Макроэволюция Макроэволюция – түрден де жоғары деңгейдегі (туыс, тұқымдас, отряд, класс, бөлім) таксондарының қалыптасуына ықпал ететін эволюциялық өзгерістер. Макроэволюция терминін тұңғыш рет Ю.А.Филипченко енгізіп, ал биологиялық алға басу жетістіктерінің негізгі жолдары туралы ілімді анықтап зерттеуде Алексей Николаевич Северцев үлкен үлес қосты. Оның теориясына сәйкес үш негізгі бағыт бар, олар: ароморфоз, идиоадаптация, дегенерация.
Биологиялық эволюция үдерісінің өзі – ағзалардың биологиялық алға басуға ұмтылысы, яғни тірі қалуға, тарихи мерзімінде сақталуға ұмтылу. Ал бұл үшін барынша көп мүмкіндігі бар таралу аймақтарын игеріп, өте көп мөлшерде ұрпақ беру керек. Негізгі эволюциялық бағыттар анықталып, сипатталды.
Ароморфоз – органикалық дүние дамуының негізгі эволюциялық бағыттарының бірі, қоршаған орта әсерлеріне байланысты тірі организмдердің құрылымдық және қызметтік жағынан күрделеніп, жоғары сатыға көтерілуі. Мысалы, бауырымен жорғалаушылардың арғы тектерінің сүтқоректі жануарларға айналу кезінде 3 камералы жүректен 4 камералы жүректің жетілу және т.б.
Бірқатар ароморфоздардан, жаңа класс, тип немесе бөлім қалыптастырып, жаңа мекен ортасын игерген соң әрекетті түрде орнығу үдерісі басталады. Әр алуан топтар нақтылы жағдайларға бейімделіп, бұрынғыдан да арнаулы бағытқа түсе бастайды. Ол идиоадаптация бұл ағзалардың нақтылы орта жағдайына аз-аздап, жеке бейімделуі.
Дегенерация – морфологиялық – физиологиялық кері кету. Бұ лағзалардың отырған күйде өмір немесе паразиттік тіршілікке көшуіне байланысты жекелеген мүшелері мен жүйелерінің жойылуы (редукция).
Микроэволюция(микро... және эволюция) – бір түрге жататын популяциялар ішінде жүретін әрі сол популяциялардың гендік қорының өзгеруіне және жаңа түрлердің пайда болуына алып келетін эволюциялық процестердің жиынтығы. Микроэволюция терминін ғылымға енгізген Ресей ғалымы Н.В. Тимофеев-Ресовский (1938 жылы). Микроэволюция мутациялық өзгергіштіктің негізінде табиғи сұрыпталудың нәтижесінде жүзеге асады. Микроэволюция негізінде эволюциялық факторлардың (мутация, миграция, оқшаулану, тіршілік үшін күрес, сұрыпталу, т.б.) әсерімен популяциядағы генотиптік құрамның өзгеруі нәтижесінде сол популяцияда жаңа түр пайда болады. Микроэволюция процесінің жүзеге асуына популяция санының ауытқуы, олардың арасындағы генетикалық ақпараттардың алмасуы, оқшаулану және гендердің ығысуы (дрейфі) әсер етеді. Микроэволюция тұтастай алғандағы биологиялық түрдің бүкіл гендік қорының өзгеруіне немесе кейбір популяцияның оқшаулануы кезінде ата-аналарынан өзгеше жаңа бір түрдің пайда болуына алып келеді. Микроэволюциялық зерттеулер нәтижелі болу үшін популяцияның генетик. құрылымы және оның динамикасы қарастырылады.