39. Етістіктің жіктелуі, жіктелу ерекшеліктері
Етістіктің жіктелуі дегеніміз – етістіктің жіктік жалғауларын қабылдап, 3 жақтың бірінде тұрып түрленуі. 1-жақ – айтушы жақ, 2-жақ – тыңдаушы жақ, 3-жақ – бөгде жақ деп аталады. Етістік түбір күйінде жіктелмейді, ол шақ немесе рай тұлғаларын қабылдап барып жіктеледі. Тек қалып етістіктері ғана тікелей жіктеле алады. Мысалы: мен отырмын, ол отыр, ол сөйлеп отыр.
Жалпы алғанда, етістіктер төрт түрлі жіктеледі:
Есімше, есім сөздер, қалып етістіктері біркелкі жіктеледі: мен келгенмін, студентпін, отырмын.
Көсемшенің –а.-е,-й, -п, -ып,-іп тұлғалары біркелкі жіктеледі: барамын, барыппын.
Шартты рай (-са,-се) және жедел өткен шақ (-ды,-ді) біркелкі жіктеледі: барсам, бардым.
Бұйрық райда жіктеу: барайын, бар, барайық, барыңыз.
Етістіктің жіктелу ерекшеліктері.
1. Етістіктің түбір тұлғасы тікелей жіктелмейді, ал есім сөздер тікелей жіктеледі.
2. Етістіктің жіктелетін тұлғаларының өзі бірдей, біркелкі жүйемен жіктелмейді. Қазақ тілінде етістік 5 түрлі жіктеледі, 4 түрлі жіктік жалғау жалғанады.
1. Етістіктің есімше (-ған, -ген, -атын, -ар, -р, -с), қалып етістіктері, есім сөздер біркелкі жіктеледі. -уда, уде тұлғалы тұйық етістіктер есімдерше жіктеледі.
2. Етістіктің көсемше тұлғалы түрі (-а, -е,- й, -п, -ып, -іп) І-ІІ жақтарда есімдерше жіктеледі де, ІІІ жақта арнайы –ды/ді жалғауы болады.
3. Шартты рай (-са, -се), жедел өткен шақ (-ды,-ді) тұлғасының түрлері шағындалған қосымшалар жалғану арқылы жіктеледі.
4. Етістік бұйрық рай тұлғасында ерекше жіктеледі.
5. Етістіктің ерекше жіктелетін түрі – қалау рай. (Ысқақов. 132-б).
40. Қимылдың өту сипаты категориясы, берілу жолдары.
Өмірде қимыл түрлі тәсілмен жасалады, тілде қимылдың түрліше жасалуы түрлі тәсілдер арқылы білдіріледі. Мысалы, Жалт қарап еді, есінен тана жаздады (Б.А.). Дегенмен, Нүрке шыдап бақты (Ғ.Е.). Хадиша бұл сезімді мақұл көріп, жабыса кетті (З.Ш.). Мен де шықшыттан періп кеп жібердім (С.Е.). Маржанның ойлы бейнесі көз алдына қайта-қайта келе берді (Ж.Ж.). Онда, - деді Шұға, - жобала да, бірдеңе бере сал (С.М.).
Осы мысалдардағы етістіктердегі қимылдардың жасалуы бір-бірне ұқсамайды, әрқайсысы әр түрлі жасалған. Мәселен, есінен тана жаздады дегенде қимылдың жасалуға жақындап барып жасалмай қалғанын білдіреді. Шыдап бақты дегенде қимылды жасауға бар ынтасын салғанын, өте тырысқанын білдірген. Жабыса кетті дегенде қимылдың оңай, тез жасалғаны білідірілген. Періп кеп жібердім дегенде қимылдың күшпен тез жасалғаны білдірілген. Келе береді дегенде қимылдың қайталануы білдірілсе, бере сал дегенде қимылдың немқұрайды жасалуын білдірген.
Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.
Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Өйткені қимылдың жасалуы тәсілі әртүрлі, қимылдың жасалу тәсілі осы категорияның мазмұны болғандықтан, категория – көп мағыналы. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы өте тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осымен байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіштері қолданыла береді. Мысалы, Қалай тез жасап ала қойдың? (С.Ж.). Ол жығылып қала жаздады (С.Ж.).
Осы мысалдағы жасап ала қойдың, жығылып қала жаздады деген етістіктердің құрамында екі-екіден аналитикалық формант бар, жаса етістігінде –п ал, -а қой, жығыл етістігінде –\һ жазда форманттары бар. Әр етістік құрамындағы екі түрлі форманттардың мағыналары бір-бірінен басқаша. Мәселен, жаса етістігінің құрамында –п ал қимылды субъекті өзі үшін жасағанын білдірсе, оған қосылған –а қой қимылдың тез жасалғанын білдіреді. Жығыл етістігіне жалғанған –ып қал форманты қимылдың аяқталуға жақындығын, -а жазда форманты жетімсіз қимылды, яғни қимылдың аяғына жетпей тоқтағанын білдіреді.
Бір етістікпен категорияның бірнеше көрсеткішінің қолданылуы осы категорияның ерекшелігіне жатады. Бұл категорияның көрсеткіштері түбір етістікке тікелей қосылады, етістіктің басқа категорияларының көрсеткіштері қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштерінен кейін қосылады. Басқа категориялардың көрсеткіштері сияқты мұнда да бір көрсеткіш бір сөзде екі рет қайталанбайды. Грамматиканың бұл жалпы заңдылығы қимылдың өту сипаты категориясында да сақталады.
Қимылдың өту сипаты категориясы көп мағыналы болғандықтан, оның көрсеткіштері де көп, олар: 1) қосымшалар, яғни грамматикалық жұрнақтар, 2) аналитикалық форманттар.
