3. Төмендегі атауларға жан-жақтылы түсінік беріңіз Стилистика ғылымының пайда болуы мен дамуы



бет1/7
Дата26.12.2023
өлшемі209,46 Kb.
#144461
түріҚұрамы
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
New Document 2


3. Төмендегі атауларға жан-жақтылы түсінік беріңіз
 
Стилистика ғылымының пайда болуы мен дамуы  
Тіл білімінде стилистиканың жалпыға бірдей қалыптасқан анықтамасы жоқ. Мұның бір себебі өзінің қалыптасуы барысында тіл білімінің бұл саласы әр түрлі бағыттардың құрамында дамыды. Алғашқы кезде көркем тілді зерттеу аясында дамыса, соңғы кездері оның зерттеу нысаны әлдеқайда кеңейіп, тармақтала түсті.
Барынша жалпы мәнінде алсақ, стилистика тілдің мәнерлі құралдары туралы, сонымен қоса тілдік құралдарды сөйлеудің мазмұнына, қарым-қатынастың мақсатына, жағдайы мен саласына сәйкес қолдану, яғни тілдің қызмет ету заңдылықтары туралы ілім деп анықтауға болады. Қарым-қатынастың анағұрлым жинақталған, әлеуметтік мәнге ие болған ондай салаларына ғылыми, көркем, публицистикалық, ресми және тұрмыстық салалар жатады. Функционалды стильдер осы салаларға сәйкес ажыратылады.
Кейде стилистиканы тілдің мәнерлегіш құралдары туралы ілім деп те анықтайды. Ондай жағдайда стилистиканың функционалдық жағы ескерілмей, ол тек тілдің стилистикалық боямалы құралдарын зерттейтін болып шығады. Сонымен қатар, стилистиканы функционалды стильдер туралы ғылым деп қана қарау да жеткіліксіз, өйткені стилистика ілімі тілдің стилистикалық қорын (ресурстарын) зерттеуден бастау алады, әрі стилистикалық қор функционалды стильдерді қалыптастыруға да уақыт өте келе белсенді қатысады.
Сонымен, жоғарыдағы анықтаманы жалпы стилистикаға тән анықтама деуге болады. Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей тармақталады.
1. Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы — құрылымдық стилистика.
2. Тілдің әртүрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім — функционалды немесе қолданымдық стилистика. 
3. Көркем әдебиет стилистикасы.
4. Нормативті, практикалық стилистика.
Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық
сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т.б.) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті — стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.
Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы — әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың қарамағына жатады. Тілдің стилистикалық синонимдік қатары — оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.
Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде 19, тіпті 18 ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық
көреді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналады.
Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу 19 ғасырдың аяғы 20 ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В.Гумьбольд, Ф. де Соссюр, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Р.О.Якобсон, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б.
Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В.Матезиус, В.Гавренек, Э.Косериу және орыс ғалымдары В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б. еңбектері).
Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан – мәтінге қарай) әсерін тигізді.
Стилистиканының дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.
Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызды. Ю.С.Степанов: «Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стлистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті»,- дейді [4,21].
Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан — функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс, тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы). Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі — тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы -құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.
 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет