметі де жақсы даму үстінде. Көптеген оқу орындарында ресми түрде бекітілген адамдар өз қызметтерін жоспарлы түрде орындап отырады. Ал тәлімгерлік үрдісінде тәлімгерді жас маман өзіне өзі таңдайды. Кімді үлгі тұтады, кімді кәсіби іс-әрекеті үшін құрметтейді, сол адаммен пікір алмасып, не үйренгісі келетінін айтып, өз қажеттілігіне байланысты даму жоспарларын құруға болады.
Өздігінен білім алу негіздерін жақсы меңгерген маман кәсіби іс-әрекетте үнемі әріптестерінің алды, ұжымның абыройлы тұлғасы, өзінің құзыреттілігімен, бәсекеге қабілеттілігімен гуманистік бағыттылығы негізінде басқаларға үлгі-өнеге болып оларға қолдау көрсете алатын болады.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтарға
1. Үздіксіз білім берудің өзектілігін қандай факторлар айқындайды?
2. Педагогтың кәсіби өзін-өзі тәрбиелеуінің әдістері қандай?
3. Педагогикалық рефлексияның атқаратын қызметтері қалай жіктеледі?
4. Неліктен үздіксіз педагогикалық білім алу мұғалімнің кәсіби –тұлғалық дамуының негізі болып есептеледі?
5. Болашақ педагогтың өздігінен білім алуының қандай тетіктерін сипаттай аласыз?
Достарыңызбен бөлісу: |