1. Қимылдың өту сипаты категориясын жасайтын жұрнақтар:
1) –ла, -ле (-да, -де, -та, -те) жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қайталану мәнін қосады. Мысалы, бүркеле, сипала, қажала, сүйреле, сабала, тістеле, қорғала, жанышта, түйреле, үйкеле т.б. Оны мына мысалдардан анық көруге болады: Жан-жағын сипалап, бірдеме іздегендей көрінді (Т.Ә.). –Әй, анау тістелеп өлтіретін болды ғой (Б.Н.). Бұл мысалдардағы сипалап, тістелеп етістіктері сипа, тісте қимылдарының қайталануын білдірген.
2) –қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді: атқыла, жұлқыла, шапқыла, тепкіле, кескіле, түрткіле, соққыла, сілкіле, езгіле, созғыла, қойғыла, тартқыла, үргіле, тілгіле, сепкіле, тыққыла. Мысалы, Темірді киізден оңай тілгілеген көп станок (Ғ.Мұст.). Жүруші еді шапқыласып ойнап-күліп (Т.Ж.). Баланы алып, бізді баққан екен-ау! – деп көк атты тепкілей берді (М.Ә.).
3) –мала, -меле (-бала, -беле, -пала, -пеле) жұрнағы да қимылдың қайталана созылуын білдіреді: қазбала, қақпала, тықпала, сүйремеле, бастырмала, итермеле, көтермеле, өрмеле, тізбеле, жұлмала, бұрмала, кеспеле, үстемеле, термеле, үймеле, жаймала, сұқпала, сырмала. Мысалы, Аттылар мінбелеп келіп, түсіп жатыр (М.Ә.). Біріне-бірі сөз қосып, бірінен-бірі сөзді жұлып алып, бірін-бірі күймелеп, бірін-бірі итермелеп, үй толы жан бәрі сөйледі (Ғ.М.). Енді өмір өзі тықпалап тұр (Ғ.Мұст.).
4) –ғышта (-гіште, -қышта, -кіште) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді, бірақ қайталанудың сәл бәсеңдігі байқалады: тыққышта, барғышта, келгіште, тілгіште, бөлгіште, түйгіште, сүйгіште, үргіште, қойғышта, езгіште, сызғышта, сепкіште. Мысалы, Баланы түйгіштеп, сүйрей жөнелді (Ж.Т.). Біздің үйге тым келгіштеп кетіп еді, ниеті енді белгілі болды (С.Ж.).
5) –ыңқыра, -іңкіре (-ңқыра, -ңкіре) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді: сұраңқыра, алыңқыра, үйреңкіре, түсіңкіре, қосыңқыра, ішіңкіре, созыңқыра, жанышыңқыра, күтіңкіре, сызыңқыра. Мысалы, Уақытты созыңқырай түс, бәрі орнына келеді (С.Е.). Мұның үстіне қосыңқырасаңшы, тым аз ғой (С.Ж.).
6) –ымсыра, -імсіре (-мсыра, -мсіре) қимылдың жетімсіз, әлсіз екенін білдіреді: жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре. Мысалы, - Мені ала кетші, - деді ол жыламсырап (С.М.). Күлімсіреп келе жатқан қыз менің курстас досым болып шықты (Ж.Ж.).
7) –сы, -сі (-сын, -сін) жұрнағы жасалған қимылды жасаған боп көрінуді білдіреді: білгенсі, жазғансы, ұялғансып отыр, білгенсініп, өкінгенсініп, жымиғансынып қарады. Бұл жұрнақ есім сөзден туынды етістік жасағанда да осы мағынаны сақтайды. Мысалы, білігішсініп сөйледі, батырсынып көрінгісі келеді, ғалымсына қалыпты т.б.
Бұл жұрнақтарға келтірілген мысалдардың бәрінде қимылдың қалай өткені сипатталған, сондықтан олар осы категорияның көрсеткішіне жатады.
Бұл категорияның ең көп көрсеткіші – аналитикалық форманттар.
Қимылдың өту сипаты категориясы негізінен аналитикалық форманттар арқылы жасалады. Мысалы, - Сіз де сөйтесіз бе? – деген Дәурен қалжыңдаған болып (І.Е.). Бір сұмдықтың болғанын сезе қойдым (Ә.С.). Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Имақ Тоқпанов келе қалды ( С.М.). Мәкеш қолдарын қағып жіберді (Ғ.М.). Сонда еш жері сынбайды, жараланбайды, сүзіле береді (Ғ.М.). Бұлар осы кезде поселкенің жанына келіп, сөйлесіп тұрған (Е.Н.). Зәреміз енді тіпті қатты ұша бастады (І.Е.). Абай өз міндетіне алған жоқтау жырын жазып шықты (М.Ә.). Өкпем демігіп даусым әбден қарлығып болды (Ә.С.). Осы мысалдардағы –ған бол форманты жалған қимылды, -е қой, -а қал, -п жібер форманттары тез жасалған қимылды, -е бер форманты қимылдың қайталануын, созылуын білдірген. Яғни, етістік түбіріне қосылған аналитикалық форманттар қимылдың қалай жасалғанын және қимылдың жасалу кезеңі қандай сатыда екенін білдірген. Қимылдың жасалу тәсіліне қарай аналитикалық форманттардың мағынасы да әр түрлі болады. Бұл етістіктің қимылдың өту сипаты категориясының мағыналық құрамына байланысты.
Қимылдың өту сипаты категориясының мағынасы үлкен екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың жасалу тәсілі, 2) қимылдың жасалу сатысы мағыналары.
Достарыңызбен бөлісу: |