4-сұрақ. Н. Хрущевтың билікке келуі және оның «жылымығы». 1956 жылы 14 ақпанда Мәскеуде КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С. Хрущев бастаған Комунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелеп, талдау жасауға тырысты. «Жеке басқа табынушылық және оның салдары» туралы мәселе ақпанда съездің жабық мәжілісінде көтеріліп, съезд өткен соң жарты жылдан кейін, 30 маусымда «Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою жөнінде» қаулы қабылданды. Н.С. Хрущевтің ХХ съездегі Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеу туралы баяндамасының толық мәтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді.
Тарихта «жылымық» деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйе босаңси бастады. КСРО ішкі және сыртқы саясатында біршама қатаң саясаттан бас тарту принципін басшылыққа алып, шет мемлекеттермен, әсіресе капиталистік мемлекеттермен бірқатар келісімшарттар жасады.
Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, көрнекті партия қайраткерлері ақталды. 1954 жылы Е. Бекмаханов, Қ. Сәтпаев, М. Әуезов еліне оралды. Н.С. Хрущев Сталиндік жүйені сынға алса да оны толығымен жоя алмады.
Алайда тарихи шындық бұрынғыша қалып, Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов және т.б. Алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілмеді.
Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу – тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды.
1963 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастарынынң бір тобы Б. Тайжанов, С. Ақатаев, М. Тәтімов, М. Әуезов бас болып «Жас тұлпар» атты ұйым құрды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – қазақ жастарының ұлттық санасын ояту болды. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте және басқа жерлерде пайда болды.
Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Әсіресе, экономиканың әскери сұранысқа сай бейімделуі қоғамға теріс ықпалын тигізді.
1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық және қаржылық шығын әкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды.
Н.С. Хрущев мемлекеттің «коммунизмге өтуіне байланысты» жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылды. Бұл комиссияның жобасы 1977 жылы КСРО Конституциясын жасауда пайдаланылды.
5-сұрақ. 1966 ж. басталған экономикалық реформа алғашқы кезде оңды нәтижелер берді. Сегізінші бесжылдықтың жоспары орындалды. 1966 ж. Қазақстанда жоспарлаудың жаңа тәртібіне 11 өнеркәсіптік кәсіпорын көшті. 1970 ж. қарай жоспарлаудың жаңа жүйесі бойынша кәсіпорындардың 80 %-ы жұмыс істеді. 1970-1985 жж. республиканың индустриалдық қуатының айтарлықтай мөлшері байқалды. Өнеркәсіп дамуының қарқыны жаңа қалалардың (Рудный, Ақтау және т.б.) пайда болуына әкелді. Өнеркәсіптің дамуы мен мұнайлы аудандарды игеруге байланысты теміржолдар жедел салынды.
1961 ж. 12 сәуірде ғарышқа алғаш рет адамның ұшуы ғылым дамуындағы революциялық алға жылжудың белгісі болды. Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ғылыми-техникалық комитет республиканың Мемлекеттік жоспарлау комитетімен бірге республиканың өнеркәсіп салаларында жаңа техниканы енгізу жоспарын жасады. Өндірісті электрлендіру ғылыми-техникалық прогрестің басты бағыттарының бірі болды.
Шикізат бағыттылығымен сипатталған өнеркәсіптің біржақты құрылымы 60-70 жж. орталық министрліктер мен ведомстволардың үстемдігімен бекіді. 1970-1980 жж. ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде КСРО басшылығының ірі ауқымдағы шешімдерімен ерекшеленді. Соған сәйкес, ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту, өндірісті күшейту, мамандандыру және шоғырландыру қарастырылды. Шаруаларды еңбек нәтижелерінен айыру үрдісі жойылмауы себепті бұл шешімдер күткен нәтижелер бермеді, ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік жоспарлы сатып алу тәжірибесі жалғасты. 1970 ж. республиканың ауыл шаруашылығының бірқатар еңбеккерлері шаруашылықтың қалыптасқан құрылымын өзгертуге әрекет жасады. Соның бірі И. Худенко болатын. Бірақ оның тиімді әдістемесі қабылданбады.
1980 жж. басында КСРО-да арнайы азық-түлік бағдарламасын жасау туралы шешім қабылданды. Осы жылдары ауыл шаруашылығындағы, аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің басқа салаларындағы өндірісті күшейту, ғылыми-техникалық прогресс базасында оны қайта құру әрекеттері байқалды. Алайда, бұл шаралардың барлығы басқарудың ескірген жүйесі деңгейінде өткізіліп, тоқырау сарқыншақтарынан айрылмады. Сол себепті көрсетілген шаралар тиісті нәтижесін бермеді.
1960-1970 жж. СОКП ұлт саясатының негізгі ережелерін қайта қарастыруға кезекті әрекет жасалды («Жас тұлпар» – Мұрат Әуезов, С.Ақатаев, М.Тәтімов және басқалары). 1970-1980 жж. саяси қарсылық жаппай болған жоқ (М.Құлмағамбетов, Х.Қожахметов). Өзгеше ойлайтындарға қарсы БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары), қоғамдық жиналыстар пайдаланылды. Қоғамдық ғылымдар коммунистік идеология деңгейінде дамуды жалғастырды (1975 ж. О. Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабына тыйым салынды).
СОКП ОК Саяси бюросының 1979 ж. Қазақстан аумағында неміс автономиясын құру туралы шешімі қазақ халқының мүдделерін ескермеудің көрсеткіші болды.
1970-1980 жж. бірыңғай мәдениеті мен ортақ тілі бар біртұтас кеңес халқына айналдырудың «халықтарды қосу» саясаты жалғастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |