2.Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – «Қазақ тілі» пәнінің түпкі нәтижесі. Келісу, келіспеу эссесі. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту-бүгінгі заманның талабы. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.
Орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі пәнінің білім мазмұны құзіреттілік бағытына сай тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, практикалық маңызы, қатысымдық қызметін танытатын материалдармен жұмыс жасайды; оқушының оны өздігінен әрекет ете отырып игеруіне қажетті оқу жағдаяттары мен өмір шындығына сай құрылған қатысымға жетелейтін жұмыс түрлері жүйелі ұйымдастырылады; қазақ тілін оқытудың түпкі нәтижесі оқушыға ақпараттық, қатысымдық және проблеманы шешу құзіреттіліктерін меңгертуге бағытталған, онда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға қол жеткізіледі.Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – қазақ тілі сабақтарында оқушылардың өмірлік дағдыларын дамытудың басты шарты. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – оқушының танымдық-қатысымдық қабілеттерін дамытуға деген ішкі мүдделілігімен әлеуметтік сұранымды үйлестірудің жолы. Сондықтан оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін меңгертуде білім мазмұны аяларға бөлініп, қатысымдық, дара тұлғаға бағдарлай оқыту және сұқбаттық әдістер негізінде ұйымдастырылатын жағдаяттық, рөлдік ойын, шығармашылық тапсырмалар біртұтас әдістемелік жүйе түрінде жүзеге асырылып отыр.
Білім берудегі сауаттылық мәселесі, біріншіден, нақты бір елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына, екіншіден, мемлекеттің экономикалық дамуына, үшіншіден, елдегі мәдени ахуалға тәуелді болатындығы айқын. Бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Ғылыми еңбектерде сауаттылық ұғымының белгілі бір деңгейде ана тілінің грамматикалық нормаларына сай оқу, дұрыс жаза алу дағдыларын игеру екені байқалады.
Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана кеңейе түседі.
Функционалдық сауаттылық – тілдік тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім) өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі. Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда, грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.
Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы орайда, қазақ тілі пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Мұғалімнің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмірде өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін еңбегінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса,ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Оқушылардың сапалы білім алуына, өзгермелі ортаға тез бейімделе отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және өмірде аяғын нық басып, алдына мақсат қойып оны шешуге мүмкіндігі бар тұлғаны дамытуға жағдай туғызу — басты міндетім деп түсінемін.