Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәдениетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, драма сияқты жанрлардың түгенденуі де ұлттық жазба әдебиетіміздің қалыптасу кезеңінен даму биігіне қарышты қадам жасағандығын әйгіледі. Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан «Алаш әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» делініп жүрген әдебиет идеялық жағынан да,тақырыптық жағынан да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тіліміздің бойындағы мүмкіндіктерді барынша көрсетуге, көркем әдебиет стилінің дамуына жағдай жасады. Алаш әдебиеті арқылы ұлттық сөз өнеріміз жаңа деңгейге жетіп, тіліміздің байлығы мен оралымдылығының, мағыналылығының, әлеуетінің мүмкіндіктері мол екендігін паш етті. Сайып келгенде, Алаш қозғалысының өзі сол қаламгерлердің шығармашылық жолын айқындады. М.Жұмабаев, Ж.аймауытов, М.Әуезов сияқты ұлы қаламгерлердің қалыптасуына шешуші ықпал етті. Бұған қоса Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Қалам ұстаған Алаш азаматтарының әдеби тілімізге жасаған осы тарихи еңбегі қазақ тілінің кейінгі өрістеу жолдарын айқындаған өнегелі, өміршең дәстүр болды. Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, бейнелілік тудыру, тілдің стильдік мүмкіндіктерін ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық ойлаудың биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Алаш әдебиетінің рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының қаламына қанат бітірді, осы рух Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинды тағы да қаншама қазақтың ұлыларын, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.
Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш зиялылары тілді, ұлтты сақтап қаларлық қуатты құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен шешендіктің, көсемдіктің, өнебойы отаршылдықта өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»-деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек,Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу»дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да еселеп артатындығына деп қоямыз. Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалын оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған ел», М.Тұрғынбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдини тарихымызда алғаш білдіргендер алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастырып, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына да ерекше назар аударды. Сондықтан да өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. Бұл орайда тағы да бір мәселені айта кеткеніміз жөн. Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы әдеби шыгармалар өрісті тақырыптардың біріне айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын. А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл тақырыбында жазылған тұнғыш көркем туындылар еді. Алаш қайраткерлерінің тіл турасындағы осы көкейкесті ойлары, рухани күресі азаттық алған бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етуде.