Сөйлеу мәнерін меңгеру - бір өнер. Ашық, айқын, айшықты айтылған сөз сүбелі де сырлы. Әр сөздің дыбысы, әр адамның дауысы айқын күмбірлеп тұрса, оған құлақ салмайтын жан аз болар? Ойды шебер әрі көркем жеткізу үшін төрт факторды назарға алу керек. Олар: дем, сөйлеу мәнері, дауыс және ойды дұрыс жеткізу. Тыныс алудан адамның сөйлеу мәнері қалыптасады. Сөйлеу мәнерін қалыптастыру мен дыбыстарды айқын айту үшін түрлі жаттығулар жасау керек. Сөздік қорды байытып, ойды нық жеткізуге дағдыланған абзал. Бойдағы талантты тұншықтырмаудың бір жолы - еңбектену. Ендеше еңбектену жолында келесі ережелерді ескере жүрген жөн-ақ. → 1. Дауысты дыбыстардың шығуына кедергі келтірмейтіндей, дыбыс тамақта тығылмай еркін шығатындай үлкен тіл мен кішкентай тілді икемге келтіру керек. → 2. Денені әрқашан еркін ұстау маңызды. Тамақ пен мойын сіресіп тұрмағаны дұрыс. → 3. Сөйлегенде дауысты дыбыстарға баса мән беріп, анық әрі созыңқырап айту керек. → 4. Иек пен жақ еркіндікте болып, тістің ашық болуын қадағалау қажет. → 5. Тамақтың сырқаттанып қалуынан сақтану керек. Ол үшін өте ыстық, мұздай, ащы және тұщы тағамдарды талғап жеу қажет. → 6. Темекі тарту, ішімдік ішу - дауысқа кедергі келтіреді. Тіпті айтарлықтай зиянын тигізуі де мүмкін. → 7. Сөйлеу мәнері үшін дұрыс дем алу маңызды. Ол үшін демге қатысты кей жаттығуларды жиі жасап тұру керек.
Ауызекі тіл , ауызекі сөйлеу — адамдардың тіл арқылы қарым-қатынас жасауының бір түрі. Ауызекі тілдің басты ерекшелігі — сөйлеудің алдын ала дайындықсыз, тікелей қарым-қатынас жасау барысында жүзеге асатындығы. Тіл білімінде ауызекі тілді функционалдық стильдердің бір түрі ретінде қарастырады. Басқа стильден оның біршама өзгешеліктері бар.[1] Мұнда тіл мәдениетін қатаң сақтауға талап қою дұрыс бола бермейді. Негізгі мақсаты тікелей және тез хабар беріп, хабар алу болғандықтан ауызекі тілде әдеби тілдің нормасынан тыс сөздер мен сөз тіркестері — варваризмдер, кәсіби сөздер, жаргондар, диалектілер т.б. кездесуі әбден мүмкін. Бұл ауызекі тілдің заңдылығын бұзу болып есептелінбейді. Ауызекі тілдің тағы бір ерекшелігі — әңгіме тақырыбының тез өзгеріп отыратындығы (екі адам ауа райы туралы сөйлесіп тұрып, күтпеген жерден өндіріс мәселесін сөз етуі мүмкін). Тілдегі экспрессивті, эмоциональдық қасиеттер көп жағдайда ауызекі тілде байқалады. Ауызекі тілде тілдік (линвистикалық) факторлармен қоса, тілден тысқары факторлардың (экстралингвистикалық) да жарыса пайдаланылуы осы стильдің өзіндік ерекшелігі болып табылады (сөз болып отырған оқиға тыңдаушысына түсінікті болса да, бет пішінінің, қолының қозғалыстары, дауысты көтере немесе сыбырлай сөйлеуі т.б.). Экспрессия және ықшамдылық үшін ауызекі тіл сөздерді өзгеше жұмсайды, ерекше синтаксистік бірліктер (сөз тіркестер мен сөйлемдер) құрайды. Ауызекі тілдің тек өзіне тән сөздік қоры болады, ол екпінге, сөйлемдегі мағынаға көбірек сүйенеді. Ауызекі тілді жалпыхалықтық тілдің бір түрі ретіндегі сөйлеу тілінен ажырата білудің елеулі мәні бар. Сөйлеудің ауызша түрі функционалдық стильдердің барлығында (сахнадан немесе радио мен теледидардан көркем шығармадан үзіндінің оқылуы, публицистикалық материалдың ауызша берілуі) кездеседі.