Тілдің артқы таңдайға қарай жиырылып, бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар (а, ы, о, у) жасалса, оның (тілдің) таңдайдың алдыңғы жағына жуықтап айтылуынан жіңішке дауыстылар (ә,е, і, ө, ү) жасалады. Дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар (гуттураль) және жіңішке дауыстылар (палаталь) деп екі топқа бөліп қараудың түркі тілдерінде сингармонизм зандылығын (дауыстылардың үндесу заңдылығын) танып білуде үлкен мәні бар.
Ерін қатысына қарай дауыстылар еріндік және езулік болып екі топқа бөлінеді. Еріндік дауыстылар еріннің алға сүйірленуінен жасалса (о, ө, ү, ұ...), езулік дауыстылар еріннің кейін тартылып, езудің жиырылуынан жасалады (ы, і, е...).
Жақтың ашылу қалпына қарай дауысты дыбыстар ашық дауыстылар және қысаң дауыстылар болып екі топқа бөлінеді. Ашық дауыстылар жақтың кең ашылып, иектің төмен түсуінен жасалса (ә, а...), қысаң дауыстылар жақтың болар-болмас ашылуынан жасалады (ұ, ү, ы, і...). Ашық дауыстылар мен қысаң дауыстылардың аралығындағы дауыстылар- о, ө, е дыбыстары.
Дифтонгтар - дауыстылардың айрықша бір түрі. Дифтонг деген термин екі дауысты деген мағынаны білдіреді. Оның артикуляциясы да күрделі болады. Әрбір дифтонг дауысты дыбыстың элементінен басталып, дауыстының элементімен аяқталады да, екі дауыстының тіркесінен құралады.
Екі дауыстыдан дифтонгтың жасалуы үшін олардың (қос дауыстының) бір буынның ішінде кірігуі шарт. Екі дауысты дыбыс бір буынның ішінде кіріккенде, біреуі дауысты дыбыс болу қалпын сақтайды да, екіншісі редукцияланып (әлсіреп), буын құрай алмайтын дыбысқа айналады.
Түркі тілдерінің фонетикалық заңы бойынша жу-ар, су-ат, ки-ер, ки-ім сияқты сөздер жу-уар, сұ-уат, кі-йер, кі-йім түрінде ғана буынға бөліне алады. Бұл да болса, у, и арқылы айтылатын фонемалардың әрқайсысы екі элементті (қосарлы) фонема екендігін айкын байқатып отыр.
Тіл білімінде дауысты дыбыстар жүйесі вокализм (vocdis- латын тілінде дауысты) деген терминмен де аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |